Батырлар жырында:
Буырқанды, бұрсанды,
Мұздай темір құрсанды, – деген жолдар кездеседі. Мұндағы құрсану етістігі бұл күнде кемде-кем қолданылады. Бұл –көне түркі тілдеріндегі "белдік (белбеу)" мағынасын беретін құр сөзінен жасалған құрсау етістігі, мағынасы - "белге байлау". Құрсану – бір нәрсемен "белін байлау, белбеулену" дегенді білдіретін өздік етіс. Мұздай темір құрсану – темірден, болаттан жасалған қаруды беліне байлау, асу, ілу деген мәнде. Осы түбірден жасалған құрсай сөзі де бар. Қозы Көрпеш жырында: – "Құрсай садақ беліне ілер" деген жол бар. Мұндағы құрсай сөзінің мәнін садақты беліне ілді деген контекстің өзі ашып тұр. Қазақ тіліндегі кемпірқосақ деген сөздің де екінші компоненті – қосақ сөзі емес, құрсақ сөзі болуы керек, яғни "кемпірдің белдігі (белбеуі)". Қазіргі тілімізде бар құрсау сөзінің де түбірі құр, о бастағы тұлғасы құрсағ деген есім сөз.
Шалкиіз, Махамбет ақындарда және "Ер Тарғын" жырында келетін:
Аспанды бұлт құрсайды,
Күн жауарға ұқсайды, – деген жолдар бар. Мұндағы құрсайды дегеннің де түбірі – құр. Одан құрса етістігі жасалған. Мәні – "орау" (аспан адам баласының көзіне дөңгелек, төңкерілген дүние, оны қаптаған бұлт, кемпірқосақ сияқтылар аспанды орап алғандай көрінеді). Қазақ тілінің екі томдық түсіндірмен сөздігі бұл жердегі құрсау етістігін "айналаны қоршау, торлау, қамап алу" деп түсіндіреді. Бұл, сөз жоқ, соңғы ауыспалы мағына.
Қазақ тіліндегі құр, басқұр, ышқыр деген сөздер де"белдік" және "айнала орау" деген мәнді құр сөзімен төркіндес. Сөйтіп құрсану сөзінің түбірі – құр ("белдік") + са (етістік тудыратын жұрнақ) + н (етіс жұрнағы), мағынасы: "белге байлау, белбеулену".