ХV-XIX ғасырларда өмір сүрген қазақтың ақын-жырауларының өлең-толғауларында, бағзы заманнан келе жатқан мақал-мәтелдерде, сондай-ақ кейбір ежелден қалыптасқан сөз тіркестерінің құрамында бұл күнде аса көп қолданылмайтын, мағынасы күңгірт тартқан немесе мүлде түсініксіз көптеген сөз бар. Сонымен қатар, қазірде жиі айтылатын актив сөз болғанымен, ертеректе беретін мағынасы басқаша болған атаулар да жоқ емес. Ендеше, ұмыт болған, мағынасы көмескіленген ескі сөздерді қайта жаңғырту үшін сөздер сөйлейді.
Орындық. Қазірде өте түсінікті жиі қолданылатын сөздердің бірі – орындық. Ол – адам отыратын үй жабдығы. Бұл сөз өткен дәуірлерде де болған. Көне түркі тілінде орунлуқ – 1) тақ, 2) тұрғы. Қазақ тілінде де ертеде орындық сөзі бір нәрсенің тұрғысы дегенді білдіргені байқалады. Махамбет өлеңінде кездесетін:
Орнықты қара сабадан,
Қымыз ішер күн қайда? –
деген жолдардағы бірінші сөз орнықты емес, орындықты болуы керек, өйткені жерді азырақ шұңқырлап, үлкен сабаларды соған қоятыны белгілі, демек, осы шұңқыр – сабаның орындығы немесе саба қоятын төрт таған арнайы орындық та болған. Төсек те жалпы алғанда – тұрғы, сондықтан жататын кереует сияқты ағаш төсекті де ертеде қазақтар орындық деп атаса керек. Мысалы, Доспамбет жырау:
Зерлі орындық үстінде,
Ал шымылдық ішінде
Тұлымшағын төгілтіп,
Ару сүйдім – өкінбен! –
дейді. Мұндағы орындық деп тұрғаны – биік ағаш төсек, зерлі деп отырғаны – не өрнектелген төсек.
Р. Сыздықованың «Сөздер сөйлейді» атты еңбегінен.