Жазушының шағын әңгімесі назарларыңызда.
***
Болан Фридрих
Даяшының қулығы
Көлігін айдап, Техас штатының батыс бөлігіне саяхаттай шыққан Джорж түн ортасында шағын бір қалашыққа келіп тоқтады.
Әрі ашығып, әрі болдырған ол жол шетіндегі шағын тағамжайға кірген. Көп өтпей бірі биіктеу, бірі аласа екі адам кіріп келді. Ұзынтұра есіктен кіре сала даяшыға «Екі стақан кофе және бір жол картасын тауып кел», - деді дауыстап.
Даяшы кофені апарып қойған соң, суырмадан бір дана жол картасын алып шығып, ұзынтұраға берді де, ғафу өтінген әлпетпен: «Бұл карта сәл көнерген, қажеттеріңізге жарар ма екен?» дегенді қосып қойды.
Ұзынтұра картаны жаймалап ашып, үңіле бір сәт қарады. Сәлден соң, бір өзеннің сызба белгісін нұсқап, аласа бойлыға қабағын түйіп: «Авангард өзеніне көпір де, өткел де жоқ екен, бауырым, Мексикаға барар жолдың жоқ болғанын қарашы!» деді өкінген әлпетте. Мұны естіген даяшы сөзге араласты:
- Мырза, Авангард өзеніне көпір бар еді.
- Картада қалайша белгісі көрсетілмеген?
- Жарты жылдың алдында үкімет Авангард өзеніне бір көпір салған болатын, көпірден өтіп, түстікті бетке алсаңыз болғаны Мексикаға жетіп барасыз, мына көріп отырғандарыңыз екі жылдың алдында басылған ескі карта. Ол кезде бұл көпір әлі салынбаған еді. Менде бір жаңа жол картасы бар еді, бірнеше күннің алдында біреу сатып алып еді, - деді даяшы.
«Ха, ха, ха! Көпір болғаны қандай жақсы болды», - деді ұзынтұра серігіне ым қаға сөйлеп. Басын изеген аласа бойлысы кофесін бір-ақ жұтып салды. Іле-шала ұзынтұра екеуі бірдей қалтасынан қаруларын суырып-суырып алды да айқайлай жөнлді.
- Ақшаларыңды түгел алып шығыңдар!!!
Осы екі тонаушыны қоспағанда, тағамжайда тек даяшы мен Джорж екеуі ғана еді. Джорж шарасыздан олардың айтқандарын екі етпей орындап жатыр. Ал даяшы тұрған орнында қозғалған да жоқ. Ұзынтұра ызғарлана мырс етті де, қаруын даяшыға кезеніп, серігіне тағамжайдың ақшасын алып шығуға ым жасады. Аласа болйы лезде ақтарып жүріп, суырмадағы ақшаның бәрін алды. Одан соң, телефон сымын жұлып тастап, телефонды қиратып кетті.
Алар ақшасын алған екеу тағамжайдан жүгіре шығып, сыртқа тоқтатылған автокөліктеріне мінді де, зымыраған бойда ұзап кетті.
Олар кеткен бойда даяшы жалма-жан жаңағы үзілген телефонды жөндей бастады. Біраз алысып, телефонды зорға жөндеген ол дереу милицияға хабар берді.
- Енді еш қажеті қалған жоқ! Олар әлдеқашан көпірден өтіп, Мексикаға жетіп те қалған болар, - деді зорлана жымиған Джорж.
- Олар ешқайда қашып кете алмайды, - деді даяшы аса сенімді бейнеде, сөзін күле жалғап, - Олар картаны көріп отырған сәтте-ақ жандарында қаруы бар, қашқын қылмыскерлер екенін байқағанмын.
- Олардың жан ниетіне орай жаңадан салынған көпірді де айтып салдың ғой. Сезіп-біле тұрып, маған неге ескерту жасамағансың! Тағы қашып кете алмайды дейсің, - деді әбден зығырданы қайнаған Джорж.
- Әрине, өйткені жақын маңдағы Авангард өзенінде ешқандай да көпір жоқ, - деді күлімсіреген даяшы.
Аударған: Алшын Матай
Сурет: baidu.com