Азын-аулақ жүгімді буып-түйіп, менің сонау қиыр солтүстікке тартып отыруым соншалық ашынғандықтан емес еді. Бұл әрекетке мені итермелеген отаныма деегн сүйіспеншілігім. Ілулі тұрған зәулім плакаттар отан сүю сезімімнің жекіліксіз екенін қайта-қайта бетіме баса берді. Барлық қабырғадан қара және алтын түсті әріптер жүргіншілерге жаутаңдап қарайтын. Сол плакаттарды іліп қойғаннан кейін-ақ мен өзімді ел алдында борыштар сияқты сезіне бастадым.
Менің білім дәрежем шенеунік не ұсақ қулықтың шебері болып шығуыма жартымсыздық етті, онымен қоймай қара жұмысқа жалдануыма да кесірін тигізді. Бастауыш мектепті бітіріп, одан орта мектепке көшуді, сонан соң колледжде оқуды қандай армандап едім! Әттең, оның бәрін менің қалтам қайдан көтерсін. Тым құрыса, бесінші класқа да жетіп жығылмадым.
Еліме пайда келтірсем-ау деп ылғи ойлайтынмын, бірақ сонда да әлгі плакаттар пайда болғанға дейін өз орнымды таба алмай дал болып жүретінмін. «Жастар, солтүстік шақырады! – делінген плакатта. – Отанға қажетсіңдер. Сендерді кең болашақ, құлақ естімеген мүмкіндіктер, ерлікке лайық ерен істер күтеді». Плакаттарды мемлекеттік эмблемамен әшекейлеп қойғандықтан, ол сөздер тіпті әсерлі сезілетін.
Ол плакаттарға ешкімнің шынайы мән беріп, көңіл аудармауы мені кәдімгідей таң қалдырып жүрді. «Тоңазытқышы бар, жайлы жағдайы бар астанадан құдай қараған шөлейтке барамыз ба? Неге бола?» – дейтін шығар.
Қандай ұятсыздар! Менімен тек өз інім ғана ниеттес шықты. Ақыры, сол жоғары мұратқа шексіз берілгендік бір күні таңертең інім екеуміздің вокзалға да жетектеп әкелді. Билетті біз ең ерте жүретін поезға алмақ болдық. Сөйтіп өмірімізде төтенше маңызы бар қадам бастық.
Інім екеуміз қатты толқу үстінде болғанымыз айтпаса да түсінікті. Мен жолдың ең соңына дейін екі билет сұрап едім, кассир күлімдей бұрылып, бетіме бір түрлі ерсілеу қарады.
– Соңына дейін бе? – деп қайта сұрады. – Сонда қайда?
– Немене, білмейсіз бе? – деп таңдандым.
– Бірнеше соңғы станция бар. Сізге соның қайсысы керек?
– Мен солтүстік линияның ең соңғысын айтып тұрмын.
Кассир тыржың ете қалды.
– Оныңыз дәл шекара ғой!
– Солай, солай, – деп мен қуанып қалдым, – екі билет беріп жіберіңіз.
Кассирдің таңданысы шегіне жетті.
– Деніңіз сау ма өзі, мистер?
– Менен қам жемеңі, мына өзіңіздің деніңіз сау ма, онан да соны ойлаңыз. Әлде ана плакаттарды көрмедіңіз бе? – Ренжіп жақынырақ деген қабырғаны нұсқап қолымды шошайттым.
– Ә, анау... иә, иә. Демек, шекараға дейін ғой?
– Дәп өзі. Поезд қашан?
Ол маған екі билетті беріп жатып немқұрайды ғана платформа жақты нұсқады.
– Асығыңыз. Поезд үш минуттан кейін жүреді.
Билеттерді ала сап мен ініме қарай ұша жөнелдім.
– Қайда жоғалып кеттің? Біздің поезд қашан? – Оның даусынан әлдебір қобалжу байқағандай болдым.
Оның бетіне зілдене қарадым.
– Тез, үш-ақ минут қалды.
Платформаның үстімен жүгірген бойы келіп вагонға секіріп шықтық. Дүйсенбі базар күні болып есептелінбегенмен, адам өтетін жолда оны-мұны сатушылар иін тірестіріп тұр екен. Жүргіншілер араларымен сығылысып өткенде қағып кеткен бос себеттер сықыр-сықыр етеді.
Біз терлеп-тепшіген әйелдердің, қайдағы бір теңдер мен бау-бау қант қамыстарының ортасынан өлгенде әрең өттік. Кенет, інім:
– Мен ешқайда да бармаймын! – деп, ойда жоқта бұзылды да қалды.
Сөйтті де қасында тұрған алыпсатар әйелді ұшырып түсіре жаздап жалт бұрылды.
– Не болды?
– Сол. Айныдым. Қиыр шет. Онда барғанда бізді не күтіп тұрғанын кім біледі.
– Қорықтың ғой! – Мен өзімнің оған деген бүкіл жек көрінішімді бет әлпетіммен білдіруге тырыстым. – Жұрт қатарына қосылып, отаныңа пайда келтіргің келмейді ғой. Әлгі сенің мақтан етіп жүрген патриотизмің осы ма? Жап аузыңды. Бәрі де түсінікті. Бармайсың ба, ендеше, жоғал!
Бірақ кеш қалды. Інім адамдардың арасымен сығылысып сыртқа шығып үлгергенше, поездың жүрісі үдеп кетті. Енді екеуміз амалсыз орын іздей бастадық. Бақытымызға қарай, бір босырақ купеге тап келе қалдық. Онда тек әйел жынысынан ашық кенте киген үш адам, сонан соң қымбат костюмді егделеу еркек отыр екен, сірә, сыңайына қарағанда, ауқатты фермер болуы керек. Інім екеуміз қастарына кеп отырған соң, еркек бізге жымия қарап жылы шырай білдірді, әңгімелесіп отыруға серік көбейгеніне дән риза сияқты.
– Алысқа жүрдіңдер ме? – деді сәл үнсіздіктен соң.
– Жер түбіне десе де болады, – деді інім мықылдай күліп.
– Шекараға, – дедім мен інімнің жауабын жатықтай түсіп.
Бей-жай ғана терезеден сыртқа үңіліп отырған әйелдер бізге жалт-жалт қарасты. кәдімгідей ыңғайсызданып қалдым. Солтүстік деген бейне бұларға басқа планета сияқты.
– Өздеріңіз қайда кетіп барасыздар? – дедім жөндерін білгім кеп.
– Үйімізге, фермаға. Осы арадан жүз алпыс миль. Мынау – әйелім, анау – қыздарым. Мейрамда астанаға келіп едік, көңіл көтеруіміз жаман болмады. – Әйелі мен қыздары құптап бастарын изеді. – Он жылдың ішінде қала қаншалықты өзгеріп кеткен! Таң қаласың. Сеңдей соғылысқан жұрт, у-шу, араның ұясынша гу-гу етеді. Бәрі әлдеқайда асығып барады, бәрінің уақыты жоқ. Бұрынғыға жету қайда! Қарттар бірақ қашанда бірдемеге риза бомлай жүреді.
Соны айтты да жымың етіп қойды. Жауап қылғандай, мен де оған күлімсірей қарадым.
– Сөйтіп, терістікке кетіп барамыз деңдер. Немене, өздерің со жақтікімісіңдер?
– Жоға, біз астанада туғамыз, терістікке тек мақсатымызға жетіп, отанға қолқабысымызды тигізу үшін ғана кетіп барамыз.
– Оларың дұрыс, ал ол жақта таныстарың бар ма?
– Жоқ, бірақ түк емес. Бәрінің де реті табылады.
– Өжет балалар екенсіңдер. – Фермер ойлана сөйлеп, қыздары жаққа бір көз тастап қойды. – Маған сендер сияқты күйеу балалар кез келсе ғой, еш қам жемей-ақ өле берер едім. Күллі шаруашылығым кімге қалады?.. Эх, тағы тантып кеттім білем...
Ол терезеге қарай теріс айналып үнсіз отырып қалды. Алтты сағаттан кейін поезд бір станцияға тоқтады, фермер күллі семьясымен сонда түсіп қалды. Есіктен шығып бара жатып:
– Жолдарың болсын! Әттең, сендердің жастықтарыңды маған берсеші... қайтып оралғандай бослаңдар, бізге соға кетіңдер. Қуана қарсы аламыз! – деді де, есікті тарс жапты.
– Қой, осында қалайық, – деді інім әлгі сөзге қобалжып. – Шал қыздарын береді, фермасы бізге өтеді.
Мен оның сөзін жауапсыз қалдырдым, бірақ іштей: қазір осалдық жасап қойсам, кейін ғұмыр бойы өзімді жазғырып өтермін деп ойладым.
– Бол, – деп, інім мазамды алып барады, – тез шеш!
– Бәрі шешілген, ақырына дейін барамыз. Түкірдім оның фермасына!
Інім қабағын шытты. Поезд станциядан жүріп кетті. Содан барар жерімізге жеткенше екеуміз де үндемедік.
Қызығуымды зорға тежеп, інімді алдымен жібердім де, оған чемоданды берген соң барып, жерге секіріп түстім.
– Қарашы, перронда тірі жан байқалмайды,– деді інім.
– Мүмкін емес!
– Вагондарда да тірі пенде көрінбейді!
– Жетер енді! – дедім жорта мән бермегенсіп. Жүрексінбе, чемоданды ұста, кеттік!
Жүктерді көтеріп, ол поезды бойлай жүрді. Мен жан-жағыма қарадым. Расында да айналамызда адам баласы көрінбейді. Соның арасынша інімнің мені шақырған дауысы қатты шығып кетті. Чемоданды көтере сап солай қарай жеделдете жүрдім. Жартылай кесілген ағаштың қасында інім жынды кісіше қарқ-қарқ күліп тұр.
– Біліп ем, бәсе, бір қулығы бар шығар-ақ деп күдіктеніп-ем. Қара енді!
қара әріптермен қалай болса солай шимайлап жазған плакатты ағашқа әншейін ғана іле сапты. Ресми эмблемасы жоқ болғанмен, баяғы ұран сол жігерліқ алпында тұр.
– Міне, саған керек болса, – дедім қарлыға сыбырлап. Қатырды!
Інім фермер мен оның қыздары жайында бірдемелерді айтып жатты, бірақ оның бірі де құлағыма кірмеді, екі көзімді плакаттан ала алмадым:
«Жастар, сендерді оңтүстік күтуде. Еліңе көмек етуге асығыңдар!»
Аударған: Бексұлтан Нұржекеев