ХV-XIX ғасырларда өмір сүрген қазақтың ақын-жырауларының өлең-толғауларында, бағзы заманнан келе жатқан мақал-мәтелдерде, сондай-ақ кейбір ежелден қалыптасқан сөз тіркестерінің құрамында бұл күнде аса көп қолданылмайтын, мағынасы күңгірт тартқан немесе мүлде түсініксіз көптеген сөздер бар. Сонымен қатар, қазірде жиі айтылатын актив сөз болғанымен, ертеректе беретін мағынасы басқаша болған атаулар да жоқ емес. Ендеше, ұмыт болған, мағынасы көмескіленген ескі сөздерді қайта жаңғырту үшін сөздер сөйлейді.
Салар. Ертеден келе жатқан "Сен салар да мен салар, атқа жемді кім салар" деген мәтел бар. Мұндағы салар сөздері қазақ тіліндегі сал- етістігінің сімше тұлғасы сияқты көрінеді. Шындығында мұндағы үш рет қайталанған салар сөзінің соңғысы ғана етістік, ал алдыңғы екеуі есім сөз, ол "басшы, бастаушы, бастық" деген мағынадағы парсы сөзі. Парсы тілінде жоғары әскери басшыны (орысша "главнокомандующий" дегенді) сипаһсалар деп атайды, сипаһ – "әскер, армия" деген сөз, сонда сипаһсалар – "әскер басы, армия басшысы" деген термин, керуен басы дегенді каруансалар деп атайды. Сонда жоғарыдағы қазақ мәтелі "мен де бастықпын, сен де бастықсың, атқа жем салып (немесе тоқым салып) қызмет ететін кім болмақшы" деген мәнді білдіреді.
Р. Сыздықованың «Сөздер сөйлейді» атты еңбегінен.