- Негізгі бет
- Асыл сөз
- Үркер жерге түспей...
Үркер жерге түспей жер қызбайды
Үркер – күншығыстан таң біліне көкке шығып, күнбатыстан жерге түсетін, халықтың байырғы түсінігінде аса қадір тұтатын шоғыр жұлдыздардың бірі.
Үркер жұлдызына қатысты қазақ түсінігінде көптеген болжам мен жорамал қалыптасқан. Ғалымдардың айтуынша, мұндай тұжырым мен болжамның арғы жағында ғылыми негізі бар табиғат құбылысы жатыр. Ендеше қазақ арасында айтылып жүрген болжамдардың себебі мен негізін қарастырып көрейік.
Үркер жерге түспей жер қызбайды. Қазақ есепшілері қырық күн шілденің басталғанын Үркерге қарап білетін болған. Өйткені мамырдың 10-12-лерінде Үркер жерге түседі де, содан 40 күн жерде жатып, маусымның 20-22лерінде таң ата шығыс жақтан аз ғана уақыр көрініп, таң жарығымен бүркемеленіп қалады. Осы кез күннің ең үзарған, түннің ең қысқарған мезгілі. Аптапты, шіліңгір шілде айы басталып, нағыз жаз мезгілі орнайды. Күннің ұзаруымен жер бетіне күн сәулесінің де мол тарайтынын ескерсек, топырақтың да қыза түсетінін аңғаруымызға болады. Яғни, халқымыз Үркер жұлдызы жерге түсіп, көрінбей кеткен уақытын аптапты жаз мезгілі деп есептеген.
Үркерлі айдың бәрі қыс. Қыркүйек айының соңына қарай түстік шығыстан қас қарая көрінеді де, бір топ жұлдызды – Үш Арқар-Таразы, Сүмбілені бастап, батысқа қарай бағыт түзеп тұрады. Аспан әлемінде қазақ халқы таныған қатарлас ең үлкен 3 шоқ жұлдыз бар: олар – Үркер, Үшарқар-Таразы (немесе Таразы), Сүмбіле. Бұл 3 шоқ жұлдыз да шығыстан бірінен кейін бір туады: Үркер маусым шыға, Үш Арқар-Таразы тамыз айында (Үркер туғаннан кейін 20 күннен соң), Сүмбіле қыркүйек айында туады. Бұл жұлдыздар араға ай салып, бірінен соң бірі туып, қыркүйек айының аяғында барлығы бірінің соңына бірі қатар тұрып, үлкен жұлдыз шоғырын түзеді. Бұл шоғырды алыстан қараған кезде бір үлкен керуен көшке ұқсайтындықтан қазақ халқы мұны жұлдыздардың көші деп таныған. "Жұлдыздар қатар түзепті", "жұлдыздар теңесіпті" деп дейді. Бұл жұлдыздар қыс бойы тізбектеліп көш түзеген күйі батысқа бағыт алып, қыс бойы көзге көрініп тұрады. Ал қыс бойы көрініп тұрған шоқ жұлдыздар көкжиекке келгенде бір мезгілде, мамырдың ондарынан кейін (мамырдың 10-12-лерінде) жерге түседі, яғни батады. Одан кейін бірінен кейін бір туа бастайды. Осы сәтте халықтың жыл қайыру есебі бойынша ескі жыл аяқталып, жаңа жыл басталады. Мұны "тоғыс есебі" деп атайды.
Үркер қас қарая күзде (қазан айының басында) шығыстан, қыстың ортасында төбеден, көктемнің басында батыстан көрінеді. Үркердің осы көрінуін бағдарға алып жыл мезгілдерін анықтайды. Егер Үркер жұлдызы шығыстан көрінсе – бұл күз мезгілі, тас төбеден көрінсе – қыс, ал батыстан көрінсе – көктем мезгілі деген сөз. Үркер – жыл мезгілдерін жазбай тануға өте қолайлы жұлдыз. Қазақ халқы жыл мезгілдерін анықтауда Үркерді эталон етіп алған. Кейбір халықтар жыл мезгілдерін көк шықты, құс келді, құс қайтты, қар түсті деп, жердегі табиғи өзгерістерге сүйенсе, қазақ есепшілері көк жүзіндегі жұлдызды, яғни Үркерді бағдар етіп алған.
Үркер үйден көрінсе, үш ай тоқсан қысың бар. "Үркердің үйден көрінуі" киіз үйдің ашық жерінен қарағанда, сол шаңырақ ауқымындай аспан әлемінде, яғни тік төбеде (биікте) тұрған аңғартады. Ол оның бұл күздің соңғы айы – Қарашаның аяғына сәйкес келіп тұр. Демек, бұл пайымдау – қарашаның аяғына сәйкес келеді. Бұл пайымдау қарашадан кейін алдыңда үш ай желтоқсан, қаңтар, ақпан деп аталатын қыс айлары тұратындығын ескертеді.
Қазақ тілінде Үркер жұлдызына қатысты басқа да болжамжар жетерлік. Біздің тапқанымыз мыналар:
Үркер жоғары өрлеген сайын – күн суытады, ал еңкейген сайын – күн жылына түседі.
Үркер жерге түскенде қой қырқылады.
Үркер жерге түскен кезінде, мамырдың аяғы мен маусымның басында жер көктейді (О.Бөкей. «Өз отың»).
Үркер жамбасқа келме, жаз шықпағанда не қалды.
Үркер туса сорпа ас болады.
Үрке туса қозы піседі.
Үркер көтерілгенде қошқар басын көтереді. Яғни "қошқарға күйек байланатын кез болады".
Үркер көтерілгенде шөп те көтеріледі.
Үркер көтерілгенде бидай бас тартады.
Шаруасының оңды, жемісінің көкті болғанын қалаған халқымыз жыл мезгілдерін дәл танып отыруды, оны асқан есепшілдікпен нақты есептеп отыруды мақсат тұтқан. Мұның барлығы оның шаруашылығымен байланысты. Сондықтан кез келген шаруаның ыңғайын аспандағы жұлдыз бен көктегі Айға қарап тұжырымдап отырған. Ал Үркердің мал мен егін шаруашылығын оңтайландыруда үлкен маңызы бар екендігін жоғарыдағы сөз орамдарынан-ақ байқауға болады.
Мәселен, Үркердің жерге түсуі, яғни, таң сәріде тек шығыстан ғана аз уақыт көрініп, кейін көрінбей кеткен сәті жаз мезгілінің басталғанын білдіреді. Ал жаздың бастылысымен ыстықтап мазасы кетпесін әрі семірсін деген ниетпен қой түлігін қырқа бастайды. Қырықтық кезеңі басталады.
Ал Үркер батқаннан кейін күннен кейін 40 күннен кейін ол қайта көтеріледі немесе туады. Осы уақытта егіншілер егін жағдайын ыңғайлай бастайды. Яғни, көтеріліп, пісіп тұрған шөпті шауып, бидайды суарады.
Ең қызығы Үркер көтерілген уақытта қошқар да бас көтеріп, күйек байланады. Бұл тамыз айының аяғы мен қыркүйек айының басына сәйкес келеді. Кей өңірде Үркер көтерілген кезде қошқардан қойдан бөліп алып, бір айдай бөлек бағады. Өйткені қысы қатты шығыс және солтүстік аймақтарда қойдың желтоқсан, қаңтар айларында қоздауы көп қиындықтар әкеледі. Сондықтан қой ақпан мен наурыз айларында қоздасын деген ниетпен қошқардың күйегін 1 айға "кешіктіреді".
Қ. Слямбек