Жаңа жылға аяқ басқалы аздаған күндер өтті. Алайда бәріміз мерекелік көңіл-күйден әлі айыға алмай жүргендейміз. Осы орайда танымал француз ақыны Артюр Рембоның "Жетімдердің жаңа жылдық сыйлықтары" атты туындысын ұсынғалы отырмыз. Өлеңді қазақ тіліне аударған белгілі ақын Светқали Нұржан. Қабыл алыңыздар!
Жетімдердің жаңа жылға сыйлықтары
I
Бөлме күңгірт қоймалжың,
Қара қанат түн кірген,
Екі бала бөлмеде сыбырлайды мұңды үнмен.
Бозғылт перде артынан көрінеді бастары,
Еңселерін езеді үрейлі елес басқалы.
Тырнағымен қаһарлы бүрген кезде сұр аспан,,
Тоңған тәннің дірілі қорқынышқа ұласқан.
Барады өтіп Жаңа жыл нөкерімен тұманды,
Қарлы тонын сүйретіп,
Күледі өзі күмәнді.
Құс қанаты,
ағаштың бұтақтары жарқырап,
Ән салады Жаңа жыл жылайды әрі қалтырап.
II
Қос бөбекті тас түнек езгілейді сан батпан,
Шығармайды үн – дауысты аулағандай жан-жақтан.
Түршігеді естілсе – алтын әуен таң алды,
Шойын балға түрткендей шыныланған қамалды.
Бөлме – суық.
Түн шашын тарайды таң тарағы,
Жерде жатыр шашылып кілең киім қаралы.
Түн серпілді ұйытқыған таңның суық желінен,
Толтырады бөлмені жел өзінің демімен.
Жанарыңнан сауал боп тірілгенде ішкі үміт,
«Мына жерде кім жоқ?» - деп сұрарсыз сіз қыстығып.
Салтанатты мейірім шүпілдеген жанында,
Жоқ сияқты анасы бөбектердің маңында.
Кетті ме екен ұмытып қарбаласта кештегі,
Отты көсеп қоюды күл ішінен пештегі?
Үйді тастап баратып біржолата ертесін,
Бейбақ бөбектерінің қымтаса етті көрпесін?..
Қайда кетті анасы? –
Білмейді оны жуық маң.
Қос қозысын кетті ме қорғай алмай суықтан?
Қайран ана елесі!
Жылы еді ғой мамықтан,
Борап жатты жұпары кеше суық табыттан.
Тәтті түсті көріп кіл, аппақ нұрға боянған,
Бақыт еді-ау сәттері құшағында оянған.
Зұлымықтың жасыны соққан кезде сорғалап,
Ұясының үстіне төсеуші еді ол қанат.
Сол қанаттың астында қос балапан шырлайтын,
Ұясының ұйытқысы шаттық жырын тыңдайтын.
Әттең!
Енді ұяда жылу да жоқ, мамық та,
Тоңып жатыр бөбектер таңылғандай табытқа.
Таң да үрейлі оларға.
Анасынан үзді үміт.
Тұл бөлмені кезіп жүр таңғы дүлей ызғырық.
III
Бұлар – жетім...
Енді-енді қандыңыз ба мән-жайға? –
Аналарын жер құшты.
Ал әкесі – шалғайда.
Кемпірге де күтуші
Бала бағу оңай ма?! –
Көбіне оның елесі көрінбейді маңайда.
Отырады егіліп, атқанда таң томсарып,
Ызғарлы үйдің ішінде күнді екеуі қарсы алып.
Өткен күнін ойлайды қабақтарын тас түйіп,
Естеліктер – ешқашан түгесілмес таспих.
Уәде еткен сыйлықтар шашуды еді нұр ғажап,
Тылсым тәтті сәулелі түс көретін түнде азат.
Әркім түсін көретін – не көргісі келсе егер,
Алтын қағаз оралған тәтті ұсынған қол шебер!
Ойыншықтар би билеп, мың бұралып айтады ән,
Жоқ боп кетіп біресе, жарқ ете қап қайтадан.
Ерте оянып азанда, айыққанда пәк тұман,
Әлі кетпей жатушы ед еріндегі тәтті дәм.
Мереке күн жеткенде - жарқ-жұрқ етіп жанары,
Ата-ананың үстіне қақпай кіріп барады.
Ал бұларды ол жерде қарсы алатын сүйіспен,
Мас болатын жымиған жұпары бар иістен.
Мерекенің сылтауы емес еді аз бақыт,
Тентектіктің ошағын жіберетін маздатып.
IV
Оһ, олардың сөздері тамаша еді-ау, тамаша! –
Құлпыратын сәт сайын үйдің іші жаңаша.
Пештегі от та гүл құсап жайнаушы еді уыста,
Көлеңкелер бір сәтке тығыла қап қуысқа.
Көлеңкелер биінен жалыны оттың шалқыр-ды,
Жиһаз беті елеске толушы еді сан түрлі.
Бір қызығы, кілті жоқ...
Иә, кілті жоқ шантақтың,
Көз ала алмай дәл содан, келді талай дәм татқың.
Кілттеулі есік ар жағы құпия бір ғалам боп,
Ашты қиял кірпігін – сол тылсымға алаң боп.
Тесігінен құлыптың қараңғыны қақ жарып,
Естілетін бір гуіл, түнгі тылсым жанданып...
Ата-ананың бөлмесі қаңырап тұр ал, бүгін,
Жұтты түнек есікке жұққан сәуле қалдығын.
Енді, міне, пеш те жоқ,
Сүю де жоқ өртеніп,
Ата-анамен бірге өшіп, қалды адыра еркелік.
Жаңа жылдың түні де қайғы болып басталмақ,
Қарсы алады егіліп, жанарлардан жас парлап.
Сыбырлайды екеуі пештің түбін мекендеп:
«Алыстағы анамыз қашан келер екен?» - деп...
V
Барады ұйықтап бөбектер түк қорғансыз пішінде,
Жылап жатқан сықылды олар, тіпті, түсінде.
Жүрегіңді бұл қайғы алады орап жалынша,
Түн ішінде өксіген бөбек үні шалынса.
Сәби шақтың, алайда, періштесі емсек-ті,
Қос жетімге тәп-тәтті түстерді әкеп көрсетті.
Мүмкін емес бөлісу ол түстердің шаттығын,
Шалықтайды жымиып, шашып маңға пәктігін.
Қолдарымен жер тіреп, көтереді бастарын,
Шолады кеп көздері қызғылт жұмақ аспанын.
Кетіргендей тәтті түс көңілдегі қаяуын,
Шашу қылып ойнайды кемпірқосақ бояуын.
Пеште жалын лаулайды, көңілді бір ән алып,
Терезеден көк аспан үңіледі тамсанып.
Күн нұрына масайып күллі ғалам оянды,
Ыстық сүйіс қыздырған жер шапаққа боянды.
Үй - жап-жарық...
Үрей жоқ.
Тұр қанатын жайып көк,
Қара киім жердегі кеткен бәрі, ғайып боп.
Қойды үруін жыртқыш жел үй есігін тырналап,
Перизаттар жүргендей шекесіне гүл қадап.
Қос бөбектің шықты үні –
Қуанышты үн бал төккен...
Міне, ананың төсегі...
Не нәрсе онда жалт еткен?
Кереуеттің үстінен қоя берді күлімдеп,
Ақ күмістің жүзінде қызғылт сәуле дірілдеп.
Кіл зергерлік бұйымдар жарқырап тұр, жанып тұр,
Маржан қырын
Жұзақтың сәулесі өтті қарып бір.
Онда алтынға Аманат – Сөз жазыпты мүсіндеп:
Ең асыл сөз ойылған:
«БӘРІ АНАМЫЗ ҮШІН!» - деп.
Сурет: dicasparadecoracaodenatal.com.br