Нобель сыйлығының лауреаты, Чили халқының ақыны Пабло Неруда есімі қазақ оқырмандарына жақсы таныс. Ол 1953 жылы «Халықтар арасындағы бейбітшілікті нығайтқаны үшін» Халықаралық Лениндік сыйлықтың иегері атанған.
Пабло Неруда өлеңдерін белгілі ақын Әділбек Абайділданов аудармасында назарларыңызға ұсынамыз.
ЛОНКОЧЕ ДАЛАСЫНЫҢ ЖҰПАРЫ
Әзірейіл иемденді мынау жерді мұң басқан,
Тауды сырып, жинап алды желкілдеген егінді;
Тырнағымен қазып жердің бетін жыртып тынбастан,
Саялы ағаш далалықтың қабырғасы сөгілді.
Топырақтың үйіндісі бас көтерді шетінен;
Төбелер де жалбарынған алақан боп ашылды.
Салт атты бір мас адамдай, шапқылаған бетімен,
Аспаннан да, құдайдан да бұлттар босып жосылды.
Тасқын орып ақтарылған қарнын сүйреп, аулаққа
Селден қашып барады жер, басы-көзін су басып.
Поезд біткен қара кеште зымырады жан-жаққа,
Өкіріп кеп, жолбарыстай азан-қазан шуласып.
Мен – сөзімін сұры қашқан осынау бір пейзаждың,
Жүрегімін қаңыраған аспан асты – күмбездің;
Кең даланың самалына жанымды ашып бой жаздым,
Өзен шулап өн бойымды қанымменен бір кезді.
Қайда кетіп барасың сен? Жұлдыз шамы жанбаған,
Кеңістікті орап алған көгілдір түн құшағы.
Лонкоче даласынан, сусыным бір қанбаған,
Жұпар қалқып, көзім алдын көлегейлеп құшады.
ҰЙҚЫСЫЗДЫҚ
Түн ішінде сұраймын мен өзімнен:
Не болады Чилиім,
Не болады менің байқұс отаным?
Соншалықты сүйемін мен мынау көркем кемені,
Құбақан жер, құжыр тасты,
Ақ көбікпен жуынған
Жағалаудың мәңгі тірі гүлдерін;
Біргемін мен менің әзиз жеріммен
Және оның бар баласын таныдым,
Тарихы оның мен арқылы өтеді,
Әрі жылап, әрі гүлдеп жылма-жыл.
Қауіп толы, күдік толы жыл өтті,
Артта қалды қан төккізген қателік,
Қайтадан біз бойға жинай бастадық
Жақсылығын, әділетін өмірдің,-
Бірақ тағы қауіп-қатер туғанын,
Кегіміздің қайнағанын қайтадан
Бүгін қайта сезінем.
ҚАРҒЫС
Оу, Отан, ант етемін,
Күлді жарып шығасың сен,
Сембес гүлсің, сарқылмас суда тұрған.
Ауызыңнан, кезерген шөлдеп әбден,
Нан ұшады жапырақтап.
Морокколық және де жалдамшыға
Есігіңді ашатын сәтті күткен,
Қолына істік алып, балта ұстап
Жеріңе келгендерге қарғыс жаусын.
Қарашы өзің шам ұстап жарық күнде:
Қара жер мейілінше қанға бөккен,
От мұжыған шашылып жатыр сүйек,-
Киімі бұл Испанияның.
Отаныма,
Тірнектеп терін төккен байғұс атам,
Әкелген нан орнына көздің жасын
Қарақшыға қарғыс атам.
ЖӘБІР ШЕККЕН ЖЕР
Өлкелер, әбден жаншылған азаптан,
Құмырсқа тірлік, мылқау үнсіздік,
Қожыр құздар, құлаған, мұжылған,
Егістік орны – қызыл қан.
Шалқар Галисия, мөп-мөлдір,
Бүгінде тұз татыған көздің сор жасынан,
Есінен айрылған аналар,
Жас туған сәбиін тастаған шыңдардың басынан.
Эстремадура – қан аққан жиегі жараның,
Ажалдың соқасы,
Жыртқан ақ төсін даланың.
Көз жасы, қайғы, ыза, кек,
Адамдар есінен адасқан, ашынған,
Жол бойы – шаң басқан қойтастар,
Сүйектер шашылған.
Соншама өлім, соншама қайғы,
Осынша сұмдық – жыртқыштың жолы жорытқан;
Жеңіске жетіп, уақыт өтіп,
Теңізбен тіпті жусаң да,
Арылып бітпес толық қан.
КІТАПТАР
Махаббат пен уақыт тудырады кітапты,
Болмаса онда елдер, ыстық сүюлер,
Білектерін күш кернеген адамдар,
Әрбір оның тамшысында мөлдіреген әйелдер,
Болмаса аштық, ашу мен жол, ақ тілеу,-
Қоңырау да, қорған да бола алмайды ол кітап.
Ол кітаптың аузы бітеу, көзі жоқ,
Өлі дүние ол,
Көне өсиет уағызы секілді.
Құшақтасқан құштарлықты сүюші ем,
Махаббаттан ыстық қаннан жыр таптым.
Қатал жерде өсірдім мен нәзік гүл,
Сол гүл үшін шық күресті отпенен.
Алға аттауда, ән салуда осы болды мақсатым.
Ұқсас жазба:
Пабло Неруданың белгісіз болған 20 поэмасы табылды
Сурет: deliasofia.com