Ең қорқыныштысы – суға аяғыңды сап тұрып ары қарай қозғалмау

Бір баланы анасы көлге қыдыртып апарады. Бала алғаш рет көлді көріп тұр. Жасы небары төртте. Көргеніне таң қалып, көңілі шат боп тұр. Аптап ыстық. Анасы сүлгісін жерге жайып, қолына кітабын алды. Баласына: «Суға аяғыңды салсаң болады, бірақ байқа, киімің су боп қалмасын, әйтпесе таяқ жейсің!» Ол шынымен таяқтар еді. Оның баламен қарым-қатынасы сондай болатын. Бала суға тобығынан кіріп тұрған еді, ары қарай қозғалуға қорықты. Су мөп-мөлдір, салқын, «кел-кел» деп шақырады. Басқа балалардың бәрі асыр сап ойнап, судың шетінде құлдыраңдап шапқылап, күлкіге қарық боп жүр. Бала болса, суға кіруін кірді де, тырп етіп қозғалуға қорықты. Бұның киіміне су тигізуім ықтимал балалардан да қорықты. Жаздың аспаны шайдай ашық жарқын күні еді.

Өмірдің қуанышын осылайша улайды. Саған бірдеңе бергендей, бірақ ештеңеге қол тигізуге болмайды. Былғанып қаласың, су боп қалады, күткенін істемесең сенен көңілі қалады, ренжиді, не төбеңнен бір қояды. Ескерткіш құсап қақиып тұруың керек. Сосын сені қолыңнан ұстайды да көлден үйге жетектеп кете барады. Қандай жақсы баласың деп мақтап қоятыны ше? Бар тапқаның, таяқ жемей, аман қаласың. «Пах, сен менің көңілімді қалдырмадың» дер.

Айналаңызға қараңызшы?! Көп адам осылай өмірін өткізіп жатыр. Күн ыстықта тобықтан көлге кіреді де, ары қарай қозғалмайды. Киімін сулауға қорқады. Бірдеңені басқаша істеп қоюға үркеді.

Мені де бала күнімде аулаға аппақ жүн жемпір кигізіп қоя берді. Ол кезде бұл өте қымбат дүние еді. Шешем де абайлап жүр, былғап алма деген. Шамам келгенше таза жүруге тырыстым. Бірақ, ойыным ойын болмады. Үнемі абайлап жүру керек еді. Дегенмен, бағыма орай бірден шалшыққа құладым да, бастан-аяқ балшыққа былғанып шыға келдім. Бақырып жылап, үйге қайтып келдім. Шамамен, менің де жасым төртте. Аулада емін-еркін ойнап жүре беруші едік. Онда тұрған не бар? Шешем не болғанын сұрады. Еш жерің ауырып қалмады ма деді. Сосын ваннаға кіргізіп, мені жуындырды. Жүн жемпірді жуып тастады. Ол сұп-сұр боп отырып қалды. Менің аю ойыншығыма тұп-тура болды. Былайынша, ештеңе бола қойған жоқ. Әрине, анамның көңілі түскен болу керек. Ол заманда жақсы киім деген сирек болатын.

Өмір сүрген адамның былғанбай жүруі, құламай қалуы мүмкін емес. Адам деген көлге кеп тұрып шалбарды су қылмай, бұзықтардан таяқ жемей, ойыншықты жоғалтпай тұрмайды. Ұйқысынан оянбайтын адамдар ғана қателік жасамайды. Құламайды. Көлге барып тұрып салқын суына ішкиімді суламай түсу мүмкін емес. Өмірде бәрі болады. Бәрінен сақтанып, аппақ пәк қалпыңды сақтап қалу әсте мүмкін емес. Егер шындап өмір сүрсең.

Дегенмен, көп адам сәтсіздіктен қорқады. Құлаудан сескенеді. Қозғалуға қорыққаннан бір орында тапжылмай жылдар бойы тұра береді. Жанынан күліп өткенге, су шашқанға кіжініп қарайды. Сосын мұндайларды Әзірейіл қолынан жетектеп ертіп кетеді. Олар болса көгілдір көлге жалтақтап қарап кете барады. Шалшыққа да қызығып қарайды. Шалшыққа құлау қандай? Ол да қызық қой. Сосын аппақ бөзге орап ағаш табытқа сап көмеді. Аппақ әлемге аттанады.

Өмірді қазір сүріңіз. «Түк етпейді» дегенді көп айтамын. Алдыма келген пациенттің бәріне соны айтамын. Егер шын мәнінде қорқынышты ештеңе болмаса. Құласаң құлаған шығарсың, былғанған шығарсың, бір жеріңді ауыртып алған шығарсың, онда тұрған не бар? Бәрі өтеді. Ең қорқыныштысы суға аяғыңды сап тұрып ары қарай қозғалмау. Қозғалуға қорқу. Судың бетінен өзіңнің қартайған әжім-әжім бетіңді көру...

А.В.Кирьянова
Аударған Шынар Әбілда