ХV-XIX ғасырларда өмір сүрген қазақтың ақын-жырауларының өлең-толғауларында, бағзы заманнан келе жатқан мақал-мәтелдерде, сондай-ақ кейбір ежелден қалыптасқан сөз тіркестерінің құрамында бұл күнде аса көп қолданылмайтын, мағынасы күңгірт тартқан немесе мүлде түсініксіз біраз сөз кездеседі. Сонымен қатар, қазірде жиі айтылатын актив сөз болғанымен, ертеректе беретін мағынасы басқаша болған атаулар бар. Ендеше, ұмыт болған, мағынасы көмескіленген ескі сөздерді қайта жаңғырту үшін сөздер сөйлейді.
Қазына. «Алпамыс» жырында бала тілеп әулиелерге аттанған Байбөрі мен бәйбішесі жайында:
Бәйбіше барды ақырын
Қазына аузын ашқалы.
Таратты алтын-күмістен
Қалғанынша мысқалы, –
деген сөздер айталады. Бұл сөз жыр ішінде бірнеше рет қолданылған. Қазына сөзі қазақ эпостарының бәрінде де кездеседі. Кейбір басылымдарда қазине вариантында да ұшырасады. Осы күнгі тілімізде қазына сөзі «мүлік, байлық» және «мемлекет, қоғам» деген мағыналарда жұмсалады. Жырларды бастырушылар да бұл сөзді «мүлік, жиһаз» деп түсіндіреді. Бұл – арабтың хазине деген сөзі, мағынасы – асыл мүлік, жиһаздың өзі емес, соны сақтайтын жер. Ал түркі тілдеріне енгенде, бұл сөз көбінесе асыл мүлік, қымбат бұйымдардың жиынтық атауын білдіргенге ұқсайды.
Орта ғасырлардағы түркі жазба ескерткіштерінің сөздігінде (лексикалық қазынасында) хазине сөзін «мүлік, жиһаз сақтайтын жер» деп көрсетеді де, келтірілген мысалдар осыған сай түседі. Ал шындығында қазақ жырларында кездесетін қазына сөзі өз тіліндегідей «алтын-күміс, бағалы киім-кишек, қымбат жиһаз сақталған орын» дегенді білдіреді. Қазақ халқы сияқты көшпелі тұрмыс шеккендердің қазынасы, сірә, сандықтарда, кебежелерде, жүктерде (бумаларда) сақталса керек. бұған жоғарыдағы бәйбіше барды ақырын қазынаның аузын ашқалы деген жолдар дәдел, немесе «Қыз Жібек» жырындағы:
Қазинелі қырық нарға
Жібектен арқан тарттырған, –
дегендегі қазинелі сөзі «мүлік, жиһаз салған жүгі бар қырық нар». Жырды 1963 жылы шығарушылар «қазинелі» деп қате жазылған, дұрысы «қазынасын» болу керек дегендері, әрине, қате. Бұл жерде текст қазинелі (яғни жүк артқан, жүгі бар) деп дұрыс беріліп тұр.
Асыл бұйым, қымбат жиһаз шұңқырда, жер астында да сақталатын болса керек, оған «Алпамыс» жырындағы қалмақ ханының:
Қазыналы қандағы
Есепсіз түрі мол еді, –
дегені дәлел бола алады. Мұндағы қандақ сөзі «шұңқыр, қазылған жер, ор» деген мағынадағы сөз. Ол парсы тілінің қандан «қазу» деген етістігінен жасалған кірме сөз. Қазақ тілінде зындан мен қандан сөздері бір-біріне балама ретінде қолданылған тұстары да бар. Мысалы, «Алпамыс» жырында:
Патшаның сол күнде
Қазулы оры бар еді...
Қуанып халқы жүгірді,
Қандақтың аузын ашқалы...
Домалатып баланы
Зынданға әкеп тастады... –
деген жолдарда ор, қандақ, зындан сөздері бір-біріне синоним болып қатар қолданылған. Үшеуі де қазылған шұңқыр, айырмасы – қандақ пен орда мүлік, жиһаз сақталса, зынданда тұтқындарды ұстайтын болған. Сөйтіп, жырлардағы қазына – осы күнгідей абстракт (дерексіз) ұғымның атауы емес, нақтылы зат атауы. Жырлардың тілінде бұл сөздің қазіргідей мемлекет не қоғам байлығына қатысы жоқ, жеке адамның (әрине, бай адамның), әрі кетсе ханның жеке меншігіндегі алтын-күміс, тон, кілем сияқты «капиталдың» сақталатын жері, орны. Демек, қазына сөзінің мағынасы заман өткен сайын сәл өзгерген. Бұл күнде қазына «мемлекет, қоғам байлығы» сияқты абстракт ұғым атауына айналған, нақты заттық мағынасы кемде-кем қолданылады.
Р. Сыздықованың «Сөздер сөйлейді» атты еңбегінен.