Кішілік. Жырларда және XVIII-XIX ғасыр әдебиетінде кішілік сөзі кездеседі. Мысалы, Алмажан Азаматқызы шығармасында:
Алмажан сынды бейбақты,
Кішілікке алуға, - деген жолдар бар.
Сырт қарағанда, мұндағы кішілік сөзі кіші деген сөзден жасалған (кіші әйел, тоқал) сияқты болып көрінеді. Ал, шындығында бұл сөздің түбірі көне түркі тілдеріндегі кіші/кісі сөздері. Махмұд Қашғари көрсетуі бойынша, кіші сөзі "біреудің әйелі" дегенді білдірген, үйлену дегенді кіші алу деген (қазіргі әйел алу).
Демек, кішілікке алу "әйелдікке алу" деген мағынада. Сірә, "кішкентай" мағынасындағы кіші сөзінің актив қолданылуына байланысты және қатын, әйел, зайып, жұбай сөздерінің тіл кәдесін әбден атқаруына орай, "біреудің әйелі, жұбайы" деген ұғымдағы кіші сөзі қазақ тілінен мүлдем ығысып кеткенге ұқсайды да, тек кішілік тұлғасында көненің көзі ретінде некен-саяқ жұмсалып келгені байқалады. Ә.Жанпейісов "кішілік" сөзі бір кезде тіпті еркекке де қатысты айтылған болу керек деп топшылайды да, ол "құл" мағынасын берген болу керек дейді.
Қағылу. Бұл күнде қағылу сөзін қағу етістігінің ырықсыз етіс түрі деп ұғамыз. Сондықтан "Қобыланды" жырындағы:
Не қылсаң да, маған қыл,
Бурылға, сірә, қағылма, - деген Құртқаның сөзіндегі қағылма етістігін "соқтықпа, ұрынба" деп түсінеміз. Бұл тұлға осы мәнде жеке тұрып кемде-кем қолданылады. Жоғарыдағы ұғымда қақтықпа сөзі кәнігі. Ал -қақы етістігі көне түркі тілдерінде "ашулану, өшігу" дегенді білдірген. Біздің контексіміздегі қағылу сөзінің мағынасы да "ашулану" дегенге сай келеді. Біздіңше, қақтығу мен қағылу дегендер осы түбірден өрбіген. Бірақ екеуі бір-біріне жақын екі түрлі мағынада қолданылған: қағылу — "ашулану", қақтығу — "соқтығу, ұрыну".