- Негізгі бет
- Асыл сөз
- Сұлтанмаxмұт Торайғыровтың қанатты...
Сұлтанмаxмұт Торайғыровтың қанатты сөздері
Сұлтанмахмұт Торайғыров – ерте оянған, елдің мұң-мұқтажын ерте түсініп жырлаған азамат ақын. Бала күннен жазған өлеңдерінің өзінен-ақ ол әлеуметтік теңсіздікті, халықтың қоғамдық өміріндегі мешеулікті жіті көзқараспен таниды. «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам» деп, ақын қара басындағы міндетті ғана айтып қойған жоқ, өз халқының дертіне ем табу, мұқтаждықты, өнерсіздікті жою, сөйтіп халықты, мәдениетті, ерікті етуді ойлайды. Мұны ақынның қанатты сөздерінен де аңғаруға болады.
Ел түзелсін десең - әуелі өзіңді түзе.
Бірінші ел болуға намыс керек,
Мал-жанды намыс үшін салыс керек.
Қорланып өмір сүрген тіршіліктен,
Өлгенім артық деген намыс керек.
Күнәдан қорыққан адам - кісі ақысын жемейді.
Өнерлі ел - бар мұқтажын жерден емеді,
Бар қиынды - тек қана ғылым жеңеді.
Ел үшін еңбек етсең - xалқыңа сүйкімді боласың.
Ер өлсе де - елге еткен еңбегі өлмейді.
Наданның қақын кім болса да жейді.
Дүние - қызықтырған қызыл киік,
Бар адам қуған соны көңілі сүйіп.
Көпшілігі далақтап жете алмай жүр,
Азшылығы кенелген қолға тиіп.
Миллетке бек зор үміт - шәкірт xалқы.
Ел болудың бірінші тірегі - білім.
Берген - бұзады.
Мал мен бақтан ғылым артық.
Тамақтың құлы болған қызыл ауыз.
Тар кеуде, шымшық басқа ақыл қонбас.
Жан қайда әділетті іздейтұғын,
Адамшылық атақты көздейтұғын.
Тірлік пен өлген күнді бірдей ойлап,
Екі жайдан күдерді үзбейтұғын.
Арамға азғырғанды сезбейтұғын,
Арам ойдың қиясын кезбейтұғын.
Көрініп шайтан келіп азғырса да,
Адалдық, ар-иманнан безбейтұғын.
Кедей, бай, қажы, төре - бәрі бір бас.
Байлықтый пейілі тар: адам баласын алалайды.
Кедейлік, сен - жексұрын түсің суық!
Дін деген - өтірікке нану деген.
Ар сатып - ырыс жинама.
Дүниеде қызық бар ма өлмегендей.
Дүниенің заңы - биліктің қолында.
Адамға аса қымбат балалық шақ,
Ойға кіріп шықпайтын сор менен бақ.
Бала жанына - ойын азық.
Байлық - ұрлықтың жемісі.
Іштен тынып жүргеннен - сөнген артық.
Адамның ең ұлы қасиеті - бақытты болуға талпыну.
Бұл күнде шыбын - тірі, періште - өлген.
Қазіргі өмір бақыт іздеген жанды залымдық жолына түсіреді.
Бақытқа жетудің ең "жеңіл" жолы - ел үстінен күн көру.
Мен - қазақ: қазақпын деп мақтанамын,
Ұранға "алаш" деген атты аламын.
Сүйгенім - қазақ өмірі, өзім - қазақ,
Мен неге қазақтықтан сақтанамын.
Балаға - бәрі бауыр.
Достың сыры - досына паш.
Кісінің басы доп емес - әркім бір алып қағатын.
Адам - надан болса, жер - сараң болады.
Мен сөнермін - ісім сөнбес!
Бақытты болғысы келген адамға - парыз міндет.
Әркімнің - әр іске қабілеті болады.
Атақты шенеуніктер баласынан аз көрдім стипендия артылғанын.
Адамзат әділ бола алады.
Тілден зікір, көңілден - пікір.
Бұл күнде адал еңбекпен байи қою қиын.
Найзаның күшімен жанған бақ - найзаның ұшында сөнеді.
Адамдыққа сия ма кісі өлтіріп,
Батыр деген ат тауып, медаль алмақ.
Дүние - жеу-жегізу майданы екен.
Дүниеден жейтұғын ауыз құрымай - әділдік орнамайды.
Әділ болып байқадым не өндірдім,
Бұл басым залым болып бір байқасын.
Қартайғанда ырқыңа дүние түгіл, денең де көнбейді.
Қартаймау - қолдан келмейтін іс.
Кәрілік: бұл күнде ұйқы, тамақ, қайғы жолдас.
Пайданы енді ойлаймын өз басыма,
Хош айтып идея деген жолдасыма.
Енді мен жер сүйемін, байлық жиям,
Көп ойдың көңілім сенді болмасына.
Дүниеден өткеннен соң жер беті жұмаққа айналса да - одан бізге не пайда.
Қыз сыны:
Ақ сәуле, күміс жүзді, құндыз қабақ,
Сен - гүлсің шашқан жұпар жарып сабақ.
Болғанда көзің - жақұт, етің - торғын,
Қасың - ай, шашың - жібек, мамық - тамақ.
Көзің - нұр, аузың - алма, сөзің - алтын,
Самород қоспасы жоқ, нағыз балғын.
Шомылған сұңқар бойың нақ гауһардай,
Бұрқырап нұр төгілсін - маған талпын.
Не шара соқыр болса көңіл көзі.
Өзі - мас, көңілі - тас.
Өлең-жыр - көңілді түзететін машина.
Біздің қазақ - әнқұмар xалық.
Жас балаларды ән үйренуге қызықтырыңдар.
Ар азығы дегеніміз - әділдік.
Адамды бақытты қылатын - ар азығының ер жетуі.
Тариx ғылымының пайдасы - алдыңғылардың жіберген қатесін кейінгінің қайталамауына көмектесетіндігінде жатыр.
Ілгері кеткен жұрттың қатесін енді ілгерілейін деп тұрған жұрттар істесе - көре тұра отқа түскендік болып шығады.
Өлең айтушы әнпаз адамдарды жұртқа есерсоқ деп көрсетпей, есті деп қадірлі етіп көрсетуге тырысу керек.
Адам баласының ауыр күн көрістен құтылып, бақытты болуына себепкер болатын Еуропадағы ғылымды мен екі жікке айырып ұғамын: бірі - дене азығы, екіншісі - ар азығы.
Бір xалықтың сүтпен бірге байланған ірік-шірік қара кеуілін аршып, жаңа руxпен қандандыратын, таза пейілмен жандандыратын шын жүректен шып-шып шырқырап шыққан өлең-жыр, әдебиет деген нәрсе болады.
Түзу ғылымнан, түзу ұстаздан тәлім алған тәліп неге түзелмесін.
Ата мирасындай болып сүйекке сіңіп, көңілге орнығып қалған надандық шіркін жуық маңда жақсылық сөзді естірте қояр ма.
Қазекеңнің түзулікті һәм түзулік айтқан кісіні ұнатпай, ынтымақ-бірлікке қайырылмай қалшиып қалатындығы - бұрыннан да әркімге мәлім жай емес пе.
Ар азығынсыз, құр өнердің өсуімен басқалардың бақытты бола алмағаны секілді, қазақ та бақытты бола алмайды.
Ер еңбегі - елге ортақ.
Елге пайда - ерге абырой.
Арманың болсын - арманға қоса дәрменің болсын.
Ердің еңбегін ел білерлік заман бізге де туар ма екен.
Үрмесе - ит болар ма, шақпаса - бит болар ма.
Дүние деген у екен - алдап соғар қу екен.
Сөзің - өзің.
Дос іздедім, қармандым,
Тауып едім - алдандым.
Жүрегім, тулап шабасың,
Жоқты қайдан табасың.
Бір-ақ жазық қазақта - ұлы-қызы мазақта.
Қызық - жаныңды қыздырар,
Қайғы - қаныңды бұздырар.
Ер бар ма елі үшін жан қиятын,
Басшы бар ма етегіне ел сиятын.
Жанның бәрі өз ісін мақұлдайды,
Адам қайда сезетін ар-ұятын.
Қайдан табам xалықтың шын баласын.
Анау қырда татар тұр - басқалармен қатар тұр,
Мынау ойда қазақ тұр - қастарында азап тұр.
Ашуды қой - серік бол ақыл досқа.
Түзелсін көңілі әуліккен адам қайдан.
Барлық адам баласы өзіндей көрсе өзгені -
Озбырлықтың өшіп қарасы, өзімшілдіктің өлгені.
Әдемдегі ғаламат - игілікке ғана арналса,
Өнері артық азамат - еңбекте ғана арланса.
Оқу-білім көркеймек - елге егіп пайдасын,
Ел жетіліп көркеймек - өнер қанат жайғасын.
Көркейтуге алашты құрбан біздің жанымыз!
Жүрек - тңрліктегі тілек ұясы.
Жұртым-ау, құдайыңды ойлаймысың?!
Шын ғана - тұрақты.
Сөз қадірін білмесең - өлең оқып не керек.
Ақ көңілге - қара күйе жұқпайды.
Кінә іздеген - кінәмшіл.
Көпірме сөз - көсілме.
Ерке қыз - жібек арқан,
Хас сұлу - жаратылысқа мақтан.
Өмір - қысқа, бейнеті - көп.
Қаніпезер - адам өлтіреді,
Күншілдер - жүректі өлтіреді.
Мың жыл ғұмыр кешсең де - арман деген таусылмайды.
Тау басында тұрғанды - жарға итерме.
Абырой-ынтымақ - бірлік бар жерде ғана жүреді.
Өлер жерден кеттік біз!
Осы күнге жеттік біз!
Жасайды алаш - өлмейміз!
Сезімнің сыртқа шықпас түсі бар ма,
Оны жасырар адамның күші бар ма.
Біреу - күй, біреу - пішін, біреу - сөзбен,
Көрсетпейтін жүректің іші бар ма.