Тарихи тұлғалардың шындыққа айналған түсі

Тарихи тұлғалардың шындыққа айналған түсі
Фото: google.kz

Түс – адам миында еркінен тыс жүзеге асатын тылсым процесс. Адам миының 5% зерттелген, сәйкесінше «түс» туралы нақты ғылыми тұжырымдар аз. Бұл туралы Мұхаммед Ибн Сирин  хазірет: «Түс  көру  үш  түрлі болар. Барлық адам көрген дұрыс түс болмайды. Солай болса да, жорымағы дұрыс болар.

Енді, бірінші дұрыс түс көруде адамға аян берілетіні, ғайыптан болашақтан хабар берілетіні жайлы көптеген аңыз әңгімелер бар. Сіздерге тарихи тұлғалардың шындыққа айналған түстерін ұсынамыз.

Харун арашид – Аббас әулетінен шыққан халиф (786 - 809).

ХАРУН АР-РАШИД ПАТШАНЫҢ ТҮСІ

Менің  естуімше,  Харон  ар-Рашид  түс  көріпті:  түсінде  оның аузындағы барлық тісі түгел түсіп қалған екен. Таңертең ол түс жорушысын шақырып алып:

—Бұл  түстің  жоруы  не  болмақ?—деп  сұрайды.  Түс  жорушысы былай дейді:

—Мұсылмандардың   әміршісінің   өмір   жасы   ұзақ   болғай!  Туысқандарыңның  бәрі  сенен  бұрын  өліп,  қасыңда  олардан ешкім қалмайды екен. Харон ар-Рашид қасындағыларға: —Мына  түс  жорушыға  жүз  шыбық  соғыңдар.  Мұндай  азалы  сөздерді  ол  менің  бетіме  несіне  айтады.  Егер  менің  туыс-қандарымның  бәрі менен  бұрын  өліп  қалса,  онда  менің  кім болғаным!—дейді. Одан соң ол басқа түс жорушыны алдырып, көрген түсін енді соған айтып береді. Түс жорушы: —Мұсылмандардың  әміршісінің  көрген  түсінің  мәнісі  мынада: ол өзінің туысқандарының бәрінен де ұзақ ғұмыр кешеді. Харон ар-Рашид сонда: —Ақылдың көрсетуі бірдей,—деп айтыпты. Кейінгі  жору  алдыңғы  жорудан  мағынасы  жағынан  алшақ кетпейді,  бірақ  айтылу  жағынан  мүлде  бөлек.  Кейінгі  жорушыға патша жүз динар сыйға тартқан екен. 

Ақсақ Темір - монғолдың түркіленген барлас тайпасынан шыққан Тарағай бектің баласы, атақты Монғол және түрік тектес халықтарының билеушісі, Темір әулеті империясының негізін қалаушы. 

АҚСАҚ ТЕМІР

Түркі  тұқымдас  барлас  руынан  шыққан  Шахрисабз  биі Тарағай  түс  көреді,  түсінде  биік  таудың  басында  тұр  екен. Түн  тастай  қараңғы.  Тарағай  бидің  қолында  болат  қылыш бар.   Қолындағы   қылышынан   сол   шақта   найзағай   оттары жарқылдай  дүние  жүзі  жап-жарық  бола  қалады.  Тарағай  би оянып кетеді. Бірақ сол түні оған ақ киімді, ақ сәлделі, ақ атты адам аян береді: «Тарағай би, қазір әйелің Тәккине бір ұл туады. Ол әлемді билейтін жаһангер болады»,—депті. Ол Қызырғали  әссалам  әулие  екен.  Бұл  жору  ертеңіне  Қазаған  ханға да  жетеді.  Ол  болашақ  жаһангер  Әмірдің  тууынан  сескеніпті,  нөкерлеріне  бұйрық  беріп,  бидің  жоқ  кезінде  толғатып жатқан әйелдің қарнын іштегі бала өлі түсуі үшін ауыр таспен үйкелетеді.  Әйткенмен  бала  мұнымен  өлмейді,  мезгілі  жеткенде туады. Бірақ тастың салмағымен ана қарнынан бір аяғы солып түседі. 

Селжұк – оғыздардың қынық руынан шыққан Селжұқ мемлекетінің негізін қалаушы. 

ӘМІР СЕЛЖҰКТІҢ ТҮСІ

Әмір Селжүк жүз жыл жасады. Бірде ол түнде түсінде кіші дәретін  отқа  жіберіп  тұрғанын,  ол  оттан  ұшқан  ұшқындардың жердің  шығысы  мен  батысына  шашырап  түсіп  жатқанын  көреді. Бұл көрген түсін түс жорушысына айтқанда, ол былай деп жауап  береді:  «Сенің  тұқымыңнан  әлемнің  алыс  елдерін  жаулап алатын патшалар шығады». Шындығында  да  солай  болды.  Әмір  Селжүктің  ұрпақтары шығыс пен батысты жаулап, аса қуатты мемлекет құрды. 

Хорчи - Шыңғысханның серіктерінің бірі, ноян.

БААРИН ТАЙПАСЫНАН ХОРЧИ УСУН

ҚАРИЯНЫҢ ТҮСІ

Хорчи келіп бүй дейді:

—Біз  Бондончар  богданың  әкелген  әйелінен  туғандықтан, Жамұқамен  кіндіктес  әрі  үндес,  тілдес  адамбыз.  Сондықтан да  Жамұқадан  іргені  аулақ  сала  алмаймыз.  Бірақ  құдіретті Тәңір  келіп,  маған  аян  берді:  «Қырдың  қызыл  сиыры  келіп, Жамұқаны  сәл  айналсоқтап  жүрді  де,  үйімен  қоса  сүзгіледі. Сөйтіп  бір  мүйізін  опырып  алып,  сыңар  мүйізді  боп  қалған соң,  «мүйізімді  бер»  деп,  Жамұқаға  қарай  мөңіреп  тарпыланды.  Тағы  мұқыр  кер  сиыр  үлкен  үйдің  арбасына  жегілген екен  деймін.  Ол  Темүжіннің  соңынан  үлкен  арбасын  сүйрете ұмтылып:

Тілге көнсе жер мен көк,
Темүжінді ел иесі болдырғай,
Тасып  бара  жатырмын, — деп  мөңіреді.  Жасаған Тәңір  менің  көзіме  осылай  көрсетті.  Егер,  Темүжін,  сен  менің  алдын  ала  болжап  айтқанымдай,  ел  қожайыны  болсаң,  маған қандай  жақсылық  істер  едің?—дейді.  Сонда  Темүжін:  «Шынында мен мұқым елді билесем, сізді түменнің нояны болдырар едім»,—дейді. Хорчи Усун қарияның түсі кейіннен оның өңінде шындыққа айналды. 

Бабыр -  Ұлы Моғолдар патшалығының 1-ші падишаһы және негізін қалаушысы, сардар, ақын, жазушы. 

БАБЫР МЫРЗАНЫҢ САМАРҚАНД ҚАЛАСЫН

АЛАР АЛДЫНДАҒЫ ТҮСІ

«Сол  кезде  ғажайып  түс  көріппін:  маған  әулие  Қожа  Убай-долла келген екен деймін. Оны қарсы аламын. Қожа үйге кіріп, төрге  отырды,  оның  алдында  дастархан  жайылды,  тағам  мол тартылмағандықтан  ба,  әулие  Қожа  маған  реніш  білдіргендей сезінемін. Баба молда мен жаққа қарап, ымдап белгі берді. Менде  оған:  «Бұл  менің  кінәм  емес,  дастархан  жайған  адамның кінәсі»,—деп ымдадым. Қожа  айтқанымды  ұғып,  ишарат  білдірді.  Ол  орнынан  тұрады, оны шығарып салмақ болып ілесемін. Сол үйдің ішінде ол менің екі қолымнан ұстап, тік көтеріп алды, бір аяғыммен жер  тіреп  қалдым.  Қожа  түрікше:  «Шейх  қайырымды  кеңес  берді», — деді.   Сол   бірнеше   күннің   ішінде   Самарқанды   алдым». Ұлы Моғол империясының негізін салған Бабырдың көзі тірі кезінде оның күші мен атағына тең келер ешкім болмады.

Досмұхаммед хан – Моғолстан билеушісі Есенбұғаның баласы, Моғолстанды 1461/62-1469 аралығында басқарған.

ДОСМҰХАММЕД ХАННЫҢ ТҮСІ

Әкесінің   өлімінен   соң,   Досмұхаммед   өгей   шешесімен некелесіп,  ар-ождан  шынысына  тас  атты  да,  оны  сындырды.  Қалыңдық  күйеудің  үйіне  салтанатпен  ұзатылған  соң, Досмұхаммед хан түсінде қара атқа мініп келген әкесі Есенбұға  ханды  көреді. Оған (баласына) жақын  келісімен, атынан  түсіп,  қолымен  қазанның  түп  күйесін  алып,  оның (баласының)  бетіне  жағады.  Аузын  ашып,  ол  былай  деп  тіл қатады: «О, соры қайнаған, масқара болған неме, ислам дінін қабыл алғанымызға жүз жылдан  астам  уақыт  өткенде,  сенқайтадан   кәпірге   айналдың,  мұсылмандардың шариғаты мен  тәртібін  тәрік  еттің».  Ол  қорамсағынан  оқ  алып,  оның (баласының)  бүйірінен  атады  да,  өзі  атына мініп,  ғайып  болады.  Ұйқыдан  оянған  Досмұхаммед  хан  болған  іске  өкініп,  әрі күйзеліп, дәрет алады да, өгей шешесінен кетеді. Сол күні оның бүйірі (түсінде оқ тиген жері), буын-буындары ауырып, ыстығы көтеріледі де, бұ дүниеден аттануға қамдана бастайды. Емшілер оны емдеп жазуға қанша тырысқанмен, ештеңе жасай алмайды. Осылайша, ол о дүниеге көшіп, тамұқ үйіне бет алды.

Жаннұр Бекболат,

ҚазҰУ, Қазақ филологиясы
мамандығының 3-курс студенті

Г. Берік