- Негізгі бет
- Асыл сөз
- Үш белгі...
Үш белгі
Жақсы жігіт асылында қандай болмақ керек? Оның сипаты қандай? Ер жігіттің қанатындай болған тұлпар мықтысын қалай ажыратамыз? Немесе қонақжайлықтың белгісі қандай? Бұл сұрақтардың жауабын төмендегі өлеңдерден біле аламыз.
Жақсы жігіт белгісі
Жақсы туған жігітті
Жаным десе жарасар.
Жақсы ұл туған қатынды
Ханым десе жарасар.
Жақсы туған жігітке
Бүкіл елі таласар.
Жаман туған жігіттер
Қара жолдан адасар.
Арғымақ аттың құйрығы –
Сатса жібек, кессе қыл.
Жақсы жігіт белгісі
Түзде мырза, үйде құл.
Қошқар болар тоқтының
Маңдай жері дөң болар.
Адам болар жігіттің
Айтқан сөзі жөн болар.
Би болатын жігіттің
Төбеде болар жұмысы.
Мерген болар жігіттің
Жебеде болар жұмысы.
Батыр болар жігіттің
Көбеде болар жұмысы.
Қызық көрер жігіттің
Бүркітте болар жұмысы.
Жаман болар жігіттің
Жалаң аяқ, жалаң бас
Итте болар жұмысы.
Қас жүйріктің белгісі
Бедеу аттың белгісі,
Бес түн қатса болдырмас.
Қаса нардың белгісі,
Шашасын сорға малдырмас,
Қас жүйріктің белгісі,
Құйрығынан алдырмас.
Қас шешеннің белгісі –
Топтан торай шалдырмас.
Ақылыңа көнбейді,
Айтқаныңа сенбейді,
Атадан жаман туған дәлдір бас.
Қонақжайлық белгісі
Сырттан келген мейманға,
Сәлем беріп, қол алсаң, -
Бірінші еткен құрметің.
«Түсіңіз» деп түс беріп,
Шылбырына оралсаң,
Екінші еткен қызметің.
Есік ашып енгізіп,
Көрпе төсеп құп алсаң, -
Үшінші еткен құрмтің.
Мейман риза болмағы,
Құрметпен үйге қонғаны.
Кешіктірмей шай берсең,
Ұмыт болар тоңғаны.
Тысқа шықса қария,
Қолында болсын құмғаны.
Ірікпесең барыңды,
Қонақжайлық сол-дағы.
"Қазақтың шешендік сөздері" кітабынан
Н. Айдархан