Толғану, толғамалы, толғау. Толғану сөзі қазірде негізінен «ойлану, терең ойға бату, бір нәрсенің шешімін іздеу» деген ұғымда қолданылады. Ал бұл сөздің «жиырылу, оралу, бір нәрсені айналу, төңкерілу» деген көне мағынасы қазіргі қазақ тілінде ұмыт болған. Махмуд Қашқари көне түркі тілінде толға(у) сөзі «орау, иіру» дегенді білдіргенін жазады. Л.Будагов толғамақ (толғау) сөзінің «бір нәрсені орау, иіру, қоршау, айналу, айналдыру» деген мағынада қазақ тілінде қолданылғанын көрсетеді. Қазақ тіліндегі әбжыландай толғану деген тіркес «әбжыландай иірілу» дегенді, одан барып, «әбжыландай арбау, қызықтыру» деген ауыспалы мәнде қоданылғанын жоғарыда айттық («әбжыландай толғанды»). Тек әбжылан емес, өзге тұста да «иірілу» мағынасын беруде осы сөзді қолданушылық бар.
Толғау сөзінің «орау» мағынасы толғамалы найза, толғамалы мылтық, толғамалы балта деген тіркестерде де келеді:
Толғамалы ақ балта...
Толғамалы ала балта қолға алып (Доспамбет).
Толғамалы ақ сүңгім («Қобыланды»).
Толғамалы найзамен
Толықсып жауға шапқанда (Махамбет).
Найза, сүңгі, айбалта тәрізді соғыс қаруларын ұстағанда олардың сабы сусып, жылжып кетпес үшін былғары қайыс, жіп т.б. сияқтылармен орап тастайтын болған немесе олардың ағаш саптарын спираль түрінде кертіп қоятын болған. Сондықтан оларда толғамалы, яғни «сабы (ұстайтын жері) оралған» деген эпитет пайда болған. Бұл сын есім келе-келе соғыс қаруын танытатын образды, көркем эпитет болып, тұрақты тіркеске айналғандығы байқалады.
Сөйтіп, ертеректе қазақ тілінде толғау (толғану, толғамалы) сөзі «орау, иіру, үйіру» мағынасында да қолданылған.
Рабиға Сыздықтың "Сөздер сөйлейді" еңбегінен