- Негізгі бет
- Асыл сөз
- Түр-түс атаулары қайдан...
Түр-түс атаулары қайдан шыққан?
Түр-түс атаулары – халық танымында ұлттық белгісі мен ерекшелігі бар өзгеше атаулар жүйесі. Түс атауымен бірге оның қайдан шыққаны да бізге қызық.
Түр-түс атауларының жалпы саны онша көп болмаса да (70-ке жуық атау), олардың атқаратын қызметі мен көтеретін мағыналық жүгі орасан зор. Бірақ ол жүк пен қызмет барлық түр-түс атауларына бірдей бөлінбеген: біреуінде көп болса, енді біреуінде аз болып келеді. Басқаша айтқанда ол ерекшеліктерге бір жағынан, бұл атаулардың жеке басына ғана тән өзіндік қасиеттері жатса, екінші жағынан, өзара айырмашылықтары жатады.
Түр-түс атаулары қазақ қауымы жадында қандай ерекшеліктермен сақталған? "Ақ" дегенде ол қауымның көз алдына қандай заттардың салыстырмалы түсі, сұлбасы елестейді? Бұл сауалдың туындауы, әрине, бекер емес. Өйткені табиғи болмыста әрбір түр-түстің шартты түрде қабылданған тілдік белгісі – атауы болады. "Шартты" деп отырған себебіміз: нақтылы бір түс пен оның тілдегі атауы арасында ешқандай тікелей де, материалдық та байланыс жоқ. "Сары" немесе "қызыл" түс деп танылған – өз бастарына тән ерекшеліктер.
Түстердің шынайы бейнесін басқа материалдық тұлғалардың (яғни, басқа заттардың) түр-түсін көз алдымызға елестету арқылы ғана айқындай аламыз. Бұл түр-түсті тану тілдердің бәріне тән ортақ заңдылық болса да, салыстыратын нысандар әрбір этникалық топтың өз таңдауы бойынша анықталуға тиіс. Өйткені бір этнос "көк" деп таныған түсін, екінші бір этнос «жасыл» деп санауы мүмкін.
Түр-түс компонентіндегі сын есімдер соңғы кездері үлкен өзекті мәселеге айналып отыр. "Адам – тіл – мәдениет" түр-түс түсінігімен тығыз байланыста. Түр-түс атаулары – адамның әлеуметтік, рухани әлемі мен мәдени салттар және дәстүрлерді бейнелейтін, жеке және ұлттық тілдік тұлға ерекшеліктерін анықтайтын фактор. Әрбір тілдік тұлға қоғамдық сана факторының тілдік және тұжырымдамалық әлем бейнесі кеңістігінде қолданылады.
Тұжырымдамалық және әлемнің тілдік бейнесі өзара байналысты және адамның әлемге деген қатынасын қалыптастырады, коммуникативтік тәртіп ережесі мен нормаларын анықтайды. Тіл өзінің мағынасын жүйе арқылы және "түр-түстің" ұлттық-мәдени әлемдік бейнесін ассоциотивті байланыстары арқылы ұрпақтан ұрпаққа сақтайды және жеткізеді.
Түр-түс ғылымының дүниеге келіп, жан-жақты зерттелу нысанына айналғанына екі ғасырға жуық уақыт болды. Алғашқыда түс табиғаты олардың тәжірибелік қажеттігіне орай көбірек зерттелінді. Бұл тұрғыдан есімдері белгілі болғандар: Ньютон, Ломоносов, Вернер, Саккарде, Рунге, Освальд, Гете, Мерц, Поля, Рехтер, Раткин, Люшер.
Қазіргі кездегі түс туралы ғылымның негізін И.Ньютон 1672 жылы салған. Ол Күн сәулесінің әйнек призмаларға шағылысуын сенсациялық жаңалық етіп ашты. Ақ түс "көрінетін спектр" құрайтын бірнеше түсті компоненттерге бөлінеді екен. Бұдан басқа Ньютон бұл компоненттердің қосылған кезде адам көзінде қайтадан "ақ" болып қалыптасқан түс қайта пайда болатынын көрсетті.
Түр-түстердің шығу төркіні жайлы мәселеге байланысты ғалымдар тарапынан әртүрлі көзқарастар айтылып, сан қилы болжамдар жасалған еді. Ғалымдардың кейбіреуі түр-түстерді қытай сөзінен алынған десе, кейбіреуі монғолдан кірген кірме сөз, кейбіреуі өзіміздің түркінің төл сөзі деген пікірді білдірген еді. Ғалымдар түр-түс атауларын адамның тану әрекетімен, мәдениетімен, сол халықтың өзімен байланыста қарап, түр-түстану деген бір саланың негізін қалап, тың зерттеулер жүргізіп жатыр. Әр халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан сарқылмас қазынасы болып табылатын өзіндік тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы бар. Міне, осы мәдениетті, тарихты, дәстүрді түр мен түссіз елестету мүмкін емес.
«Қазақ тіліндегі түр-түс атаулары қалай пайда болды?» деген мәселеге байланысты оларды орыс тілінің кейбір фактілерімен салыстыра қарауға болады. Мысалы, тарихтан белгілі Көк түрік, Ақ Орда, Көк Орда, бала алғаш жүргенде аяғына ала жіп байлау – бәрі түр-түспен байланысты болып табылады. Тіпті, тұрмысқа жаңа шыққан қыз баланың ата-анасына орамал тігіп, өз мұңын, жағдайын, қуанышын, шат көңілін, жіптің түр-түсімен жеткізіп отырған. Егер орамал қызыл жіппен кестеленсе, оның әке-шешесі бұл хабарға өте қатты қуанып, барған жеріне риза болған. Өйткені қызыл жіп қуанышты, шат көңілді, бейбіт өмірді білдіреді де, ал сары жіп – керісінше, уайым-қайғының белгісі болғандықтан, қыздың әке-шешесін сағынып жүргенін білдірген.
"Қоғам" саласына жататын негізгі тарауларға академик Ә.Т.Қайдар ұсынған этнолингвистикалық жүйе бойынша қазақ қауымына, мемлекеттік құрылымға, ел қорғауға, материалдық және рухани мәдениетке, тармақтарға қатысты 30-ға жуық тақырыптық топтар жатқызылады. Осы принцип бойынша бірнеше мысалдар келтіріп өтсек. Олар төмендегілер:
- Қазақ қауымының негізін құраушы ру-тайпалар құрамында кездесетін және кейбір көрші халықтар аттарында қолданылатын "ақ" және "қара" атаулары: ақ қаңлы, қара қаңлы, ақ қыпшақ, қара қыпшақ, қара қазақ, ақ орыс, қара орыс, ақ ноғай, қара ноғай, қара сарт.
- Мемлекет құрылымы мен оны басқару жүйесіне (заң, құқық, жаза, рәміз, ақша) қатысты "ақ" және "қара" атаулары: ақ заң, қара заң, қара зындан, қара бақыр, ақша, ақ тас, қара тас (сайлауда), қара қағаз (жаман хабар), қара гүреш (майда тиын), ақ жалау, қара ту.
- Материалдық (заттық) және рухани мәдениет, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, наным-сенімге (әдебиет, музыка, өнер, тұрмыс-салт заттары, құрал-жабдық, діни ұғымдар) қатысты: ақ бесік, ақ неке, ақ отау, ақ бұйрық, ақ кебін, ақ жастархан, ақ өлім, қара тану, қара тұту, қара шаңырақ, қара домбыра, қара қобыз.
- Ел қорғау, қару-жарақ. әскери ұғымдарға қатысты "ақ" пен "қара" атаулары: ақ сауыт, ақ семсер, ақ найза, ақ садақ, қара мылтық, қара сойыл, ақ қаңтар, ақ тоқым, ақ жебе.
Түр-түс атаулары – ең көне әрі қарапайым, танымдық қызметі зор, тілде жиі қолданылатын логикалық теңеу тәсілі болып табылады. Шындық әлемді танудың ұтымды құралы бола тұрып, түр-түс атаулары мейлінше мазмұнды, көп қырлы тілдік құбылысты білдіреді. Түр-түс атауларының ойлау өрісінің бір формасы ретінде дүниені эмоционалды түрде қабылдаудағы және ондағы кейбір құбылысты салыстыра бағалау тұрғысынан қандай да бір нысанға мән берудегі орны ерекше.
Қ. Слямбек