ХV-XIX ғасырларда өмір сүрген қазақтың ақын-жырауларының өлең-толғауларында, бағзы заманнан келе жатқан мақал-мәтелдерде, сондай-ақ кейбір ежелден қалыптасқан сөз тіркестерінің құрамында бұл күнде аса көп қолданылмайтын, мағынасы күңгірт тартқан немесе мүлде түсініксіз көптеген сөздер бар. Сонымен қатар, қазірде жиі айтылатын актив сөз болғанымен, ертеректе беретін мағынасы басқаша болған атаулар да жоқ емес. Ендеше, ұмыт болған, мағынасы көмескіленген ескі сөздерді қайта жаңғырту үшін сөздер сөйлейді.
Батырлар жырларындағы сұлу қыздың образын бергенде, оны шашын дынданмен тараған деп келеді. Мұндағы дындан сөзі "тарақ" дегенді білдіреді, бірақ мал мүйізінен жасаған жай тарақ емес, піл сүйегінен жасаған қымбат әсем тарақ. Дындан парсы тілінде "тіс" дегенді білдіреді. Дәндәна сөзі бір нәрсенің, мысалы, тарақтың тісі немесе кішкентай тіс деген мәнде айтылады. Ал түркі тілдеріне енгенде бұл сөз тарақтың тісін емес, өзін білдіретін мағынаға ауысқан және жай тарақ емес, алыстан келген, сатып алатын қымбат тарақты атаса керек. Ұйғыр тілінде дындан сөзі "піл сүйегі" деген мағынадағы көне сөз деп көрсетілген. Қазақ тілінде бұл сөз дандан түрінде де айтылған болу керек. С.Қасиманов дандан піл сүйегінен істелген тарақ деп көрсетеді.
Р. Сыздықованың «Сөздер сөйлейді» атты еңбегінен.