- Негізгі бет
- Аударма
- Алғашқы қар...
Алғашқы қар
Жақында Италияда "Киіз үйде ішкен шұбат" ("Drinking camel’s milk in the yurt") атты жаңа кітап жарық көрді. Құрастырушысы - Италия жазушысы Моника Неболи. Еңбекте 11 елдің 24 авторының мақалалары жарияланған. Бәрі де Қазақстан жайлы. Алайда ғаламтор арқылы 3 әңгімені ғана тегін көшіріп алуға болады екен. Ішінен Жакинта Ингландтың "Алғашқы қар" жазбасын қазақ тіліне аударып, назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Алғашқы қар
Біздің ұшақ Алматыға қонуға ыңғайланғаннан-ақ, барлық жолаушылар қол жүктерінен қысқы киімдерін алып, жүннен тоқылған қалың тоқымаларын кие бастады. Кеше ғана әбден күтім көріп, қызылды-жасылды боялған тырнақ атаулы жүн қолғап пен шұлықтың ішіне тығылды. Оның сыртында қалың етік тағы бар. Ата-аналар болса, оңтүстік Тайландта әбден суға түсіп, күнге күйген балаларын киіндіріп әлек. Әлбетте, қызарған денеге киім кию қуанта қоймайды. Десе де, олардың жылағанына қарамаған әжелер құлақшындардың бауын байлап, оның үстінен шарфты орапап жатыр. Бар болғаны 7 сағат артта мәңгі жаз мекен қалып бара жатқанын енді сезінгендейміз. Алда – ызғарлы Алматы. Ұшақ жолаушыларының бәрі бір сәтте жазғы демалыстан қысқы саяхатқа топ етіп түсе қалғандай...
Нақтырақ айтқанда, менен басқасының бәрі. Мен үшін Қазақстанның қысы – әлі жаңа әлем. Сол үшін де қымтанып алған жолаушылар арасында сүйрік сұқ саусақтай ерекшеленіп тұрмын. Екі апта бұрын Тайландқа кетерде Алматыдакүн жарқырап, Тянь-Шанның шыңдары әлі ақ түске боялып үлгермеген болатын. Жолға қалың киім алып шығу ойыма да кірмеген еді. Ол уақытта әйтеуір бастан асқан жұмыстан бір ауық болса да арылып, демалып қайтудан басқа ойымда ештеңе болмаған-ды. Басқа елде тұру, әрине, оңай емес. Мен үшін де Қазақстанға үйрену аса оңайға соққан жоқ. Бірнеше мәрте өз еліме кетіп қалуға оқталған кездерім де болған. Жалғыздық жабырқататын. Ақыры не керек, жаз-мекенге барып, екі апта демалып, қалпыма келіп, Орталық Азияда қайтадан жаңа өмір бастауға бекінген бетім осы. Алайда Алматы ызғарымен қарсы алды.
Менің себетім әтір, шарф, қазақ достарыма арнап алған сыйкәделер, өзге де заттарға толы болатын. Тіпті, диск, кітап, жеке заттар – бәрі-бәрі бар. Алайда дәл қазір маған керектісі жоқ. Маған керегі – жылы киім ғана. Аңғал басыма тым құрыса «Алматыға түннің суығында қонуымыз мүмкін ғой» деген ой да келмепті.
Бұл уақытта әуежайға еніп, ашылған есіктен лап қойған Алматы ызғарын сезіп те үлгердім. Тізем дірілдеп сала берді. Қолдарым жуыспай, икемнен арыла бастады. Жалаң аяққа киген сүйретпем тайғақтанып үлгерген жүргінші жолына қайрат көрсете алмай келеді. Бірнеше секундта-ақ мұздаған аяқтарым жүргісі келмей, маған бағынудан қалды. Ал айналамда жақындарын күткен қазақ ағайындар мәре-сәре. Қазақ тілінде амандық-саулық сұрасып, жылы сөз, жылы құшаққа бөлеуде. Мен құсап бүрісіп тұрған ешкім жоқ. Оларды Тайландтың ыстығы мұнда да қыздырып тұрғандай. Мен болсам, әмиянымда қалған қазақ теңгелерін санап, такси тоқтатқанда айту қажет сөздерді есіме түсіріп әлекпін.
Кенет қолымнан бөтен алақанның жылуын сезіндім. Жалт қарап едім, көздерім егде тарқан адамның сұлу қоңыр жанарымен түйісті. Бет-жүзін әжім басса да, әдемілік әрі әлі таймаған.
– Такси қажет пе, қалқам?
Қолы қандай жылы болса, дәл сондай жылы дауыспен сұрақ тастап, менің жүктерімді ала бастады. Онсыз да сіресіп, икемге келмей тұрған саусақтарым жүгімнен лезде ажырап қалды. Мен басымды изедім де, қанша теңге төлейтінімді білдіріп, 5 саусағымды көрсеттім.
Бұл қылығыма жымиып қана күлген ағай жүгімді алды да, алға түсіп жүре берді. Мен соңынан ілестім. Әбден тоңғаннан қос қолыммен өзімді құшақтап алғанмын, тайғақ жолда құлап қалмаудың амалын жасап келемін. Оның көнелеу келген көлігіне жетісімен, артқы есігін ашып, жайғаса беріп едім, әлгі аға басын шайқап, алдыңғы орынды нұсқады.
Жолдан шаршағаным, тоңғаным бар, орынға жайғаса сала, көзім жұмылып сала берді. Енді ұйқтап кете барғанда, көлігін оталдырып жатқан аға: «Суық!» деп тіл қатты. Көзім ілініп кеткен, бір кезде кеуде тұсымнан бір жылылық сезініп, оянып кеттім. Қарасам, жүргізуші аға жып-жылы жүн көрпемен үстімді қымтап жатыр екен. Біз әлі тіпті көлік тұрағынан да шығып үлгермеппіз.
Менің көзімді ашып алғанымды көрген ол: «Бәрі жақсы, қалқам. Енді суық болмайды» деп жылы даусымен тіл қатты. Оның айтқанынан тек «жақсы» деген сөз ғана маған таныс болатын. Толық не айтқанын түсінбесем де, менің тоңып қалмауым үшін жағдай жасап жатқанын түсіндім. Ешбір елде, ешбір жерде бөтен ер адамның бұлайша маған тым жақын келуіне рұқсат бермес едім, ағаның мейірімді жанары мен жылы даусы көкейімде күмән оятпады. Сол сәт оған сенетінімді сезіндім.
Аға болса ыңылдап, қазақша әуезді ән айта жүріп, жалаң аяғымды көрпемен қымтап тастады. Бұдан соң артқы орындықтан қалайы термос алды. Қақпағын ашып қалып еді, буы бұрқыраған ыстық шайдың исі мұрынға келді. Одан кесеге құйып, маған ұсынды. Таксист адамның мұндай мейірімділігіне таңырқап, аға ұсынған кесені қос қолдап қысып ұстап отырдым. Жылыған саусақтарыма жан кіре бастады. Жол бойы осылай келдік, мен шай толы кесемді қолыма қысып ұстасам, ағам ыңылдап қазақ әнімен сусындатты. Бірте-бірте бойым жылып, жіби бастадым. Орталық мешіттің жанынан өте бергенде көлік терезесіне ақ ұлпалар қона бастады.
– Міне, алғашқы қар да жауды, – деп қуанды серігім.
Ақ ұлпа қардың әсемдігімен мешіттің көк күмбезі, айналадағы ғимараттар тіпті де жарқырап шыға келгендей. Мен бүгінгі қардың мезгілдер ауысуының орта нүктесі екенін енді түсінгендеймін. Бұл ғимараттардың жанынан талай өткен едім, алайда ақ қармен көмкерілу арқылы оларда беймәлім бір құпия сиқыр пайда болғандай. Маған таксист ағай сиқыршыдай, ал оның көлігі сиқырлы кемедей сезілді. Әуежайға түскендегі қорқыныш, суық – бәрі-бәрі естен шыққан.
Үйге жеткенімізде жүктерімді өзім көтеруге әрекеттенген едім, таксист ағай ләм деместен, заттарымды алды да, пәтеріме дейін жеткізіп берді. Есік ашып, төрлетуін сұрап, іш жақты нұсқадым. Шам жарығында оның бет-әлпетін енді ғана анық аңғардым. Әжімге толған жүзі мен ағарған шашы оның қанша жас жасағанын, қандай өмір қиындықтарынан өткенін суреттеп тұр. Мен маған соншалықты жақсылық жасаған адамның атын білмейтінімді енді ғана аңғардым. Бар қазақшамды жинап:
– Менің атым Жакинта, – дедім.
Аға алақанын жүрек тұсына қойып:
– Менің атым Рүстем. Танысқаныма қуаныштымын, – деп жауап берді.
Жолақысын төлеп, алғысымды айтқан соң, өзімнің әлі де ағайдың көрпесіне оранып тұрғанымды сезініп, оны иесіне ұсындым. Ағай болса, басын шайқап, үйден шығуға ыңғайлана берді.
Оңаша қалған соң, жылы пәтерімде шыр көбелек айналдым. Көңіл жайланған, оған бүгінгі күннің әсері қосылып, билегім келді. Менің тереземнен қарама-қарсы үйдің шатыры көрінеді. Оған билеп қонып жатқан ақ ұлпа маған шабыт беріп тұрғандай.
Сол сәт қазақ даласының қаншалықты тарихи, қаншалықты сиқырлы екенін түсіндім. Мен біліп-таныған өзге елдердің бәрінен де ерекше. Көшпелі халықтың мәдениеті, оның бертінге дейін сақталып қалған қонақжайлылығы – біз білетін әлемнен мүлде бөлек. Ол әлемде бөтен адам деген болмайды. Бәрі қандай қиын жағдай болмасын, бір-біріне жақсылық жасауға құштар. Бұған дейін мені баурап келген жалғыздықтан ұялдым. Егер мен бұл әлемде өмір сүргім келсе, жан-дүниемді, құшағымды ашуым керектігін түсіндім. Бұл – бір түн ішінде Рүстем ағаның маған үйреткен сабағы. Екі миллион халқы бар Алматы шаһарынан енді оны қайтып көрмесімді білемін. Бірақ одан маған екі үлкен мұра қалды, бірі – жылы көрпесі болса, екіншісі – жылы көзқарасы. Көрпені әдемілеп орап, сөреге салып қойдым. Бір күні өзім секілді тоңып, жаураған адамға ұсынармын деп шештім. Терезеге қарадым. Таң атып келеді. Тауын да, даласын да бар адаммен бөлісетін Алматы таңы. Еріндерім өздігінен күбірлеп сала берді:
– Рахмет...
Бұл сөзді мұнда өткізетін 4 жыл бойы таңертеңмен қайталап айтатын боламын:
– Рахмет, Қазақстан! Рахмет...
Автор: Жакинта Ингланд
Аударған: Нұрболат Аманжол
Сурет: kzexpatstories.wordpress.com
A. Mustafina