Махамбет ақынның Баймағамбет сұлтанға айтқан атақты сөзінде:
Еділді көріп емсеген,
Жайықты көріп жемсеген,
Таудағы тарлан шұбар біз едік, — деген жолдар бар. Мұндағы емсеген сөзінің түбірі еңсеу, аңсау — бір нәрсені қатты қалау, тілеу, құмарту. 1912 жылы Қазанда шыққан "Ақын" атты кітапта:
Адыра қалғыр Көк Жайық,
Садағын сала байланып,
Астана жұртын айналып,
Ерлерім еңсеп келген жер, — деген жолдар бар. Осындағы еңсеу сөзі мен Еділді көріп емсеген деген сөз бір деп танимыз. "Шора батыр" жырында:
Тауда өскен тас түлек,
Еңсейді де жемсейді, — деп келеді.
Қазақ тілінде аңсау вариантында айтылатын бұл сөз өзге кейбір түркі тілдерінде, мысалы, қырғыз тілінде еңсеу түрінде айтылады. Ал аңсау вариантының қырғыз тіліндегі негізгі мағынасы "шөлдеу", "сусау". Бұл жерде ң мен м дыбыстарының алмасып келуі келесі тармақтағы жемсеген сөзіне ұйқасуынан болу керек. Өйткені бұл сөздің еңсеу варианты қазіргі қазақ тілі үшін түсініксіз: бейтаныстау сөздің тұлғасын өзгерте салу — тілде бар құбылыс.
Келесі жолдағы жемсеген сөзінің түбірі — жемсеу. Жем сөзіне -се жұрнағы қосылып жасалған. Көне -са, -се жұрнағы бір нәрсені қалау, тілеу мағынасын беретіндігі Махмуд Қашғаридан бастал көрсетіліп келеді. Мысалы, Махмуд Қашғари сөздігінде "ол сатқысы келеді" дегенді - сатсады деп, "су ішкісі келеді" дегенді сусады деп, "май жегісі келді" дегенді йағсады (йағ — көне түркі тілдерінде "май" деген сөз) деп көрсетілген. Сонда "жемсеу" — "жем жегісі келу" деген сөз болып шығады. Бұл да көне, сирек қолданылатын сөз.
Рабиға Сыздықтың "Сөздер сөйлейді" еңбегінен