ХV-XIX ғасырларда өмір сүрген қазақтың ақын-жырауларының өлең-толғауларында, бағзы заманнан келе жатқан мақал-мәтелдерде, сондай-ақ кейбір ежелден қалыптасқан сөз тіркестерінің құрамында бұл күнде аса көп қолданылмайтын, мағынасы күңгірт тартқан немесе мүлде түсініксіз көптеген сөз бар. Сонымен қатар, қазірде жиі айтылатын актив сөз болғанымен, ертеректе беретін мағынасы басқаша болған атаулар да жоқ емес. Ендеше, ұмыт болған, мағынасы көмескіленген ескі сөздерді қайта жаңғырту үшін сөздер сөйлейді.
Тұла бойы. Бұл тіркестің жалпы мағынасы түсінікті: оны сөздіктер «бүкіл дене, он екі мүшесі түгелімен» деп түсіндіреді. Мұндағы бой сөзі де түсінікті, ал тұла деген немене? Ол жеке тұрып қолданылмайды. Іздестірсек, тул – парсы тілінде «ұзындық, ұзындық аралығында» деген мағынаны беретін сөз екен. Қазіргі қазақ тіліндегі тұла бой дегеніміз адам денесінің ұзын бойы, яғни бүкіл дүниесі тіркес болып шығады. Өте ертеде қалыптасқан мұндай екі тілдік сөздердің тіркесі қазақ тілінде аз кездеспейді. Мысалы, ұзақ қарға деген құс атауы да «қарға + қарға» деген сөз: ұзағ парсы тілінде «қарға» (ол парсы тіліне түркі тілдерінен ауысқан сөз болуы мүмкін, ол күнде түркі тілдерінде ұзақ сөзі жеке тұрып та қарға деген құс атауын білдірген сөз болуы керек). Және бір мысал: шарбы май тіркесі. Бұл да парсы-түркі сөздерінің қатарласа қолданылған май+май сөздері, өйткені чәрб – парсыша «май».