ХV-XIX ғасырларда өмір сүрген қазақтың ақын-жырауларының өлең-толғауларында, бағзы заманнан келе жатқан мақал-мәтелдерде, сондай-ақ кейбір ежелден қалыптасқан сөз тіркестерінің құрамында бұл күнде аса көп қолданылмайтын, мағынасы күңгірт тартқан немесе мүлде түсініксіз көптеген сөз бар. Сонымен қатар, қазірде жиі айтылатын актив сөз болғанымен, ертеректе беретін мағынасы басқаша болған атаулар да жоқ емес. Ендеше, ұмыт болған, мағынасы көмескіленген ескі сөздерді қайта жаңғырту үшін сөздер сөйлейді.
Сақетер, сақсыр. Ертеде өткен Доспамбет жыраудың бір толғауында:
Сақетер тиді саныма,
Сақсырым толды қаныма, –
дейді. Мұндағы сақетер, сақсыр сөздері бұл күнде қолданылмайтын бейтаныс атаулар. Контекске қарағанда сақетер – қарапайым соғыс қаруының аты (сақ етіп тиетін нәрсе) немесе «сақ етіп тиетін оқ» дегеннің образды атауы. С. Аманжолов сақетер әдеби тілдегі қылыш дегеннің орнына қолданылатын диалектизм, яғни Қазақстанның батыс өлкесіне тән жергілікті сөз деп таниды.
Сірә, ұрыс, соғыс қаруларының атауы –ар/-ер/-р жұрнақты есімше тұлғасымен беру қазақ тілі үшін ертеден дағдыға айналған тәсіл болу керек. Мысалы, «Қобыланды батыр» жырынан:
Шауып келіп Қараман
Безеу тісті кертартар
Тас төбеге салады, –
дегенді оқимыз. Мұндағы кертартар да ұрыс қаруы. Соңғы дәуірлерде пайда болған бесатар, алтатар деген атыс құралдарының атаулары да осы тәсілмен жасалған сөздер.
Ал сақсыр сөзі тағы да контекске қарағанда киімнің, оның ішінде не аяқ киімнің, не шалбардың атауы болса керек. Өйткені, саннан аққан қан не шалбардың ішіне, не аяқ киімнің ішіне толады ғой. Бұл екі атаудың екеуі де өзге түркі тілдерінің, сондай-ақ көне және орта ғасыр түркі тілдерінің сөздерінде жоқ. Соған қарағанда бұлар қазақ топырағында туған образды тіркестер, образды атаулар болуы мүмкін. Эпикалық жырлар тілі бір нәрсені бейнелеп атауға, ойды образбен беруге икем екендігі белгілі.
Р. Сыздықованың «Сөздер сөйлейді» атты еңбегінен.