Жүзбасы - түркі халықтарында орта ғасырларда қолданылған әскери лауазым, жасақтағы жүз сарбаздың басшысы. Соғыс кезінде әрбір шаңырақтан 1 жауынгер алынатын болғандықтан бейбіт уақытта жүзбасы жүз үйді басқарған. Осы себептен кейін 19 ғасырдың ортасында жүзбасылар әкімшілік сипатқа ие болып, оған жүз үй немесе жүз жауынгер шығара алатындай мөлшердегі халық бағынған. Бұл лауазым түркілерден славяндарға ауысып, 16 ғасырдан бастап казак-орыс жасақтарында да жүзбасы (сотник) шені болып, ол тек 1917 жылы Қазан төңкерісінен кейін жойылған.
Жүздік - Түркі қағандығы кезінен орныққан әскери бөлімше атауы. Түркілер әскерінің құрылымы ондық, мыңдық, он мыңдық, яғни он оқ жүйесінен тұрған. Жасақтың ең аз тобы - ондық. Бұлар үнемі алдыңғы шепте барлаушылық қызмет атқарған. Ал жүздіктер белгілі аумақты, ұрымтал жерді, елді мекенді қорғаған. Ондаған жүздіктер мыңдық деп, ал бірнеше мыңдық қосын аталған. Ал бірнеше қосыннан қол құралған. Жүздіктер - осы қалың қолдың тірегі саналатын негізгі әскери бөлімше. Алтын Орда кееңінде жүздік әскери бөлімше бірлігі ретінде түркілерден Русь князьдігіне ауысты. Осы жүйе Қазақ хандығы жасақтарының құрылымының да негізіне алынған. 16-18 Украинада әкімшілік территория, әскери бөлік те жүздік деп аталды. Казак-орыс әскерлері де жүздікке бөлінді.