ХV-XIX ғасырларда өмір сүрген қазақтың ақын-жырауларының өлең-толғауларында, бағзы заманнан келе жатқан мақал-мәтелдерде, сондай-ақ кейбір ежелден қалыптасқан сөз тіркестерінің құрамында бұл күнде аса көп қолданылмайтын, мағынасы күңгірт тартқан немесе мүлде түсініксіз көптеген сөздер бар. Сонымен қатар, қазірде жиі айтылатын актив сөз болғанымен, ертеректе беретін мағынасы басқаша болған атаулар да жоқ емес. Ендеше, ұмыт болған, мағынасы көмескіленген ескі сөздерді қайта жаңғырту үшін сөздер сөйлейді.
Сауда. Сауда сөзін бұл күнде затты сату не сатып алу әрекеті мағынасында ғана түсінеміз. Ал қазақ тілінде бұл сөздің өзге де мағынада келіп, жалғыздықтың саудасы, ғашықтықтың саудасы сияқты тіркестер құрап жұмсалатын сәттері бар. Жауына жалғыз шапқан Алпамыс батыр туралы:
Жалғыздықтың саудасы
Түсті ерге бір күнде, –
деп келсе, Жібектің аулына екінші рет аттанғалы тұрған Төлеген:
Басыма менің түсіп тұр
Ғашықтықтың саудасы, –
деп шынын айтады. Қамбар батыр қарсыласы қалмақ ханына:
Қан ағызып көзіңнен
Басына сауда салайын, –
дейді. Мұндағы ғашықтықтың саудасы деген тіркес «ғашықтық оты, өлердей ғашықтық» деген мағынаны білдірсе, жалғыздықтың саудасы немесе басына сауда салу дегендердегі сауда сөзі «қиындық, ауыртпалық» деген мәнде жұмсалып тұр.
Сауда сөзінің араб тіліндегі мағынасы «ыза, меланхолия», парсы тіліндегі мағыналарының бірі – «қатты құмарту, махаббат және ызаланушылық, ыза», ал орта ғасырлардағы түркі ескерткіштеріндегі мағынасы «қатты құмарту, сүю, махаббат және құмарлық, әуейілік». Сауда сөзінің қазақ топарығында пайда болған мағынасы одан әрі құбылып, жалпы «ауыртпалық, қиындық» дегенге көшкені байқалады, өйткені жалғыздықтың саудасы дегенде сөз ұғымы махаббатқа, әуейілікке жуыспайды, бұл жерде сауда – «ауыртпалық, шарасыздық». Сауда сөзін дәл осы мағынада қазақтың өткендегі ақын-жазушылары да пайдаланған:
Басыңа сауда болады
Жолдас қылсаң, жаманды. (Майлықожа)
Сауда сөзінің осы көрсетілген мағыналарда бұл күнде актив қолданылмағанымен, бір кезде еркіндеу жұмсалатындығын жоғарыдағы мысалдар дәлелдейді, бірақ, өкінішке орай, қазақ тіліндегі араб-парсы сөздерінің арнайы түзілген сөздіктері бұл сияқты сөздерді бермейді, көбінесе қалың жұртшылыққа түсінікті, талайдан арабтікі, парсынікі екені көрсетіліп жүрген сөздер түсіндіріледі.
Сөйтіп, түбі арабтық сауда сөзі қазақ тілінде тек «сауда-саттық» ұғымында ғана емес, араб-парсы тілдеріндегідей, сезімге, ақыл-еске, адам мінезінің сипатына қатысты мағынада да жұмсалған екен. Орнын тауып қолданса (ғашықтықтың саудасы деген қалыпта), бұл сөздің қазірде де кәдеге асатыны сөзсіз.
Р. Сыздықованың «Сөздер сөйлейді» атты еңбегінен.