- Негізгі бет
- Асыл сөз
- Сөздер сөйлейді. "Сары"...
Сөздер сөйлейді. "Сары"
ХV-XIX ғасырларда өмір сүрген қазақтың ақын-жырауларының өлең-толғауларында, бағзы заманнан келе жатқан мақал-мәтелдерде, сондай-ақ кейбір ежелден қалыптасқан сөз тіркестерінің құрамында бұл күнде аса көп қолданылмайтын, мағынасы күңгірт тартқан немесе мүлде түсініксіз көптеген сөздер бар. Сонымен қатар, қазірде жиі айтылатын актив сөз болғанымен, ертеректе беретін мағынасы басқаша болған атаулар да жоқ емес. Ендеше, ұмыт болған, мағынасы көмескіленген ескі сөздерді қайта жаңғырту үшін сөздер сөйлейді.
Сары. Түсті білдіретін сары сөзі – бұл күнде әбден түсінікті, жиі жұмсалатын сөздердің бірі. Бірақ осы сөз келген жердің бәрінде де түс атауы бола бермейтін бар. Мысалы, бәрімізге белгілі сары алтын тіркесі бар. Бұл өзі – тұрақты тіркес. Ертедегі өлең-жырларда да, қазірде де қолданылатын сөздер. Мысалы:
Дүние деген сары алтын
Әркімдерді алдаған. (Нұрым жырау)
Садағының кірісін
Сары алтынға малдырған. (Махамбет)
Мұндағы сары сөзі сырт қарағанда солай сияқты болып көрінетінмен, шындығында түске байланысты емес, яғни алтынның сары түсіне қатысты қалыптасқан тіркес емес. Сары алтын дегендегі сары – парсыша сара сөзі, ол – «таза, қоспасыз, пробасы жоғары (алтын, күміс жөнінде)» деген мағынаны береді. Бұл ұғымда саф алтын деп те айтылатыны мәлім (саф деген арабша «таза» деген сөз). Абай тіпті самородный сары алтын деп сол мағынадағы орыс сөзін қосып айтқаны белгілі. Сонда сары, саф, самородный сөздері бір мағынадағы үш тілдің сөздері. Демек, сары алтын – таза, қоспасыз алтын.
Сары сөзінің бұдан басқа да тіркестерде түстен өзге мәндегі сөз болып келетін жерлері бар. Мысалы, сары уайым тіркесіндегі сары да парсы сөзі, парсыша сар сөзінің бір мағынасы «уайым, қайғы». Сонда сары уайым тіркесі – уайым-уайым болып, бір мағынадағы екі сөздің қабаттаса айтылуынан пайда болған плеонастық тіркес. «Уайым, қайғы» ұғымындағы сар сөзінің қазақ тіліндегі жеке (яғни, еркін тіркесте) қолданылмайтындығынан, қазақ құлағына кәнігі (үйреншікті) сары тұлғасына ауыстырылып қалыптасып кеткен.
Сар сөзінің түске қатыссыз қолданылатын үшінші жері – сары бел, сары адыр, сары жота, сары дала, сары арқа, сары жал, сары бұлақ, сары тау деген сияқты тіркестерде. Бұлардағы сары (көбінесе дұрысы – сар) сөзі жер-су аттарын арнайы зерттеген ғалым Е.Қойшыбаевтың көрсетуінше, «кең» мағыналарды білдіреді.
Р. Сыздықованың «Сөздер сөйлейді» атты еңбегінен.
Е. Жұмабайұлы