Бұл сөз қазақ тілінде көбінесе түлкі жортпас түлей, түлейден қашқан түлкі деген сияқты тіркестерде кездеседі. Түлей сөзін түсіндірме сөздікте де, фразеологиялық сөздікте те "қалың, ну", "қалың ну орман" деп анықтайды. К.К.Юдахин қырғыз тіліндегі түлей сөзін "саңырау, мылқау" мағынасындағы дүлей сөзімен бір деп табады да, жоғарыдағы мысалдағы түлей жол дегенді "глухая дорога" деп аударады. Түлей мен дүлей сөздері бір сөздің фонетикалық екі варианты ма, жоқ екі бөлек сөз бе, оны этимологтардың үлесіне қалдыра тұрып, түлей сөзінің контекске қарай мағынасына үңілсек, "қалың, ну" дегеннен гөрі "жапан түз, жалпақ дала" дегенге жуық келеді.
Мысалы, "Алпамыс" жырында:
Қарсақ жортпас қалыңнан,
Қарғып кетіп барады.
Түлкі жортпас түлейден,
Адыр-адыр белдерден,
Шапқанда шаңы бұрқырап,
Жұлдыздай болып ағады, — деген жолдарға қарағанда, түлей сөзі "ну орман" дегеннен гөрі "жалпақ дала, ұшы-қиырсыз қашықтық" дегенді білдіретін тәрізді, өйткені жұлдыздай ағу үшін орман емес, адыр-адыр белдері бар ен дала, кеңістік керек. Әрине, бұл тіркестер образ ретінде қолданылған, сондықтан тіркес компоненттерінің жеке тұрғыдағы мағынасының дәл, өзгермей келуі шарт та болмас, дегенмен образ жасайтын фразалардың мағынасы шындықтан туатындығын ескермеске және болмайды. Сол сияқты, "Қамбар" жырында:
Түлейден қашқан түлкіңді,
Ұстайтын қауіп ендетіп, — дейді. Мұндағы "ендетіп қуу" деген фраза "көсіліп, түлкі жолын кеулеп" деген мағынаны беретінін ескерсек, түлкі қашатын түлей — орман емес, ашық жер, жалпақ дала. Сірә, біздіңше, түлкі жортпас түлей дегендегі түлей осы соңғы мағынаны білдіреді (тіпті түлкі жүрмейтін жапан түз). Жоғарыдағы мысалда да қарсақ жортпас қалың, яғни "орманды, шөпті" дегендей жынысты жер және "жапан түз, жалпақ дала" деген паралельдер тәрізді. Қырғыз тілінде түлей жол сияқты тіркестерде келетіні де осы мағынаны білдіреді; өйткені жолдың үстіне ну орман өспейді ғой; түлкү жүрбос түлөй жол түнде кетип баратам (фольклордан). Қазақ жазушыларында қу түлейде жорту деген тіркесте де кездеседі, мұнда да "қу дала, жапан түз, ен дала" деген ұғымды білдіреді.
Рабиға Сыздықтың "Сөздер сөйлейді" кітабынан