ХV-XIX ғасырларда өмір сүрген қазақтың ақын-жырауларының өлең-толғауларында, бағзы заманнан келе жатқан мақал-мәтелдерде, сондай-ақ кейбір ежелден қалыптасқан сөз тіркестерінің құрамында бұл күнде аса көп қолданылмайтын, мағынасы күңгірт тартқан немесе мүлде түсініксіз көптеген сөз бар. Сонымен қатар, қазірде жиі айтылатын актив сөз болғанымен, ертеректе беретін мағынасы басқаша болған атаулар да жоқ емес. Ендеше, ұмыт болған, мағынасы көмескіленген ескі сөздерді қайта жаңғырту үшін сөздер сөйлейді.
Толағай. Махамбеттің атақты «Ереуіл атқа ер салмай» деген өлеңіндегі:
Темір қазық жастанбай,
Қу толағай бастанбай, –
деген тармақтарда кездесетін толағай сөзі ақын жинақтарында да, мектеп оқулықтарында да «бас» деп түсіндіріліп жүр. Бұл – біршама дұрыс түсінік. Толағай – таза түркі сөзі емес, ол – не түркі-монғол тілдеріне ортақ, не тек монғол тілдерін тән сөз. Қалмақ тілінде толһо – «бас», монғол тілінде толгой – 1) «бас», 2) «басшы, бастық, ие» 3) «бастаушы», 4) «бір нәрсенің басы», 5) «бір бөлік, бір дана». Осы сөзден «басшы болу, басқару, жетекшілік ету» мағынасын беретін толгойло деген етістік жасалған. Ал қазақ тілінде бұл сөз қу толағай тіркесі түрінде жұмсалғанда, біздің байқауымызша, тек «бас» деген ұғымды емес, «тақыр бас, жалаңаш бас» дегенді білдіреді. Бұл образды тіркесті Махамбеттен өзге үлгілерден, мысалы, батырлар жырларынан да таптық. «Ер Қосай» жырында Қосайдың сары аты жауды барлап келуге баланы айдалаға жаяу тастап кеткенде, ол:
Ер-тоқымын жастанып,
Қу толағай бастанып,
Сол бұлақтың басында
Адамы жоқ қасында
Үш күн, үш түн жатады.
Біз топшылаған мағынаның дұрыстығын төмендегі мысалдар дәлелдей түседі. Өткен ғасырда Н.Ф.Катанов жинап бастырған қазақ мақал-мәтелдерінің ішінде «құдайдан тілегенім қолаң шашты қара еді, құдайдың өзі қосты қу толағай бастыны» деген мәтелді келтіреді.
Бұл сөзі Қазақстанның батыс өңіріне ғана тән жергілікті сөз деп тануға болмайды. Өйткені, толағай сөзін Көкшетау маңында туып-өсіп, сол өңірде жасап өткен Шал ақыннан да табамыз. Шал ақын толғауының бірінде:
Тау толағай көрінер тасы кетсе, –
дейді. Бұл сөзді Семей облысының Аягөз маңында өмір сүрген Дулат Бабатайұлының да кездестіреміз:
Төрт түлікке толдырды,
Толағай тұлдыр қыратты.
Міне, бұларда да толағай сөзінде «жалаңаш, тақыр» деген мағына бар.
Қазақ тілінде толағай сөзінің екінші мағынада қолданылғаны және кездеседі. Ол – «тоқтамай соққан, қатты жел». Марқасқа жыраудың толғауында:
Тоқтамай соққан толағай,
Толастар мерзім жеткен дүр, –
деген тармақтар бар. Бұл жердегі толағай – жел (желдің бір түрінің аты).
Р. Сыздықованың «Сөздер сөйлейді» атты еңбегінен.