ХV-XIX ғасырларда өмір сүрген қазақтың ақын-жырауларының өлең-толғауларында, бағзы заманнан келе жатқан мақал-мәтелдерде, сондай-ақ кейбір ежелден қалыптасқан сөз тіркестерінің құрамында бұл күнде аса көп қолданылмайтын, мағынасы күңгірт тартқан немесе мүлде түсініксіз біраз сөз кездеседі. Сонымен қатар, қазірде жиі айтылатын актив сөз болғанымен, ертеректе беретін мағынасы басқаша болған атаулар бар. Ендеше, ұмыт болған, мағынасы көмескіленген ескі сөздерді қайта жаңғырту үшін сөздер сөйлейді.
Майдан. Бұл сөзді қазіргі кезде көбіне-көп "ұрыс-соғыс болатын (болған) жер" деп ұғамыз. Қазақ тілінің екі томдық түсіндірме сөздігі майдан сөзін: 1) сұрапыл соғыс даласы, 2) белгілі бір бағытта әрекет жасау үшін біріккен әскери күш, 3) бір қолбасшының басқаруымен бірнеше армия құрамаларының қимыл-әрекет жасайтын ауданы деп түсіндіреді. Бұл сөздің соңғы екі мағынасы Ұлы Отан соғысы кезінде пайда болған, орыс тіліндегі фронт сөзінің баламасы ретінде алынған жаңа мағына екені көрініп тұр.
Ал бұрынырақта қазақ тілінде майдан сөзі әрі осы күнгідей, "ұрыс, шайқас орны", әрі "көгал" және "алаң" деген мағыналарда жұмсалған. Мысалы, "Қыз Жібек" жырында өлейін деп жатқан Төлеген аспандағы алты қазды шақырып:
Қонар болсаң, жануар,
Міне майдан, міне саз, —
дейді. Мұндағы майдан да, саз да "көгал жер, көкорай шалғынды жер" дегенді білдіреді. Саз сөзі де екі мағынаны білдірген: бірі – "көгал, көкорай шалғынды жер" екіншісі – "балшық", қазіргі әдеби тілімізде саз – су араласып, балшыққа айналған топырақ". Қазақ ауыз әдебиетінде саз көбінесе 1-мағынада келеді. Мысалы, қыз Назымды алмаққа келген қалмақ ханы қыздың әкесіне:
Тікпекке ақ үй сұраймын,
Ел қонбаған сазыңды, –
дейді. Н.Ф. Катанов жинап бастырған қазақ мақал-мәтелдерінің ішінде "асылсаң – биікке, жығылсаң – майданға" деген мәтел бар. Мұндағы майдан сөзі де "ұрыс даласы" дегенді емес, "алаң" дегенді білдіреді. Майдан сөзінің осы күнгідей "ұрыс даласы" деген ұғымы да батырлар жырларында жиі кездеседі. Мысалы, "Қамбар батыр" жырында:
Олар майдан ішінде
Түзетті бұлар ұрысты.
Қылыш шауып, қан төгіп,
Қыздырыңдар ұрысты –
деген жолдарды оқысақ, мұндағы майдан "ұрыс алаңы".
Сөйтіп, майдан мен саз сөздерінің осы күнгі әдеби тілімізде норма емес "көгал, көкорай шалғынды жер" және "алаң" мағыналары ескі жырлар мен мақал-мәтелдерде, сондай-ақ жергілікті сөйлеу тілінде кеңінен қолданылған.
Майдан (егер өзі о баста түркі сөзі болмаса) – парсы тілінен енген сөз, сөздіктердің көрсетуіне қарағанда, парсы тіліне араб тілінен енген.
Р. Сыздықованың «Сөздер сөйлейді» атты еңбегінен