ХV-XIX ғасырларда өмір сүрген қазақтың ақын-жырауларының өлең-толғауларында, бағзы заманнан келе жатқан мақал-мәтелдерде, сондай-ақ кейбір ежелден қалыптасқан сөз тіркестерінің құрамында бұл күнде аса көп қолданылмайтын, мағынасы күңгірт тартқан немесе мүлде түсініксіз біраз сөздер кездеседі. Сонымен қатар, қазірде жиі айтылатын актив сөз болғанымен, ертеректе беретін мағынасы басқаша болған бірқатар атаулар бар. Ендеше, ұмыт болған, мағынасы көмескіленген ескі сөздерді қайта жаңғырту үшін сөздер сөйлейді.
Жебе. Бір қызық жайт – қазақ тілінде көне қарулардың бірі – садаққа (жаққа) қатысты атаулардың көбі күні кешеге дейін бірнеше, ең кемі екі вариантты болып келеді. Мысалы, садақтың оғы оқ деп те, жебе деп те аталған. Екеуі де поэтикалық тілде қатар қолданылған: қозы жауырын оқ, сай кез оқ, сары жебе, күшіген жүнді сұр жебе, қызыл сырлы жебе, т.т.
Кейбір кітаптарда, мысалы, Махамбет жинақтарында жебе сөзі «садақ оғының қыры» деп түсіндірілсе, қазақ тілінің екі томдық түсіндірме сөздігінде жебе – «садақ оғының масағы» деп анықталады (ал масақ сөзінің өзін «садақ оғының масағы» деп түсіндіреді), сонда жебе – «садақ оғының ұшының ұшы» (!) болып шығады.
Дұрысында жебе – оқтың өзі. Мұны батырлар жырларында бірнеше рет қайталанып келетін:
Көп оғының ішінде
Сұр жебе деген оқ алды, - деген жолдар дәлелдей түседі.
Оқ пен жебе сөздері бір мағынадағы синонимдер. Егер жебе сөзі контекске қарай оқтың ұшын білдіретін болса, ол – ауыспалы мағынасы. Осыдан барып садақтың оғы сияқты үшкір, ұшы сүйір нәрсені де, мысалы, найзаның өзін немесе ұшын жебе деп атау пайда болған:
Жебелі найза қолға алсын...
Алты қырлы ақ жебе
Шаныша алмасам маған серт! – дегендердегі жебе – найза немесе найзаның ұшы.
Қазақстанның батыс өлкесінде істік сым темірді жебе істік дейді. Аңға немесе жауға қарсы, олардың жолына істік ағаштан, я болмаса темірден құратын тосқауылды да жебе деп атаған. Мысалы, Махамбет ақындығы:
Құрулы жатқан жебеге
Құрсағынан шалдырған, - деген жолдар осыны танытады. Немесе эпостардағы:
Жеті қатар қазған оры бар,
Ор ішінде жиған торы бар,
Жеті қатар жебе бар,
Болаттан қаққан шеге бар, - деген жолдар да жебе сөзінің бір мағынасы істік тосқауыл екендігін дәлелдей түседі.
Кейінгі Ұлы Отан соғысы кезінде және одан бұрынғы бірінші дүниежүзілік соғыста да соғысушы екі жақтың тосқауыл шебінде қолданған тікенекті темір торды немесе танкіге қарсы құрылған тосқауылды ату үшін де кейде жебе сөзін пайдаланылғанымыз мәлім. Бұлардың барлығы о бастағы «оқ» мағынасындағы жебе сөзінің ауыспалы мәнде пайда болған қосалқы қызметтері.
Р. Сыздықованың «Сөздер сөйлейді» атты еңбегінен алынған.
Сурет: media1.s-nbcnews.com