Cэмюэль БЕККЕТ. Огайо стиліндегі экспромт

Cэмюэль БЕККЕТ. Огайо стиліндегі экспромт

Назарыңызға Cэмюэль Беккеттің "Огайо стильіндегі экспромт" атты бір бөлімді пьесасының аудармасын ұсынамыз. Қазақ тіліне тәржімалаған – жазушы-драматург, аудармашы Әлібек Байбол.

***

Бір бөлімді пьеса

С. – тыңдарман.
Ч. – оқырман.
Бір-біріне айрықша ұқсайды.

Сахна ортасында – жарық ерекше түскен дастарқан. Қалғаны қараңғылыққа малынған.
Ағаштан қиылған қарапайым үстел, шамамен ұзындығы – 2, ені – 1 метр.
С. дастарқанның ұзын жағына бетін беріп, оң тұсында орныққан (зал жақтан қарасақ, егер). Басын еңкейтіңкіреп, оған оң қолын тіреуде. Жүзі көрінбейді. Сол қолы – үстел үстінде. Ұп-ұзын қап-қара пальто. Қырау шалған ұп-ұзын шаш.
Ч. дастарқанның бір бұрышына жайғасқан, қырымен отыр, оңға қарата бұрылған-ды. Басын иіп, оң қолын сүйеген. Сол қолы – үстел үстінде.
Тура алдында ақырғы беті ашылған кітап жатыр. Ұп-ұзын қап-қара пальто. Қырау шалған ұп-ұзын шаш.
Дастарқан ортасында – жиегі кең қап-қара қалпақ.
Ақырындап жарық түсе бастайды.
Он секунд өтеді.
Ч. кітапты аударып-төңкереді.

Пауза.

Ч. (Оқып.) Шертер әңгіме де көп емес. Соңғы рет...
С. сол қолымен дастарқанды тоқпаштайды.
Шертер әңгіме де көп емес.
Пауза. Біреу тықылдатады.
Ол соңғы рет азабын жеңілдету үшін екеуі қоныс еткен жерден қарсы жағалаудағы жалғыз бөлмеге көшті. Жалқы терезеден Аққу аралының ұшын ғана көре алды.

Пауза.

Ол жат жағдаят жан тыныштығын сыйлайды-ау деп үміттенді. Жат бөлме. Жат көрініс. Далаға далбақтай шығып, екеуі әлі көрмеген дүниені тамашалау. Олар үшінгі еш ортақтастығы жоқ нәрсеге оралу. Мұның бәрі, мейлінше, оның шеккен мехнатын, мейлінше, жеңілдетеді деп дәмеленді.

Пауза.

Жұртшылық оның ұзынды күн аралды асықпай адымдай өлшеп жүргенін көрді. Сағат сайын. Ауа райына қарамастан үстіне – етегі кең қап-қара пальто, басына – кезіндегі суретшілердікіндей көне қалпақ киеді. Шет-шегіне таяған соң дамыл ап, көкбұйра толқынға көз тастайтын. Қос өзен қабаттаса кеп, арындауық мінезінен айнымастан ары таман ағатын. Содан соң, ол бұрылып, асықпай-үсікпей жағалаудан алыстай беретін.

Пауза.

Түсінде...
Біреу тықылдатады.
Содан соң, ол бұрылып, асықпай-үсікпей жағалаудан алыстай беретін.
Пауза. Біреу тықылдатады.
Түсінде осындай өзгерістен сақтантыру белгілері берілген-ді. Онда сүйкімді сүдін көрініп, естілер-естілмес қана дауыс бүй деді: «Екеуміз ғана ұзақ мекен еткен жерде қалғын, көлеңкем – саған жұбаныш».
Пауза.
Дегенмен...
Біреу тықылдатады.
Сүйкімді сүдін көрініп, естілер-естілмес қана дауыс бүй деді: «Екеуміз ғана ұзақ мекен еткен жерде қалғын, көлеңкем – саған жұбаныш».

Пауза.

Біреу тықылдатады.

Дегенмен, оралуға болмас па еді? Қатені мойындап, мезгілінде екеуі бірге ұзақ тұрған жерге оралуға болмас па еді? Жалғыз, екеуі ғана және бүкіл тірлікте – бірге, бәрінде – ортақ.
Жоқ. Жалғыз өзі істегенді өзгерте алмас еді. Жалғыз өзі.

Пауза.

Дәп сол ауыр ахуал тұсында оның бойын ескі түнгі қорқыныш қайта биледі. Ескілігі соншалық, бұ туралы ойлауды да ұмытқан-тұғын. (Пауза. Кітапқа үңіліп.) Алайда, қырқыншы бет, төртінші абзацта егжей-тегжейлі сипатталған ендігі зәулі нышандар бұдан екі есе үрейлі. (Қайыра парақтап, сол қолымен тоқтатты. Ч. со бетке оралып.) Бұдан былайғы ұйқысыз түндер тағдырына айналды. Жас кезіндегідей. Таң атпайынша (беттерді аударыстырды) ұйқыны ұмыту.

Пауза.

Шертер әңгіме де қалмады. Бірде түнде...
Біреу тықырдатады.
Шертер әңгіме де қалмады.
Пауза. Біреу тықылдатады.
Бірде түнде ғой, дірдек қағып әрі басын қапсыра ұстаған оған ойда-жоқта біреу кеп, былай деді: «Мен, – ұнамды есім-сойды атап. – Көңіліңді аулау үшін жіберілдім». Сонан соң, ұп-ұзын қап-қара пальто қалтасынан тозығы жеткен томды суырып, оны таңға шейін оқыды. Соңыра, үн-түнсіз көзден ғайып болды.

Пауза.

Біршама уақыттан кейін әлгің тағы келді, қолында – сол баяғы том, еш кідіріс-кіріспесіз алдындағы анау кітапты түнұзаққа оқыды. Соңыра, үн-түнсіз көзден ғайып болды.

Пауза.

Сөйтіп, ол аяқ астынан ауық-ауық көрініп, зар-запыранға толы повестті оқу арқылы – түн ғұмырын қысқартумен әуре. Сөйтіп, үндемеген күйі ұшты-күйлі жоқ болды.

Пауза.

Екеуі біріне-бірі тіл қатпаған қалпы тұтас жанға айналды.

Пауза.

Содан, бірде кітап жабылды, таңғы нұр терезеге телміргенімен де, ол ғайып болған жоқ, үн-түнсіз үстел басында отырды.

Пауза.

Сөйтіп, ол: «Маған, – ұнамды есім-сойды атап. – Екінші қайыра келмеу бұйырылды. Сүйкімді сүдін көрдім, естілер-естілмес қана дауыс бүй деді: «Бұдан былай оған қайта барудың қажеті жоқ, бұл – өз еркіңдегі дүние болса да».

Пауза.

Содан, міне, көңілсіз...
Біреу тықылдатады.
Сүйкімді сүдін көрдім, естілер-естілмес қана дауыс бүй деді: «Бұдан былай оған қайта барудың қажеті жоқ, бұл – өз еркіңдегі дүние болса да».

Пауза.

Біреу тықылдатады.

Сөйтіп, ақырғы рет аянышты уақиға баяндалғаннан кейін, екеуі тас секілді құр бекер бедірейіп отырды. Жалғыз терезеге ғана таң сәулесі түспеді. Тыстан оянудан хабар берер дыбыс та естілмеді. Бәлки, әрқилы ойға батып, ештеңе байқамаған да болуы мүмкін бе? Таң нұры да жоқ. Ояну шағындағы шуылдан да ада. Қандай ойлар екенін кім білсін. Ойлар. Жоқ, ойлар емес. Жадынан айырылу. Нендей ойға батқанын кім білсін. Ұмытшақтыққа ұласқан. Жадының жарық жетпеген шыңырауына. Дыбыс та... Екеуі тас ұқсап қатқан қалпы қақшиып отырғаны. 

Пауза.

Басқа айтарым жоқ.
Пауза. Ч. кітапты жапқысы бар. Біреу тықылдатты. Кітап ашық күйінде қалды.
Басқа айтарым жоқ.
Пауза. Ч. кітапты жапты.
Біреу тақылдатады.
Үнсіздік. Бес секунд өтеді.
Әрқайсы оң қолын үстел үстіне қойып, бастарын көтеріңкіреп, біріне-бірі қасқайып қарап тұрады. Шұқшиюда, бет-бедерлерінде еш белгі жоқ.
Он секунд өтеді.
Ақырындап жарық сөне бастайды.

Шымылдық

Ағылшыншадан орысшаға аударған: Елена СУРИЦ.
Орысшадан қазақшаға тәржімалаған: Әлібек БАЙБОЛ.
Аударма Қазақстан авторлары қоғамының қорғауында


Т. Раушанұлы