М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы бағыттарының бірі – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылып басылған әлем әдебиеті теориясының жинақтары таныстырылды.
«Әлем әдебиеті теориясы қазақ тілінде» тақырыбында өткен конференцияға аударма ісіне араласқан аудармашылар мен редакторлар, әдебиетші мамандар мен танымал ғалымдар, ғылыми орталықтардың мамандары, ұстаздар мен студенттер қатысты.
Жиында кіріспе және 4 томдық антологиядан тұратын «Әдебиет теориясы» жинағын ағылшын тілінен қазақ тіліне аудару барысы, аударма сапасы мен жаңа ғылыми ұғымдар, терминдер қолданысы кеңінен талқыланды. Ғалымдар бір топ батыс әдебиетшілері дайындаған еңбектің мазмұны мен құрылымы, оларды оқу бағдарламасына енгізу мәселелеріне тоқталды.
Конференция жұмысы барысында «Әдебиет теориясына кіріспе» және 4 томдық «Әдебиет теориясының антологиясы» еңбегінің жалпы редакциясын басқарған, филология ғылымдарының докторы Кенжехан Ісләмжанұлы Матыжанов: «Әдебиет теориясы шығарманы қалай жазудың құпиясына баулитын теориялық толғамдар емес, оның ғасырлар бойғы тәжірибесін жинақтап, саралап, қорытынды байламдар жасап отыратын тәжірибелік негіздегі ғылым саласы. Оқулық авторлары да мәселеге осы тұрғыдан келген. Тіпті, олардың көркем әдебиетке деген көзқарасының өзі біздегі кеңестік кезеңде қалыптасқан ұғымнан әлдеқайда кең. Авторлар – жиырма жылдан астам уақыт бойына коллеждерде қазіргі әдебиет теориясынан сабақ беріп келе жатқан ұстаздар. Осы уақыт ұзақ жылдар бойына жинақтаған тәжірибелерін қорытып, үнемі жетілдірумен болған. «Бұл кітаптың тұсауы дәрісханада кесілгенімен, алдағы уақытта қолданылу өрісі өзінің кең шалқарын табатынына, біздің оқыту әдістеріміз мүлде бөлек курстар мен үлкен аудиториялардың да қажетіне жарайтынына шүбә келтірмейміз» дегенді олар нық сеніммен айтады. Осыншама тыңғылықты ізденістер мен жинақталған материалдар негізінде жалпы көлемі 5 кітаптан тұратын оқулықтар кешені біздің әдеби ортаға үлкен олжа болды», – деді.
Жинақ әдебиеттегі орыс формализмі, структурализм, феноменология, постструктурализм, психоанализ ұғымдары, постотаршыл және трансұлттық таным туралы түсінік береді. Бұл туралы «Жаңа ғылыми ұғымдар мен терминдер туралы ой бөлісті. Ғалым «Әдебиет теориясының топтамасы қазақ оқырмандарына әлемдік әдебиет теориясының жаңа зерттеу бағыттарын ұсынады. Отандық әдебиет саласында қалыптасқан кейбір түсініктерді бұзып, мүлде жаңа тұрғыдан таныстырады», – дейді «Әдебиет теориясы» антологиясы бірінші томының ғылыми редакторы, филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Ісмақова.
Ал филология ғылымдарының докторы, профессор Жанат Әскербекқызы: «Антологияның екінші томындағы мен ерекше назар аударған тақырыптар Р.Барттың «Автордың өлімі» және «шығармадан мәтінге» тақырыптарында ұсынылған маңызды тұжырым-талдаулары. Тек ол ғана емес, «Билікке құштарлық» атауымен енген Ф.Ницшенің, «Дифферанс», «Қатерлі толықтама» тақырыбындағы Жак Дерриданың, «Түс жору» мен «Тылсым» атауларымен ұсынылған З.Фрейдтің тұжырымдары бүгінгі әдеби туынды табиғатын тану үшін де, теориялық талдаулар негіздерін қалыптастыру үшін де қажетті дүниелер» деп еңбектің маңызына тоқталды.
Әлем әдебиеті теориясының жинақтарын ағылшыннан қазақшаға аудару жұмысына қатысқан филология ғылымдарының докторы, профессор Амантай Шәріп: «Бірден айтайын, оқығаныңды қорыту оңай емес. Ішінде жаңа нәрсе көп. Әдебиет антологиясына жалпы 75 автор кірген. Әр автордың, ғалымның өз бағыты бар. Әдебиет теориясын гуманитарлық саламен шектемей, жаратылыстану ғылымдарымен де байланыстырған. Бірден аудара салу мүмкін емес. Орыс тілінде де толық қабылданған нұсқасы жоқ жаңа ұғымдар бар. Бірақ әлем әдебиеті теориясын қазақшалауды тоқтатпауымыз қажет. Әдебиет теориясы заман ағымына сай жаңаланып отыруы керек» деп санайды.
Жиында әдеби мәтіндерді қабылдау және шығармаларды теориялық тұрғыдан зерделеу, оқырманның әдеби талғамы, адамзат дамуындағы әдебиеттің алар орны да талқыланды. Ғалымдар мен тілші мамандар «бұл кітаптардың қазақ тіліне аударылуы қазақстандық әдебиет саласы мен ғылыми ортаның күшеюіне, тіліміздің заманға сай әлеуетін арттыруға зор үлес қосатынын атап өтті.
Әдебиет теориясы жинақтары 2019-2020 жаңа оқу жылына дейін 10 мың дана таралыммен еліміздегі 112 жоғары оқу орнына таратылады. Сонымен қатар, осы оқулықтар негізінде дайындалған онлайн курстар «Қазақстанның ашық университеті» платформасына жүктеліп, еркін қолданысқа берілді.
Айта кетейік, қазіргі таңда «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы бағыттарының бірі – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында жалпы саны 48 оқулық аударылды. Оқулықтар философия, әлеуметтану, дінтану, лингвистика, мәдениеттану, дүниежүзі тарихы, әдебиет теориясы, халықаралық құқық және бизнес, қазіргі заманғы педагогика, өнер тарихы, интернет психологиясы, стратегиялық менеджмент, маркетинг негіздері, ұйымдық мінез-құлық, медиа және бизнес-коммуникация, адам ресурстарын басқару, дипломатия, оринтализм және семиосфера секілді бағыттарды қамтиды. Жоба ҚР Білім және ғылым министрлігінің тапсырысы бойынша «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының үйлестіруімен жүзеге асуда.