ХV-XIX ғасырларда өмір сүрген қазақтың ақын-жырауларының өлең-толғауларында, бағзы заманнан келе жатқан мақал-мәтелдерде, сондай-ақ кейбір ежелден қалыптасқан сөз тіркестерінің құрамында бұл күнде аса көп қолданылмайтын, мағынасы күңгірт тартқан немесе мүлде түсініксіз көптеген сөздер бар. Сонымен қатар, қазірде жиі айтылатын актив сөз болғанымен, ертеректе беретін мағынасы басқаша болған атаулар да жоқ емес. Ендеше, ұмыт болған, мағынасы көмескіленген ескі сөздерді қайта жаңғырту үшін сөздер сөйлейді.
Ирек. Ит мініп, ирек қамшылады. Бұл тіркесте ирек сөзі түсініксіз. Академик А.Н.Кононовтың жазғанына қарағанда, түріктер арасында иттің атын Ирек немесе Серек деп қояды екен. Демек, ирек сөзі ит, қасқыр тұқымдас деген атау болуы керек. Сонда бұл образды тіркес «бір итті мініп, бір итті қамшылап» деген мәнді білдіреді. Бір мағыналы екі сөзді кезектестіріп, бір сөйлем ішінде ойнату тіл-тілдің қай-қайсысына да жат құбылыс емес. Осы әдіс арқылы, яғни сөздерді ойнатып образ жасау – ұтымды тәсілдердің бірі.
Ирек сөзінің этимологиясын (қай тілдік екенін және түпкі мағынасы мен морфологиялық құрамын) әрі қарай іздестіріу қажет. Біз әзірге таба алмадық.
Р. Сыздықованың «Сөздер сөйлейді» атты еңбегінен.