Тілші ғалымдардың әзіл-қалжыңдары #2

Әзіл-қалжың жинауды әдетке айналдырған түркітанушы Мақсұтхан Жақыптың тілші ғалымдар айтқан әзілдердің екінші топтамасын ұсынамыз.

Профессор Бабаш Абылқасымовтың айтқаны

Мәулен Балақаев ауруханада жатып қалып, жұмысқа келеді ғой. Сонда академик Ісмет Кеңесбаев «әй, Мәулен! Сен ана жаққа  барып келді дейді ғой, неғып келдің, сонда қала салмай» десе, ол табанда былай деп жауап береді: «әй, Ісмет! Мені олар қабылдамай қойды, мен бар болғаны профессормын, ал оларға академик керек екен!».

Бабаш Абылқасымов

Академик Шора Сарыбаевтың  кейбір кітап, газет-журналдарға берген сұхбаттарынан:

...Шынын айтсам, мен әкеме бұл жағынан да тартқан екенмін. Анекдоттарды жақсы көремін. Менің коллекциямда 2000-ға жуық анекдотым бар. Олардың кейбіреуін өзім шығардым. Көрнекті актер Қ.Сұлтанбаев біраз сықақ шығармаларымды сахнаға шығарды. Ал әкей балаларды сықақ-мысалдар арқылы тәрбиелеуді жөн көргенін айтады.

(Менің ғылымдағы өмірім. Ғалымдармен 21 сұхбат.Алматы, 2014. Сұхбаттарды жүргізгендер М.Қ. Қойгелдиев, З. Б. Мырзатаева)

- Анекдоттарым бір коллекция болады. Екі мың анекдот жидым. Өзімнің шығарғаным да бар, газеттерден жинағаным да бар, сосын әр-әр жерде, банкетте отырғанда естіп қалғандар да бар. Соны бастырайын деп баспаға бастырайын деп едім, 350 анекдоттың  50-ін алып тастапты. Ең қызықтарын алып тастамақшы. Онда бастырмаймын деп, қайтып алып кеттім. Анекдоттарда автор болмайды. Қадыр Мырза Әлиге біреу «Сенің мақал-мәтелдерің газет-журналдарға шығады. Бәрі айтып жүр, бірақ Қадырдікі деп айтпайды» депті. Сол құсағандай, мен неге анекдот жинаймын? Өйткені «Күлкі – денсаулықтың мүлкі» дейді. Мәселен орыстарда  күлкінің бес-ақ түрі бар. Қазақта күлкінің 64 түрі бар екен. Соның бәрінің тізімін жасап, «Қазақ әдебиетіне» бердім. Өзімді «күлкітерапиямен» емдеймін, қан қысымым болмайды. Ал, үнемі тымырайып, стреспен жүретін адамдар көп аурады. Әйелдер неге көп жасайды? Өйткені көп күлетіндер де әйелдер. Бала туғаннан кейін ағзасы жаңарады, көп жылап шерін шығара алады. Үйдің шаруасымен жүгіріп жүреді. Ал еркектер теректің түбіне отырып алып, өсек айтады. Қимыл жоқ. Сондықтан күліп жүру керек.

(Б.Мұратқызы. «Ақ желкен», №8, 305-бет)

- 90-ға келу деген де әркімге бұйыра бермейтін ғұмыр ғой, көп жасауыңыздың құпиясы неде?

- Ешкім туралы жаман ойламаймын, жаман сөз айтпаймын. Ашу-ызаның өзін әзілге айналдырып, өзімнің де, өзгенің де күліп жүргенін қалаймын. 90-ға келсем де жаттығу жасаудан қол үзген емеспін. Балаларымнан бастап, немере шөберелеріме дейін әзілдесіп отырамын. Ақылдың өзін әзілмен айтуға тырысамын. Қызмет істеп жүргенде өтініштің өзін әзілмен жазатын едім. Қайратыма жазған өсиет хатымда да әзіл басым. Тоқсанда сексен тоғыздағыдай көрінуімнің бар құпиясы – сол күлкінің арқасы.

- Халық арасында «жасыңыз жүзге жетсін» деген жақсы тілек бар ғой, жүз жасқа толғанда да өзіңізбен өзіңізбен тағыда жүздесуге жазсын!

- Тілегіңе рахмет. Дегенмен, артыңда ел-жұрт айта жүрер жүз ауыз жақсы сөзің қалмаса, жүзге келгеннен не пайда, маған сол 99 жас, 99 күн (күліп алды).

(«Алматы ақшамы» газеті Н.Тігінбаева)

 «Қызмет істеп жүргенде өтініштің өзін әзілмен жазатын едім»

Ә.Қайдар – институт директоры, Ш.Сарыбаев – директордын орынбасары қызметтерін атқарып жүрген кез. Кезекті демалыс алғысы келген Шөкең Әбекеңе өтініш жазыпты.

Өтініш жазатын қағазға Ш.Сарыбаев бір жарым бетке созылған директор Ә.Қайдардың барлық лауазымын, атағын, қоғамдық Қызметтерін, марапаттарын тізіп, содан кейін бір бетке жуық өзінің лауазымын, атағын, қоғамдық қызметтерін әдемілеп жазып, өтініш соңын Шөкең бір жолға жетер-жетпес «Демалысқа жіберуіңізді, сұраймын» деген сөйлеммен аяқтапты.

 Шора Сарыбаев

Жұмыстан шыққан Шора

Шөкең (Шора Сарыбаев) біраз уақыт Тіл институты директорының орынбасары болып жұмыс істейді ғой. Әбдуәліге (директор) өзінің ауруларын тізіп, жұмыстан босатуын сұрап арыз жаза беріпті.

Оған Әбекең: «Ауруы шыдауға болатын ауру» деп бұрыштама соғып қайырады. Шөкең тағы бірде арыз жазып: «Бұрыңғы ауруларым аздай, енді қарап отырып өзіммен өзім сөйлесемін», - депті.

Ол арызға Әбекең: «Бұл - алжудың нышаны екен, босату керек», - деп шешіпті.

Шөкеңнің әзілдері

Ә.Қайдар мен Ш.Сарыбаев Тіл білімі институтында бірі – директор, екіншісі – орынбасар болып ұзақ жыл бірге қызмет атқарады Кезекті отырыстардың бірінде жұмыстың көптігінен шаршап отырған Шөкең қасындағыларға: «Директор жиналыста, орынбасар қиналыста» - депті.

«Терезе мен фөртөчкә»

Тіл білімінде сол кездегі жалғыз академик Ә.Қайдаров болатын. Кейін Елбасының жарлығымен корреспондент мүшелері академик болып жаряланды. Содан кейін-ақ Әбекеңнің құрдасы Ш.Сарыбаев:

– Әй, Әбдуали, сен  академикпін деп,  кеудеңді қаға берме, біз де академик болдық міне, тереземіз теңелді, - депті.

Сонда Әбекең:

– Ия, Шора, сен де академиксің, тереземіз теңелді. Бірақ мен  –  тереземін, ал сен болсаң –  «фөртөчкәсің», - депті.

«Қысқарту»

Тіл ғылымының белгілі маманы, академик Шора Сарыбаевтың  жасы келуіне байланысты Ұлттық академияның президенті Шораны жұмыстан қысқартпақ болады. Сонда ол:

- Бәсеке, мына бір жәйтті ескеруіңізді өтінемін: егер сіз мені жұмыстан қысқартсаңыз, үйдегі жеңгеңіз де қысқартып жіберетін болады, - депті.

***

Бұдан 25-30 жылдай бұрын эстрада, цирк артистерін дайындайтын студия ашылған уақыт. Сол кезде бір күні Шөкең Рәбиға Сыздықоваға:

- Салтанат деген қызымды цирк ойыншысын дайындайтын бөлімге берейін деп жүрмін, - дейді.

- Е, дұрыс, ол да өнер, әрі қазақтан шыққан ойыншылар аз сала ғой, - деп Рекең шынымен мақұлдайды. Шөкең тыңдап алады да:

- Оны иттермен ойын көрсететін бөлімге берем, - дейді.

Рекең:

- Неге иттермен, цирк тамашаларының басқа да түрлері бар емес пе? - дейді.

Сонда Шөкең:

- Салтанат Сарыбаева с собачками! - қандай келіскен тіркес, ә!...- деп, Рекеңе қулана қарапты.

Не айтарсың! Әзіл-қалжыңға, күтпеген әңгімеге келгенде, алдына жан салмайтын Шөкеңе құрдасы не айтсын?!. «Әй, Шөке-ай...» - депті де бұрылып жүре беріпті.

Рәбиға Ғалиқызы 1981 жылы жаздың бас кезінде Ташкентте болған іссапардан үйге келсе, кірген бойда телефон шылдырлайды. Трубканы көтерсе, Шөкең (Шора Сарыбаев) амандасар-амандаспастан:

- Құттықтаймын Сізді! - дейді.

- Немен? - деп сұрап үлгергенше:

- Сізді Қызыл кітапқа жазыпты! - дейді. Оны естіген Рәбиға Сыздықова:

- Ой, Шөке-ау, Қызыл кітапқа құрып бара жатқан құрт-құмырсқа, бақа-шаян, аң-құс дегендерді жазбаушы ма еді, менің оларға не қатысым бар? - деп сұрайды.

Сол сәтте Шөкең:

- Ойбүй, Алтын кітапқа екен ғой, - деп түк білмегендей, өзін-өзі түзеткен болыпты ...

***

Тіл білімі институтында үлкен жиналыс өтіп жатады. Қоғамда жекешелендіру қызу жүріп жатқан кез. Барлық жерде «Анау бір мекемені приватизация жасап алыпты, мынау бір жерді приватизация жасапты» - деген гу-гу әңгіме. Осы кезде Ш.Сарыбаев құрдасы Р.Сыздықоваға хат жіберіпті:

«Реке, елдің бәрі бірдеңені приватизациялап жатыр екен. Мен өзіңізді приватизация жасайын деп едім...»

(«Тағлым» кітабынан. Алматы, 2004.)

Р.Сыздықова келген үшпу хатқа салмақтай отырып жауап жазып жіберіпті: «Шөке-ау, мені приватизация жасауға ваучеріңіз бар ма осы Сіздің?!».

Шөкең не дерін білмей: «М..м..м.., сонысы бар екен-ау..?» – депті.

Сөз тапқанға қолқа жоқ

Екі құрдастың хат жазысып отырғанын біреу байқап қалып, қолына түсіріп, мәжілістің призидиумына беріп жіберіпті. Мәжіліс басқарып отырған Әбдуәли Қайдаров: «Мәжіліс жүріп жатқанда, біздің  ғалымдарымыздың немен айналысып отырғанына куә болыңыздар», - деп, құрдастарының сөз сайыстарын сол жерде отырып дүйім жұртқа оқып беріпті. Сөйтіп, үш қүрдастың әзіл-қалжыңы зиялы қауымды  күлкіге батырып, бір сергітіп тастапты.

***

Рабиға Сыздықованың жұбайы – Қазақстанға белгілі, ел құрметтейтін Азамат, танымал актер, артист Шахан Мусин. Шахаң ауырып жатқанда Әбекең мен Шөкең замандастарының жағдайын сұрап, үнемі хабардар болып отырады.

Шахаң өмірден озған соң, біраз уақыт өткеннен кейін, Шөкең (Ш.Сарыбаев) әйелі Қымбат апайға келіп:

- Маған көп ұрса берме. Ұрса берсең, мен Рәбиғаға кетіп қаламын. Вакансия бар, - дейді. Сонда жұбайы Қымбат:

- Бүйте берсең, сені менің өзім-ақ сокращениеге жіберермін, - депті.

***

Өткен ғасырдың 90 жылдарының бас кезінде халықтың ақшасын алып қашқан Смағұлов дегеннің банкісіне ақша салып, тегін олжаға белшесінен батпақ болып жұрт дүрліккен кезде, Шөкең Ғалиқызын үгіттей бастайды:

- Соған ақша салыңыз, өсімі керемет!

Рәбиға Сыздықова оған:

- Біріншіден, салатын артық ақшам жоқ, екіншіден, оған барып сағаттап кезекте тұратын уақытым жоқ! - деп жүре жауап беріп, ұсынысына мән бермейді.

Шөкең оны қанағат тұтпай, ұсынысын күнде-күнде айта береді.

Бір күні Рәбиға Сыздықова кәдімгідей ренжіп:

- Шөке, қойыңызшы, маған артық ақшаның керегі жоқ, барға қанағат. Осы Сізге неге керек соншама ақша жинап? - дейді.

Шөкең:

- Маған керек, ертең өлгенде менің басыма қойылатын тас (ескерткіш) Әбдуәлидікінен 10 сантиметр биік болу керек, сол үшін жинап жатырмын, - депті.

Содан Рекең:

- О, құрдастық-ай, Сізге дауа жоқ екен, онда жинай беріңіз, - деп әрең құтылыпты.

Шөкең мен Бәкең

...«Оның жүрген жері әзіл-қалжыңға толы болатын. Өзі күлмесе де жұртты күлдіртіп отыратын. Шөкең сәл нәрседен күлкілі әңгіме құрастыра алатын. Мәселен өзінің кітабын менің аспирантым Шара Мәжітаеваға бергенде «Шаре от Шори» деп жазып беріп жұртты күлдіргені бар».

***

Шөкең Институт директорының орынбасары болып жүрген кезінде Әбдуәлиді Вице-президент Төлепбаев шақырып, Әбдуәли орнында болмағасын Шора барыпты. Төлепбаев амандасқаннан кейін Шорадан «Не жаңалық бар?» – деп сұрапты. Сонда Шөкең «Жұрт аузында мынадай жаңалық пайда болыпты.  Сіз ЦК-ға кетеді екенсіз. Сіздің орныңызға Зәки Ахметов келеді екен, Зәкидің орнына Әбдуәли барады да, Әбдуәлидің орнына мен директор болады екем» – дегенде,  бұған Төлепбаев күлудің орнына жалма-жан Әбдуәлиге дереу телефон соғып «Мына орынбасарыңды жұмыстан босату керек» депті.

(Профессор Бабаш Абылқасымовтың естелігінен алынды)

***

Бәкеңнің Шөкең туралы көбірек білуіне екеуінің Бішкектегі докторлық диссер-тация қорғау кеңесінің он жылдай мүшесі болғаны көп себеп болады. Оларды қырғыз ағайындар айына екі рет кеңеске шақырып, өздері алып кетеді. Шөкең машинаның алдына  шалқая отырып алып барғанша, келгенше жалықпастан жол қысқарту үшін жүргізушіге анекдот айтады. Артында отырған Бәкеңді қайта-қайта айтылған анекдот жалықтырған соң:

 - Шөке-ау, бұны кеше де айттыңыз ғой, - десе, Шөкең:

- Ой, Бәке-ай, ол басқа жүргізуші емеспе еді, – деген екен. 

(Профессор Бабаш Абылқасымовтың естелігінен алынды)

Көңіл айту

Қазақ КСР-і Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Қазақ тіліндегі синонимдер», «Абай тілі сөздігі» мен «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігін» құрастырушылардың бірі, ғалым,  өмірінің соңына дейін ҚР Ғылым Академиясының Тіл білімі институтында қызмет еткен Әсет Болғанбаев әріптесінің анасы қайтыс болғанда айтқан сөзі.

Кеңес заманында Әдебиет және өнер институты мен Тіл білімі институты бір шаңырақ көп жылдар бірге жұмыс істеді. Әдебиеттанушы-ғалым Нина Сергеевна Смирнова деген кісінің шешесі қайтыс болып, бір топ тілшілер үйіне көңіл айтуға барады. Ішіндегі үлкені Әсет Болғанбаев болса керек. Басқалары көңіл айтуды соған жүктепті. Орысша көңіл айтуды біле бермейтін Әсекең қазақша сөз бастайды ғой.

– Нина Сергеевна, смерть всем присуща. Сегодня мама умерла, завтра вы умрете, после завтра – мы, - депті.

Сонда Н.С.Смирнова: «Лучше завтра ты умри», - деген екен.

Тілші ғалымдардың әзіл-қалжыңдары #1