Шыбын: шыбын жан. Қазақ тілінде жан сөзімен қосақтасып шыбын жан болып шыбын сөзі жүреді. Мысалы, «Қобыланды» жырында:
Әулиеге ат айтып,
Қорасанға қой айтып,
Шыбын жанын және айтып...
Шырағымның шыбын жан
Жасаған, саған аманат.
Кейде шыбындай жаны түрінде де келеді:
Келмембет кірді ханына
Ара түсіп Қамбардың,
Бір шыбындай жанына («Қамбар»).
Қозы Көрпешке анасы:
Бір шыбындай жаныңды қорға, балам, - дейді. Бұл тіркестердегі шыбын, біздіңше, шыбын-шіркей мағынасындағы сөз емес тәрізді. Сірә, парсының жан сөзімен қатар осы мағынада шыбын сөзі қолданылған. Өйткені шыбын сөзі жан сөзін қосарламай да «жан» мағынасында қолданылып келген. Мысалы, «Қобыланды» жырында Құртқа Қобыландыға:
Шыбыныңды тапсырдым,
Бір жаратқан құдаға, - дейді.
Жалғыз ауыз әдебиеті тілінде емес, жазушылардың қолданысында да «жан» мағынасында шыбын сөзі кездеседі. Мысалы, Сұлтанмахмұт Торайғыров «Қамар сұлу» романында науқас Қамар туралы: «Құр шыбыны бар» деп суреттейді.
«Жан ұшырып» мағынасында, соның синонимі ретінде шыбын болып деген тіркес те кездеседі. Мысалы, Шоқан Уәлиханов жазып алған «Қозы Көрпеш» жырында:
Қарабай, Сарыбаймен аңға келген,
Бір адам шыбын болып үйден келген, - деген жолдарды оқимыз.
Ал шыбындай жаны деген тіркестегі -дай жұрнағының жалғануы, біздіңше, нақты теңеу үшін болып тұрған жоқ. Бұл жұрнақ түп-төркіні бейтаныс сөздерге жалғануға бейім екенін тіл мамандары әрдайым көрсетіп келеді (еңгезердей, алпамсадай, зымырандай т.б.).