Бұдан қырық жыл бұрынғы ол құсап мен де бүгін үйден шықпаймын, өйткені кеш боп кетті әрі жауын жауып тұр, бүгін редакцияға барудың да қажеті жоқ, оның үстіне құйтақандай кабинетімнен шықпай, «рояль» атты машинкамды шықылдатып қана отыра беруге зауқым соғып тұр.
«Жауын жауып тұрғандықтан, мен бүгін үйден шықпаймын,– деп жазды күйеуіне Кэтрин Мэнсфилд 1918 жылдың 26 февралында. – Кешкісін «Балақайды» оқимын, сонан соң саған өз әсерлерім жайлы жазамын. Және әңгімемді аяқтап шығуға тырысамын. Ол саған ұнайтын шығар деп үміттімін. Бұл әңгіме менің бұрынғы жазғандарыма мүлдем ұқсамайды».
Мен де өз әңгімемді аяқтап шығуға талпынып көрем (егер ерте ме, кеш пе, әйтеуір, бір аяқтап шыға алатын болсам). Өйткені, көзімді қалай жұма қойсам, солай көз алдыма Ана Луиза, кішкентай негр қыз Ширинда мен мулат Жозе баяғы кездеріндегідей келе қалады; келе қалады да, есікті қағып тұрғандай болады. Олардан өзге мектепте, лицейде оқып жүрген кездерімде, одан кейін де сапарлас болған адамдарым көз алдымнан түк кетпейді.
Көп жандар, сөз жоқ, есімде қалмай із-түзсіз ұмыт болып кетті. Кейбіреулер есімді жарым-жартылай ғана қалыпты. Сіздердің мұндай ерекшелік жайлы ойланған-ойланбағандарыңызды қайдан білейін, меніңше, кейде әлдекімнің өмірі жайлы жазу үстелінің тартпасында мұқият қаттаулы жатқан бума-бума хаттардан гөрі шкафтың бір бұрышында ескерусіз қалған бос темір қораптың көбірек сыр шертетіні болады.
Мен әңгімелейін деп отырған бала өзі жайлы ешқандай ескерткіш қалдырмаған: кітаптың арасына салып кептіріп сақтаған жапырағы да, менің үстелімнің тартпасының түбінде жатқан бума-бума хаттары да жоқ. Мен тіпті оның өмірі жайлы да жартымды ешнәрсе білмеймін. Тек оның, әйтеуір, өмір сүргенін ғана білемін.
Ол кезде жетіден аспаған шағы-тын. Танадай көзі өткір, жібектей жұмсақ әрі қою, қап-қара қысқа тұлымы бар, әлжуаз, кілдіреп тұрған бала еді.
Ол көне архитектурамен салынған үйде тұрды, үйлерінің подвалы мен верандасы бар болатын, верандасының өзі жалтыраған қып-қызыл ағаш баспалдағы бар дәу фасадтың бүкіл өне бойын алып жататын.
Үйдің қасында көше жағын аласа ғана қоршаумен қорғалап қойған кішігірім бақ бар болатын. Дәп сол ашық верандада, иә көңілді бақта немесе көне архитектуралы үйдің бүкіл айналасын орап жатқан құмдауыт кең аулада таңғыз өзі ғана ойыншықтармен оңаша ойнап жүретін, қалайы солдаттарын жақ-жақ қып өзара соғыстыратын, пластмассадан жасалған автомобильдерін қолымен итеріп желдей жүйткітететін.
Әкесі мен шешесінің жалғыз ұлы өстіп ешбір дос-жарансыз өсіп жатты, өйткені оның ата-анасы көше балаларының айтқан былапыт сөздерін біздің баламыз сияқты жақсы тәрбие көрген бала естімеуге тиіс деп есептейтін; өзінің даңқсыз солдаттарынан, олардың атыс-тартысы жоқ соғыстарынан, ешбір қауіпсіз автомобильді қуалай беруден, бәрінен бұрын не ешкім жауап қатпайтын, не ештемеден жаңғырықпайтын өз даусынан-ақ мезі боп, бала кейде көпке дейін үнсіз, қимылсыз қалқиып отыратын да қалатын.
Дәп сөйтіп көңілін маужыр мұң басып, құмның үстінде қым-қуыт шашылып жатқан ойыншықтарын тұңғиық қара көздерімен селсоқ қана шолып отырған бір сәтінде балаға негр келіп тап бола кетті.
Негр ұзын бойлы әрі күшті, жалпақ бетті жайдары жүзіне көз шағылыстырған аппақ тістері жарасып тұратын жас жігіт еді. Ол баланың алдына тап сол күйінде келіп тұра қалды. Көше жақтағы қоршауға сүйеніп тұрып негр жігіт алты ішекті гитарасын шерте жөнелді.
Бұл зәңгі қайдан шыға келді? Аппақ тісті, жалпақ бетті, жайдары жүзді қара денелі адам қайдан пайда бола кетуінде бәлендей құпиялық жоқ еді: бар болғаны тек қашан көмір толтырған өтегі қызғанға дейін осы үйдегі кір жуатын әйел қоршауға сүйеніп тұрып көшеде кетіп бара жатқан таныстарымен әңгімелесе кеткенді ұнататын. Тұп-тура сол күні түсте гитарасын дыңғырлатып келіп әлгі жас негр кір жуушымен сөйлесе кеткен болатын.
Алайда бала ол жағлдайдың бәрін егжей-тегжейлі ұға алмады, ұқсам деп ойына да алмады. Балаға бұл кәдімгі әсем сағымға ұқсайтын, тым алдамшы, тым ғажайып құпия нәрсе болып көрінді. Баланың көз алдына әлгі сағым сағыныштан сарғайып, аяз қарығандай өңі қашып, жалғыздықтан әбден қалжыраған сәтінде, ол түгіл, бүкіл ауланың; үнсіз мылқау ойыншықтардың да мүлдем іші пысқан кезде пайда бола кетті. Ойда жоқта қарсы алдынан зор денелі, күшті негрдің соза күлген күлкісі, гитараның әсем, көңілді, сыңғыр-сыңғыр еткен үнімен қабаттаса шықты. Әлгі үн сиқырлап алғандай аузын ашып таңданып, көзі шарасынан шығып кете жаздап бақырайып, олив майының үлкендеу қалбырынан қолдан жасап алған гитарасын тартып тұрған негрге қарай бірте-бірте жақындай берді де, бір кезде бала оның бетіне қарап қалшиып қатты да қалды. Қалбырға тақтайдан кесіп мойын жалғапты, оған нағыз ішек болмағанмен, аспапқа таққан алты сымды ұстап тұратын бірнеше құлақ орнатыпты. Қатты тартып бұралған сымдарды қап-қара саусақтарымен бірде баяу, бірде екпіндете қағып, о, соноу теңіздің арғы бетінен әлдеқандай кеменің трюміне салып әкелген, іші сары алтындай майға толы қалбырдан қандай ғажап үндер шығарды десеңші!
Бұрын тек оңаша ойнап дағдыланған, ешқашан қасында серігі болып көрмеген балаға дәп сол күні үлкен дос пайда болды.
Сол күннен бастап әлгі негр балаға үнемі түс аса келіп тұратын болды. Қоршаудың қасына келіп жөндеп жайғасып алды да, гитараның қатты бұралған жіңішке шектерін бір-бірлеп термелеп шерте бастайды, оны көрген заматта-ақ бала да тас қоршауға қарай жүгіреді, соның үстіне шығып алып негрдің гитара шерткен қап-қара саусақтарының қимылына тәнті болып, өзін-өзі мүлде ұмытып, сүйсініп тыңдайды. Біраз шерткен соң тоқтап,зәңгі балаға қарады, сөйтті де күннің шұғыласында желбіреген жалауды елестеткендей етіп барынша риясыз жымиды. Бала да күлімсіреп жауап қайырды. Содан кейін бала одан білгісі келегннің бәрін сұрады, негр бәріне жауап берді, өз кезегі келгенде ол да баладан бәрін сұрады, қалайы солдаттары туралы, кішкене ойыншық машиналарын жарыстырғанкездегі жеңілістері жайлы – бәрін де түп-түгел сұрады.
Баланың шын көңілмен жауаптасуында, гитараның сыңғырлаған сергек үнінде, негр жігіттің сықылық атқан күлкісінде – соның бәрінде де таза, ақпейіл, достықтың негізі жатты.
Сүйсініп тыңдайтын балаға қолдан жасап алған гитарасын шертіп беру үшін қоршауға асылып күліп тұрған зор денелі зәңгіні бір күні баланың шешесі – сеньора кездейсоқ байқап қалды. Негрді сеньора келесі күні, одан арғы күні де әдейі келіп көрді. Сонан соңғы түнде сеньора күйеуіне адам шошырлық жаңалықтың бетін ашты: негрдің қаңғыбас қарақшы екендігінде дау жоқ, үйдің мән-жайын алыстан әбден көріп алмақшы, аңқау бала бүгін папам мен мамам киноға кетті деп айта салған бір күні үйді үптеп кету үшін, сондай сәтті кезеңді күтіп, бақтың қоршауы қасында баламен қасақана кешке дейін ойнап жұретін болуы керек.
Келесі күні өзінің мейірімді, шат күлкісін сонадайдан көрсетіп, қолдан жасап алған қалбыр гитарасын балаға шертіп, беру үшін қоршаудың қасына зәңгі келе берген кезде, оның жанына полицей жетіп келді, таңданып әрі қорқып шыға келгенін де жөндеп аңғара алмай қалды. Полицей зәңгінің қасына келіп тоқтады да, жай ғана қолын оның иығына салды, сөйтті де негрді өзімен бірге ертіп әкетті.
Көп кұндер өтті. Алғашында бала әлдекімді күтіп жүрген кісінің қылығын көрсетті: аула мен бақтың ішін үнемі ерсілі-қарсылы кезіп, қоршаудың үстінен асылып көшеге қарады, гитара асынған негр қай жақтан шыға келер екен деп минут сайын елегізумен болды. Содан кейін бірте-бірте оның бадана көздері байыпты күйге түсе бастады, сөйтіп қою бұйра шашты әлжуаз, нәзік бала өзінің жасыл пластмассадан жасалған автомобиліне, қызыл және көгілдір мундир киген қалайы солдаттарына қайта оралды.
Бірақ, бір күні оны кір жуушы әйел өзіне шақырып алып, әлдеқандай құпия қастандық жасайтын адамның сықпытымен сыбырлап: «Шш! Дабырлама,– деді,– қатты сөйлеме, сеньора естіп қояды...»
Бала әлгі үнемі қоршаудың қасына келіп гитара шертетін жігітті ұмытқан жоқ па? Есінде ме?
Дегбірі қалмай мазасызданып, көзі алақандай боп бақырайып, бала кір жуушының сөзін бар ынтасын салып тыңдады.
Есінде ме?
Кір жуатын әйел өткен түні негр жігіттің осы үйге келгенін айтты. Түрмеден шыққалы көп болыпты, бірақ сеньорадан қорқып келмей жүріпті. Өткен түні баланың жағдайын сұрап, қоштасып кету үшін ғана соғыпты, өйткені бүгін таңертең Трансваальға шахтаға барады екен.
О, құдайым-ай! Зәресі қалмай қорқып отырып, жан-жағына жалтақтап аса бір сақтықпен кір жуушы әйел балаға баяғы таныс гитараны алып көрсетті. Дәп сол баяғы тұрқы, олив майын салған дәу қалбырдан жасалған гитара, жұқа тақтайдан мойын орнатқан, қатты тартылған жіңішке сым ішегі бар. Шш! Осы гитараны беріп кету үшін ол осында келіпті. Шертіп үйренсін деп балаға тастап кетіпті... Оны бірақ кір жуушы әйел баланың қолына бере алмайды. Құдай оның бетін ары қылсын, кездейсоқ сеньора көріп қалса не болғаны! Онанда кір жуушы әйел жексенбі күні үйіне қайтқанда өзімен бірге ала кетіп, шоланға апарып, бұл гитараны тығып тастайды.
Алайда, бір ғажабы, жексенбі күні кір жуушы әйел гитараны тығып қойған жерінен қанша іздесе де таба алмай қойды. Таба алмады, сонымен тынды.
Үйдің астындағы өрмекшінің торы әбден шырмап тастаған подвалдың түкпіріне кіріп алып, үйіліп жатқан бос бөтелкелер мен ескі жәшік тақтайларының ортасында отырып ойнайтын жарасымсыз әдетке баланың қайдан үйір болғанын сеньора да, кір жуатын әйел де, басқалар да түк түсіне алмай қойды. Адам барып қарай алмайтын, тек қана баланың нәзік денесі азар сиятын бұрышқа тығылып алып, оның не ойнап жүргенін ақыры ешкім біле алмай-ақ қойды.
Ал бала болса, о, ол өзінің құпиясын, құпия болғанда да таңғажайып құпиясын ешнәрсеге бола жария етпес еді.
Аударған: Бексұлтан Нұржеке