Асқар Сүлейменовтың аударма саласында да біршама еңбектенгені мәлім. Өз алдына бір бөлек әлем құрған жазушының ой-түкпірі күні бүгінге дейін көпшілікке бейтаныс. Алайда, осы бір аудармасын оқи отырып, жазушының сәл де болса көксеп кеткен арманын, сол арманның жарқылын көруге болатындай.
Ендеше, өрелі де талғампаз оқырманның рухани игілігіне айналса деген ниетпен аталған аударманы тұтастай беріп отырмыз. Айтпақшы, дәл осы іспетті аудармалар мен жазушының әр жылдары газет беттеріне басылған сыни-мақалаларын 2001 жылы шыққан "Болмыспен бетпе-бет" жинағынан оқи аласыз.
Уильям Фолкнердің Нобель сыйлығын алғандағы сөзі
Менің ойымда, осынау сыйлық маған пенденің жеке басына емес, менің бүкіл ғұмырлық еңбегіме, еңбекке – адам рухының азаптан сауылған табан ақы маңдай теріне беріліп отыр. Еңбек болғанда, атақ пен даңқ, лауазым-мансап үшін, әсіресе ақша аталатын буын құрт үшін айқасқа шыққан еңбек емес, жаңағы адам рухының иін-иірімдерін бұрын әлем көрмеген әлдене жасап, оны дүние-жарыққа олжалау үшін буынған, ышқынған, шыңғырған еңбек. Бұл сыйлықты менің аманат-кепілдік санатында қабылдау себебім де осы. Оның, сыйлықтың, ақша-қаржы аталатын бөлігін көзін тауып жұмсау көп қиындық әкеле қоймастай. Бұл мінбеге көтерілгендегі бірегей міндет: мен, маған көрсетілген сый-құрмет, көңіл-пейілді де сарқып пайдалансам деп ем. Ол міндет, таратып айтқанда, мынаған саяды: мен көрген, мен көрген азап пен ғазаптың қамытын киіп үлгерген, жұлдызы оңына туған күнде дәл осы кафедрадан дабыс берер ақжолтай жас қаламның бірі менің дауысымды естір ме деген үміт.
Біздің басымыздағы бүгінгі трагедия: қара түндей қара үрейдің бізді ерттеп мініп алғаны. Ол үрейге бойымыздың үйренгені соншалық, біз оның ашса алақанында, жұмса жұдырығында қалдық. Бүгіндері рух ныспылы ұлы ұғым құрдымға кетті; басы ашық жалғыз, жалқы сауал қалды: адам тәнін кім, қашан, қалай бұтарламақ? Еркегі бар, әйелі бар бүгінгі жас қаламгерлердің өз-өзімен қаржасып, қырқысып өт, ер адам жүрегіндегі зар-запыранға сырт беру себебі де осында. Ал, хас әдебиеттің құнары тек осынау қырқысу, тек осы конфликт. Қат-қабат тірлікте азап пен тердің өтеуіне жүрер, қайран қаламның қадіріне, қастеріне, қасиетіне жетер басқа түк те жоқ.
Жас қаламгерлер дәл осы шындықты қайрылып қарап, қайтадан ұрпаққа керек; бүкіл табиғатта үрейден басқа нәкәстік (гнустность) болмасына өзін сендіру керек; сенген бетте онымен – үреймен, ат құйрығын үзілді кесіспеске керек, кесіскен бетте адам жүрегінің байырғы мұраттары – махаббат пен намыс, аяныш пен құрбандық, бауырмалдық пен рақымнан басқасын шеберханасынан сыпырып тастау керек. Байырғы мұраттардың деңгейінен табылмаған әдебиетті ақта десе де, батырып айтып, «мүрде» десе де артық емес. Бұл ақиқатты тынысына баламаған жазушы қарғыс қаһарының қармағында күн кешеді, ондай жазушы махаббат емес зинақорлық хақында жазады, туы жығылмаған жеңіліс, үзілген үмітті жалғары жоқ, назары пәс жеңіс хақында жазады; адамгершілікпен, аяугершілікпен қоңсы қонып көрмеген ондай жазушы есіл жүректің нала-мұңы хақында емес, нәпсі бездерінің безгегі хақында жазады:
Ондай жазармен толқыны толассыз уақыт фәнидің жағасына қол қата алмақ емес.
Осынау ақиқат-айғақты ұқпаған жазушы аталуы адамның ақыр-соңының енжар-марғау бақылаушысы, қалыс куәгері болып қала береді. Мен адамның ақырына мойынсұнбақ емеспін. Шыдамын жігермен, жігерін шыдаммен шыңдаған адам өлмейді деу оңай күрмеу; адам, демі бітер, дәмі бітер тұсында сөніп-семіп бара жатқан намазшамның қаналау бояуына малынған тас құзардың басынан үзілер үнмен қарғыс айтқанның өзінде һауа-көкте бәрібір бір тербеліс қалады, ол тербеліс әлгі адамның талма дауысының дірілі деу де қиын күрмеулерден емес. Мен бұл ұғымнан түбегейлі бас тартамын. Тірліктің тепкісінен тірі қалғаны өз алдына – адам жеңеді. Адамның өлместігі: оның ұлан-ғайыр ғаламдағы жаны барлардың ішінен өзек өртер дауысты өзіне еншілегені емес. Адамның өміршеңдігі: онда, құрбандыққа дайын, басқаның азасы мен қазасын бөлісуге дайын жан бар, мейір бар, рух бар.
Ақынның борышы да, парызы да, міндеті де осыны жазу, осы хақында жазу. Суреткердің басқадан, басқалардан оқ бойы озықтығы да осында: оның, адам жүрегіне медет бере тұрып, ерлікті , рахым-мейір мен бас тігер мәрттікті – адамзаттың өткен тарихтағы бар қазына-даңқ, сес-айбарын қайта оятып, адамның тізе бүкпеуіне қол ұшын береді.
Ақын адам ғұмырының жылнамасын түзеумен , тізіп-хаттаумен шектеле алмайды. Оның жүрекжарды перзенті – шығармасы, жарыққа шырқырап келіп, түнекке шыңғырып кетер адамның тәркіне төтеп беруіне ғана емес, оның жеңуіне көмегі тиер іргетас орнына, ұстын-арқа орнына жүруі бек мүмкін.
1950 жыл
Дайындаған: Фараби Арыстанбек
сурет:liderstvo.org.ua