- Негізгі бет
- Аударма
- Чили ақыны Габриэла...
Чили ақыны Габриэла Мистраль өлеңдері
Латын Америкасынан шыққан алғашқы Нобель сыйлығының иегері, Чили халқының ақыны Габриэла Мистраль 1889—1957 жылдар арасында өмір сүрген.
Чилилік ақын қыз барлық Латын Америкасы үшін адам мұратының символына айналып, шығармаларындағы шыншылдық сезімі үшін Нобель сыйлығын иеленген.
Габриэла Мистраль өлеңдерін белгілі ақын Әділбек Абайділданов аудармасында назарларыңызға ұсынамыз.
ОСОРНА ВУЛКАНЫ
Өзіңе өзің сақпанмен,
Осорно, тасты атасың.
Өлкеге, мынау жатқан кең,
Руға басшы, атасың.
Индеецтің көзін қарыған
Жарқыл от – бұғы, қар маңдай,
Қалпында тап бір қарпыған
Аязбен қатып қалғандай.
Жебеушім, Түстік вулканы,
Сендік боп кеттім бөгде мен.
Туғандай болдың, жыр таңым
Атқандай болды кеудеңнен.
Қайда да енді біргесің,
Жанымды алдың билеп сен;
Маңыңда жүрмін сақшың боп,
Кеудемде тұрсың гүлдеп сен.
Сөнесің көзде алаулап,
Жұлдыздай аққан көктегі.
Льянкиуэ суы сен аунап,
Салаңда орман көктеді.
От – ізгі, біздің іште де ол
Лаулайды сендей, куәміз.
Отын біз индеец жерінің
Туғанда ала туамыз.
Халқыңды құтқар қапастан,
Өлкеңді аман сақташы;
Жол көрсет теңізшілерге,
Белгі етсін сені бақташы.
Осорно, қартым айбынды,
Қуатың істе қолдасын;
Еңсесін көтер әйелдің,
Даңққа бөле ер басын.
Қуала мүлдем аштықты,
Өңірді толтыр егінге;
Жерге үйрет мырзалығыңды
Сайрасын құсың көгіңде,
Ерікті шыңда отыңмен,
Еріт сен мұзын жүректің.
Жеңіліс уын өрте де,
Туын тік біздік тілектің.
Осорно, тастың ащы үні,
Отты жыр, қатқан тас болып,
Ажалды, сорды қуала,
Жүрмесін көзге жас толып!
ҚАЙСАР ӘЙЕЛ
Көлеңке боп кірдің сен өміріме.
Жүзің әбден тотыққан, сорың басым.
Бала кезім, бал аққан өңір, міне,
Ал сен болсаң соқаның соңындасың.
Кір-қожалақ бір мас жүр трактирде,
Адамыңның сиқы сол жүкті болған.
Өртесе де бетіңді ұят мүлде,
Ырыздық дән шүмектеп шықты қолдан.
Егін ордың январьда ұлың үшін,
Көзімде – мұң, қараймын жылып ішім,
Тұлғаң сұлу, керемет дене сынды.
Аяғыңды сүйер ем күндей көріп:
Жоқ ақсүйек әйелде мұндай көрік;
Күні бүгін жыр етем елесіңді.
ЖЕР
Чилидің жерін таптаймыз,
Гүлден де нәзік ол тегінде;
Бұл жерде туған адамның
Зілі жоқ жүрек, тілінде.
Жайқалған бақша жері бұл,
Құтты жер, алтын қырмандай,
Жүзімнің жері мөлдіреп,
Аяғыңды өбіп тұрғандай.
Сеніммен қыста күткізіп,
Күлдірер сені көктемде;
Мәз болып қалар жадырап,
Билеп бір биші кеткенде.
Айгөлек ойнап төсінде,
Ән салып шарлап кетелік.
Бостандық алған бұл жерді
Жырлаймыз даңқын көтеріп.
Бақ егіп, салып сәнді үйлер,
Жаңаша бәрін құрамыз;
Тауды да ертең сырамыз, -
Бүгінше билей тұрамыз!
Ұқсас жазба:
Чили ақыны Пабло Неруда өлеңдері
Пабло Неруданың белгісіз болған 20 поэмасы табылды
Абайдың Крыловтан аударған мысалдары
Cурет: nexosdelsur.com
Ш. Талап