ХV-XIX ғасырларда өмір сүрген қазақтың ақын-жырауларының өлең-толғауларында, бағзы заманнан келе жатқан мақал-мәтелдерде, сондай-ақ кейбір ежелден қалыптасқан сөз тіркестерінің құрамында бұл күнде аса көп қолданылмайтын, мағынасы күңгірт тартқан немесе мүлде түсініксіз көптеген сөз бар. Сонымен қатар, қазірде жиі айтылатын актив сөз болғанымен, ертеректе беретін мағынасы басқаша болған атаулар да жоқ емес. Ендеше, ұмыт болған, мағынасы көмескіленген ескі сөздерді қайта жаңғырту үшін сөздер сөйлейді.
Жағаласу. Бұл сөздің қазіргі негізгі мағынасы – «тайталасу, айқасу» одан қалды «қосамжарланып араласу, қоса қабаттасу», соңғысы – ауыспалы мәні. Сырт қарағанда, бұл сөз тайталасқан адамдардың бір-бірінің жағасынан алуына қатысты айтылған болу керек деп ойлаймыз. Ал шындығында сөздің түбірі жағы/йағы/жау сөзінің көне түркілік түрі (түркі тілдерінде ғ-у дыбыстарының алмасуы – кәнігі құбылыс: тағ – тау, бағ-бау дегендердегі сияқты).
Жағалас- етістігі – көне йағылаш- сөзінің қазақша варианты, ал йағыла- «ұрысу, соғысу», дәлірек көшірсек, «жауласу» (йағы – жау). Демек, йағы/жау түбірінен қазақ тілінде екі етістік жасалған: жағалас- және жаулас-. Сонда жаумен жағаласу дегеніміз қазақшаға «аударсақ» жаумен жауласу болып шығады. Әрине, бір түбірден жасалған жауласу мен жағаласу деген екі тұлға өз алдына мағыналық реңктері бар екі дербес сөзге айналған: жағаласу тұлғасы «жауласу» сияқты жалпы ұғымның ішінде «арпалысу, тайталасу, қоса қабаттасу» сияқты нақтылау реңкті білдіретін сөзге айналған, өйткені тіл «артық дүниені көтермейді», егер жауласу мен жағаласу сөздері дәлме-дәл бір мағынада тұрып қалса, біреуі артық дүние болып шығар еді.
Р. Сыздықованың «Сөздер сөйлейді» атты еңбегінен.