Тәу ету, тауап қылу. «Алпамыс» жырында Байбөрі байдың қуанышын:
Тілекті алла берді деп,
Бабаларым келді деп
Тәу етті барып айналып, – деп суреттейді. Мұндағы тәу етті тіркесі өзге жырларда да кездеседі. Мағынасы «бас иді, тағзым етті (поклонился)». Бұл тіркес о баста ислам дінін қабылдағанға дейінгі нақты діни ритуалға байланысты пайда болған. Ол жайында Шоқан Уәлиханов былай деп жазады: «Вообще скот, как единственное средство народа, ведет к разным поколениям к нему: не наступают на кости животных; если прольется молоко, киргиз все [очищает], чтобы не оставить их (в осквернении – кесір) и чтобы умилостовить...., делая крест и поклон (тәу ету)....., (поднося) правую руку к лбу, подбородку, правому плечу, потом левому. То же делают, когда переходят через конские джели, говоря, что джели имеют кие и делают таут (тәу ету)». (Валиханов, І, 114). Демек, тәу ету о баста малдың киесін сыйлау үшін жасалатын нақтылы ритуалдың — бас июдің атауы болған. Тәу ету тіркесі, сірә, малдан өзге де «киелілерге» (мысалы, айға) бас июді білдірген. Мысалы, Мұхтар Әуезов «Қара Қыпшақ Қобыланды» пьесасында екі-үш жерде «Ай көргендей тәу еткен» деген сияқты фразаларды қолданады. Тәу ету нақтылы бір нәрсеге (малға, айға) бас июде айтылады. Ал тәңірі, құдай (алла) сияқты абстракт ұғымдарға қазақтар тәу етпейді.
Тәу ету дегенге тұлға жағынан ұқсас тауап ету фразасы да бар.
Болды тауап қылғандай
Ниет қылып қағбаны («Алпамыс»).
Ниет еттің тәңірінің үйі кебеге
Ниет етсең жетерсің
Жетсең тауап етерсің (Шалкиіз).
Тауап ету тіркесі көбінесе қағбаны тауап ету түрінде кездеседі. Қағба (арабша) – Меккедегі храмның аты, мұның бір қабырғасына атақты аспанға ілініп тұрған қара тас қойылған, Меккеге барушының барлығы осы тасқа қолдарын тигізбей кетпейтін болған. Мұндағы тауап сөзінің, біздің байқауымызша, тәу сөзіне қатысы жоқ. Тауап арабтың тауаф «бір нәрсені айналу» деген сөзі; түрікше де тауаф ету (қылу) – «бір нәрсені, оның ішінде қасиетті жерді айналып жүру» дегенді білдіреді. Қағбаны тауап ету – храмды айналып жүру, яғни Меккеге барғандықтың белгісі.
Бірақ тауап ету тіркесінің тәу ету тіркесіне сыртқы тұлғасы жағынан ұқсастығы мен мағынасы жағынан жақындығы (яғни бір нәрсені қаситтеу) оны тәу ету деген сияқты «бас ию» мәнінде жұмсауға себепкер болғанға ұқсайды. Мысалы, ХІХ ғасырда жасап өткен Нұрым жырау Шыршығұлының «Әтембетке айтқаны» деген толғауында:
Сондықтан сізге келгенім
Қағбаға тауап еткендей
Иіліп сәлем бергендей, – дейді. Мұнда жырау тауап ету дегенді бас ию – иіліп сәлем берумен шендестіреді.
Рабиға Сыздықтың "Сөздер сөйлейді" еңбегінен