Жоу Хайлияң(қытай)
Жігіт өзінің махаббатына көңілі толмайтын, менің қалыңдығым елден ерек болуы тиіс деп ойлайтын. Бірақ қызы етті-женді, сұлу деуге тіпті де келмейді, сол жақ бетінде үлкен меңі бар.
Қыз алыстағы қалада оқитын, енді қайтып келмекші, жігіт қыздың алдынан шығу үшін бекетке барды. Қазір ол екеуі бозбала, балғын қыз дейтін жастан асып кеткен. «Жеті жылдық махабатымызды аяқтаймыз ба қайтеміз?» – деп ойлады жігіт жол-жөнекей.
Егер солай істесем оған қалай білдіремін? Жігіт шағын бір компания ашып алған болатын, айналасында оны елктірер нәрселер өте көп еді.
Ол тұп-тура бір күн күтті. Бірақ, қыздың қарасы әлі көрінбейді. Жігіт қызға телефон шалып алдыра алмады. Тағы шалып көрді тағы алдыра алмады. Абыржыған жігіт бекет кеңсесіне барып сұрастырды, біреу оған жолда қатты нөсер жауғандықтан, бір автобус аударылып, жол шетіндегі сайға құлап кетіпті деді. 3 адам сол жерде қаза тауып 22 адам жараланыпты.
Жігіт басына қатты соққы тигендей теңселіп кетті, жол апатына ұшыраған көлік дәл қалындығы оқып жатқан қаладан шыққан екен. Мұны естіп ол жығылып түсе жаздады, миында бомба жарылғандай күй кешті. Жігіт такси жалдап неше жүз шақырым шалғайдағы ауруханаға барып қызды іздеді. Шұғыл құтқару бөлмелері мен емхана үйлерін түк қалдырмай қарап шықты. Басын дәкімен ораған жаралыларды бір-бірден тәтпіштеп көрді. Бірақ, қызды таба алмады. Қыз о дүниелік болған екен деп ойлаған жігіт есінен танып қалды.
Жігіт есі кіресілі-шығасылы болып талып жатыр. Кенет оның есіне қыздың ақ көңіл, адал ниеттілігі түсе кетті. Өзінің қызды жанындай жақсы көретіндігін сезгендей болды. Өзінің қалыңдығы неге анау терісі ғана сүріліп кеткен әйел болып қалмады екен? Неге анау екі аяғын дөңгелек езіп кеткен әйел болып қалмады екен? Неге анау беті күйіп қалған әйел болып қалмады екен? Тіпті анау миы зақымдалып сал болып қалу мүмкіндігі бар әйел болып қалса да мейлі еді-ау деп ойлады ол.
Мейлі қандай күйге түсіп қалса да бәрібір оған үйленетін едім деп ойлады. Десе де, жігіт осы бір зобалаң алдында өзінің өлшемін қанша төмендетседе қызды таба алмады.
Аяқ-астынан қыз телефон шалды. Қыздың дауысын естігенде ол қалтырап кетті. Қыздың айтуынша, олар отырған көлік иен далада бұзылып қалып басқа бір автобусқа отырған екен. Жолда сел жүріп, көпірді құлатып кетіпті де амалсыздан тағы бір көлікке отырыпты. Ұзын сөздің қысқасы, жол-жөнекей көптеген әурешіліктерге жолығып, бір күннен артық уақыт кешігіпті. Қыз ауылдағы бір қонақ үйде екен, құдай жол берсе, олар ертең-ақ қауышып қалатын сияқты.
Қыз көп әңгіме айтты, жігіт көз жасы көл болып, үн-түнсіз тыңдап отыр, ол қыздан:
– Телефоның қалайша жалғанбайды ? – деп сұрады.
– Қуаты таусылып қалыпты, – деді. Жігіт естімегендей ұйқысыраған адамша осы сұрауды қайталай берді .
Жігіт ауылдағы қонақ үйден қызды алып қайтты. Жігіт қызға көлік апатының жайын айтқан жоқ.
Жігіт қыздың бетіндегі үлкен меңге қарап еді, аса әдемі екен. Жігіт өзін үлкен бір пәледен аман қалғандай сезініп келеді.
Ол екеуі үйленіп алды. Қазір жігіт өзін ерекше бақытты сезінеді. Ол келіншегі елден асқан сұлу болмағанмен, дүниедегі өзіне лайық бірден-бір әйел екенін байқады. Бәлкім меңі де сонда қамтылып жатқан болар.
Бірнеше жыл өте шықты. Бір күні кешқұрым жігіт келіншегіне:
– Мен сенен айрылып қала жаздап едім, – деді.
– Қалайша?, – деп сұрады келіншегі.
– Бір реткі жол апатында, шынында, жол апаты туылмай тұрып, менің көңіліміде бір шырғалаң туылып еді. Кейін нағыз шырғалаң туылғанда көңілімдегі шырғалаң зым-зия болды.
– Не деп кеттің өзі, – деді әйелі түсіне алмай.
Жігіт жымиып:
– Рас айтам. Бізбен еш қатысы жоқ бір реткі жол апаты менің махаббат пен бақыт жөніндегі өлшемімді төмендетуге себепші болды, нәтижесінде тіпті де мол бақыт пен махаббатқа ие болып отырмын,- деді.
Әйелі сонда да түсінген жоқ. Жігіт:
– Болды, басыңды қатырмай-ақ қой, мен сені сүйемін, – деді әйелін құшақтап...
Қытай тілінен аударған: Жеңіс Жікбасұлы
Сурет: bz1111.com