- Негізгі бет
- Аударма
- Дұға тілеу. Антуан...
Дұға тілеу. Антуан де Сент-Экзюпери
"Тәңірім, мен сенен тосын сый мен бақыт қиялын емес, әр күннің қуаттылығы мен даралығын сұраймын. Кішкене адымдардың, қадам жасаудың өнеріне үйретші.
Әр күннің әр алуан сәтінде ашылған жаңалықтар мен қуантып, толқытқан жұмыстарға уақытылы көз тастау үшін тапқыр әрі табанды жанға айналдыршы.
Өз өмірімнің уақыттарын дұрыс бөліп жұмсауыма үйретші. Мәні жоғары, мәні төмен нәрселерді айыра білу үшін нәзік сезімталдық сыйлашы.
Мен сенен өмірде ұшып-қонбай, құлап-сүрінбей, күні бойына өмір ағысын ақыл-оймен жоспарлауға, биіктерді көре алуға, алыстарға көз жеткізуге және ара-тұра өнерден ләззат алуға уақыт табу үшін ұстамдылық пен өлшем бірлігін сұраймын.
Армандардың қол ұшын соза алмайтынын түсінуге көмектесші. Алыс күннің де, жақын күннің армандары да. Осы жерде, осы қазір, осы минуттарда болып жатқан нәрселерді ең маңызды уақыттар деп бағалауыма көмектесші.
Мені өмірдегі барлығы жақсы болуы тиіс, өз орнында болады деген сенімнен сақташы. Ауыртпалықтар мен жеңілістердің, күйреулер мен сәтсіздіктердің өмірдің әдеттегі қарапайым көрінісі екенін, солардың арқасында өсіп, жетілетінімізді білу үшін маған тұнық сана-сезім сыйлашы.
Жүректің жиі пайым-парасатпен дауласатынын еске салып тұршы.
Қажет тұста көз алдыма шындықты айтуға ерлігі жететін, мұнысын жақсы көре тұрып жеткізетін бір жанды жолықтыршы.
Көптеген қиындықтардың өздігінен шешілетінін, ешнәрсе істеместен бітетінін білемін, ендеше мені төзімге үйретші.
Біздердің достыққа қаншалықты зәру екенімізді сен білесің ғой. Онда маған осы бір Тағдырдың керемет әрі ғаламат сыйына лайықты болуыма мүмкіндік бер.
Қажет сәтінде, керек уақытында, қажет тұста, керек орында үнсіз немесе сөйлей отырып қай жанға болса да зәру жылулықты сыйлай алуым үшін бай қиял бер.
Тым "төменде" орын тепкендермен орын ауыстыра алатын жанға айналдыр. Қол ұшын беру үшін есік қағып бара алатын жанға айналдыршы.
Өмірдегі бар-жоқты өткізіп алу қорқынышынан сақташы.
Өзім тілегенді емес, өзіме шындап керек болған нәрсені берші.
Мені кішкене адымдардың, қадам жасаудың өнеріне үйретші."
Антуан де Сент-Экзюпери
Аударған: Әкежан Дәкен
сурет: ulsanchurch.cafe24.com
Л. Лига