ХV-XIX ғасырларда өмір сүрген қазақтың ақын-жырауларының өлең-толғауларында, бағзы заманнан келе жатқан мақал-мәтелдерде, сондай-ақ кейбір ежелден қалыптасқан сөз тіркестерінің құрамында бұл күнде аса көп қолданылмайтын, мағынасы күңгірт тартқан немесе мүлде түсініксіз біраз сөз кездеседі. Сонымен қатар, қазірде жиі айтылатын актив сөз болғанымен, ертеректе беретін мағынасы басқаша болған атаулар бар. Ендеше, ұмыт болған, мағынасы көмескіленген ескі сөздерді қайта жаңғырту үшін сөздер сөйлейді.
Сұрқылтай. Жетісуда Шыңғыс әулетінен төрелік еткен Тезек – төре тұқымының бірқатары сияқты, ақындыққа, өнерге бой ұрған адамның бірі болған. Оның Сүйінбаймен айтысында:
Тұсында Абылайдың Бұхар жырау,
Хан Әділдің кезінде Түбек тұр-ау.
«Әр заманның бар дейді сұрқылтайы»,
Сұрқылтайым менің де екен мынау, -
дейді. Қазақта «Әр ханның тұсында бір сұрқылтай» деген мәтел бар. Қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, оның көбін орыс тіліне аударып бастырған белгілі этнограф-фольклоршы Шоқан Уәлихановпен Омск кадет корпусында қатар оқыған досы Г.Н. Потанин «Восточные мотивы в средневековом европейском эпосе» (М., 1899) деген еңбегінде гурульдай деген сөз монғолша «ханның кеңесшісі, ақыны» деп анықтайды. Қазақтар қолданған сұрқылтай сөзінің мағынасы да «ханның кеңесшісі, ақылшысы, сөзін сөйлейтін ділмары, ақыны» дегенді білдіреді. Бұхар жырау – Абылай ханның ақылшы-кеңесшісі, сұрқылтайы болса, Тезек төренің айтуына қарағанда, Әділ ханның сұрқылтайы Түбек жырау болған. Зерттеуші М. Жолдасбековтің жазуына қарағанда, Тезек төре Сүйінбайды да, Бөлтірікті де ығына жығып, өзінің сұрқылтайы еткісі келген екен. Мұны жоғарыдағы оның Сүйінбайға «Сұрқылтайым менің де екен мынау» дегені дәлелдей түседі.
Бұл сөздің түбірі монғолдың: 1) «оқыту», 2) «бір нәрсеге үйрету». 3) «тәрбиелеу» мағыналарындағы сурга (х) сөзі болу керек. Сургаал сөзі: «ілім» мағынасын, сургуулъ сөзі 1) «мектеп, училище», 2) «оқу, үйрету, оқыту» дегенді білдіреді, ал –тай монғол тілінде сын есім тудыратын жұрнақ. Сонда сургаалтай (сургултай) қазақша сұрқылтай «үйретуші (ақыл-кеңес беруші)» деген сөз болып шығады.
Сұрқылтай сөзінің көне этнографизмдердің (белгілі бір халықтың материалдық, рухани мәдениеті мен тұрмыс-салтын танытатын сөздер) бірі екендігін оның қазіргі монғол тілі сөздіктерінде (мысалы, 1957 жылы Мәскеуде шыққан монғолша-орысша сөздікте) көрсетеді. Бұл сөз қазақ тілінде де мән-мағынасы мүлдем күңгірт тартып кеткендіктен, қазіргі жазушылардың бірқатар мұны жағымсыз адамды сипаттайтын сөз ретінде жұмсағандары байқалады. Мысалы, Қалихан Ысқақов «Тұйық» деген романында Қияқмұрат деп атанған кейіпкерін екінші кейіпкері Қажымұрат: «Ойпырмай, бұл сұрқылтайдың да жаны сірі екен, таңнан қара кешке дейін нәр татпай іздейтіні ілік» деп сипаттайды. Тіпті бұл сөзді сын есім (онда да жағымсыз сипаты білдіретін) ретінде жұмсаушылық та бар.
Бұл сирек кездесетін сөзді этнографизм ретінде сақтап, өз мағынасында ғана жұмсау – иілді танудың, оны мыйлаудың дәлелі болмақ.