Төменде баяндалатын аңызды әйгілі жапон жазушысы Рюноскэ Акутагаваның ұрлығы деуге келе қояр ма екен... Дәл солай деп ғажайып қаламгерді айыптаудан аулақпыз. Алайда оның "Расемон қақпасы" деп аталатын оқырманға мәлім новелласының оқиғасы, оқиға желісі дерліктей біз орыс тілінен тәржімалаған "Бағзы заман хикаяларының" біріндегі "Расемон қақпасының мұнарасына көтеріліп, өлген адамдарды көрген повестьке" айна қатесіз ұқсайды. Әрине, жазушы ол повестті байытқан, дамытқан, кемеліне келтіріп көркемдей түскен. Бірақ "Бағзы заман хикаяларының" түпнұсқасынан көп ауытқымаған.
Акутагава Рюноскэ. Рашйоумон қақпасы
Жазушы аталған новелласын 1915 жылы жазған екен. Бұл кезде ат тоқымындай аралды мекен етіп жатқан жапон жұртын бұлғақ басып, ешкім ешнәрсеге жауап бермейтін заман орнапты. Қыстақ жұрты қалаларға ағылып, аштан қалмаудың қамына кіріседі. Қаңғыбас ұрылар, бұзақылар көбейеді. Адамдар адал ас ішуден қалады. "Расемон қақпасы" IХ-ХII ғасырлардағы "Бағзы заман хикаяларының" негізінде дүниеге келгенімен, жазушы өмір сүрген уақыттың шындығымен де үйлессе керек.
"Бағзы заман хикаяларын" Акутагава ғана емес, Кикути, Танидзаки сияқты жазушылар да пайдаланған көрінеді. "Бағзы заман хикаяларын" Акутагава "Хэйан дәуірінің Құдіретті комедиясы" деп бағалаған.
Қазақ жазушылары да аңыз-әфсаналар мен ертегілердің желісін туындыларына өзек етіп келеді. Халықтық мөлдір бастаулардан қайнап шыққан аңыз-әфсаналар әлі қанша буын әдебиет өкілдері мен әдеби жаңалықтарға арқау болары даусыз.
Әлқисса. Сонымен, "Расемон қақпасының мұнарасына көтеріліп, өлген адамдарды көрген повестьке" сөз берелік.
***
Есте жоқ ескі заманда Цу қыстағынан шығып қалаға келген бір кісі ұрлықты кәсіп етпек болыпты. Тал түс, көз байланып, ымырт үйірілер шаққа әлі ерте, сондықтан ол адам аяғы басылғанша, Расемон қақпасының қою көлеңкесіне жасырына тұруды жөн көріп, оңтайлы сәтті күтті. Сол кезде Ямасиро жақтағы қаланың орамынан жамыраған дауыс естілді. Жан пенденің жанарына ілікпеу үшін жылыстып баққан ұры қақпаның биік мұнарасына көтерілді. Сөйтіп мұнараның құдығына үңілген екен, төменнен бір уыс оттың әлсіз жарығын көреді.
Таң қалған ұры торкөзді терезеден тағы да қарайды. Сонда не көрді дейсіз ғой? Тас еденде жас әйелдің мүрдесі жатыр. Басында балауыз шам жанып тұр. Қасында ақ кебінге оранған кәрі кемпір отыр. Кемпір жас әйелдің шашын бір талдап жұлып алады.
Ұрының мына көріністен ес-ақалы қашты. "Бәлкім бұл құбыжық-они шығар?" – деп қалтырай ойлады ол. Аздан соң оған тағы бір ой келіп: "Әлде бұл бар-жоғы өлген біреу болар. Ендеше оны неге жақыннан барып көрмеске?" – деді. Осыны айтып ұры қақпадан ішкі енді де, шолақ қанжарын қынынан суырып ақыра ұмтылды: "Ах, оңбаған салдақы!". Тап қасынан табыла кеткен адамның айқайынан қорыққан кемпір алақанын аянышпен жайып, жалбарына құлап түсті.
Ұры сұрады:
– Сен не қылған кемпірсің? Мұнда не істеп отырсың?
Кейуана жауап берді:
– Көргің келе ме, міне, қарай ғой, бұл менің ханышам. Ол енді мына дүниеде жоқ, артын бағып, жөнелтетін ешкім табылмады. Мәйітті осында әкелді де тастады. Ал сен оның шашына қарашы, қандай қалың, қандай ұзын? Нағыз қолаң шаш! Осы шаштарды қор қылмай шаш кепе (парик) жасайтындарға сатсам ба деген ой келді маған. Мүмкін, сен маған жәрдемдесерің, а?..
Мұны естіп ұры жас мүрденің бойындағы көйлегін жыртып, кемпірдің қолында бұрқыраған шашты сыпырып алды да, баспалдақпен құлдилап, тайып тұрды. Ұрының қайда жасырынғанын ешкім білмейді.
Кейін Расемоно қақпасының биік мұнарасы мүрделерге толып кеткенін айту керек шығар. Мұнарада арулап жерленбеген адамдардың сүйегі ақ сөңке болып шашылып жатыпты.
Бұл сөзді таратқан әлгі ұрының өзі көрінеді. Ал мен біреуден естігенімді сіздерге жеткіздім.
("Тырна, тырна, тырналар", жапонның VIII – XIX ғасыр аралығындағы классикалық әдебиетінің антологиясы, 340-341 беттер)
Аударған Дәурен Қасенұлы