ХV-XIX ғасырларда өмір сүрген қазақтың ақын-жырауларының өлең-толғауларында, бағзы заманнан келе жатқан мақал-мәтелдерде, сондай-ақ кейбір ежелден қалыптасқан сөз тіркестерінің құрамында бұл күнде аса көп қолданылмайтын, мағынасы күңгірт тартқан немесе мүлде түсініксіз біраз сөздер кездеседі. Сонымен қатар, қазірде жиі айтылатын актив сөз болғанымен, ертеректе беретін мағынасы басқаша болған бірқатар атаулар бар. Ендеше, ұмыт болған, мағынасы көмескіленген ескі сөздерді қайта жаңғырту үшін сөздер сөйлейді.
Дулыға/Тулыға. Бұл сөз қазақ тілінде көбінесе дулыға тұлғасында кездеседі және тарихи сөз (көнерген сөз - историзм) болып танылады, яғни бір кездерде бас киімнің атауы болып жұмсалғанымен, заттың өзі жоқ болып кеткендіктен, атауы да қолданыстан шыққан, тек ертеректегі өлең-жырлар мен мақал-мәтелдерде сақталған, қазір де образдар үшін пайдаланылатын немесе бұрынғы дәуірлерді суреттеген тарихи шығармаларда кездесетін көнерген сөз болып қалған. Бұл, сірә, түркі-моңғол тілдеріне ортақ сөз болар, өйткені "оқ өтпейтін металдан жасалған бас киім (каска, шлем)" мағынасындағы "дулыға" сөзі моңғол тілінде де бар. Мұнда тіпті "дулыға кию" мағынасында дулгала(х) етістігі бар.
Сөздіктердің аудармаларына қарағанда түрік, шағатай, ұйғыр тілдерінде бұл атау тулға, тулыға, тауылға туқлуға тұлғаларында "каска, шлем" мағыналарында қолданылатынын Л. Бугадов көрсетеді.
Қазақтың ертеректегі тілінде дулыға/тулыға сөзі алдымен батыр (жауынгер) киетін, "оқ өткізбейтін, яғни металл қапталған бас киім" мағынасын берген. Мысалы, мұны "Қамбар батыр" жырындағы:
Құрама болат дулыға
Шекесіне қояды, –
деген, әрі батыр, әрі жырау Доспамбеттің:
Туған айдай нұрланып,
Дулыға кидім – өкінбен, –
дегендері дәлелдейді. "Дулыға кию" – батырлықтың символы. Шалкиіздің:
Дулығамның төбесі
Туған айдай болмаса,
Батыршылық сүрмен-ді, –
дегенінде немесе "Ер Көкше" жырындағы батырдың портретін беретін Дулыға сыймас шекелі дегендерінде дулыға сөзі образ үшін, батырлықтың иесін білдіретін символ ретінде келіп тұр. Бұл образды ХІХ ғасырда жаугершілікті жырлаған, өзі де батыр-жауынгер Махамбет ақын да еркін пайдаланды. Исатайдың портретін бергенде, оның ұрысқа кіретін қолбасшы екенін білдіру үшін "дулығасы басында" деген образды пайдаланды.
"Қобыланды" жырындағы Қарлыға қыз да батыр, ұрыс адамы, сондықтан ол да:
Буыны түсіп былқылдап,
Алтын қалпақ тулыға
Шекесінде жарқылдап... –
көзге түседі. Мұнда дулығаның бас киім екендігін қалпақ сөзімен айқындай түссе, әрі металдан жасалған, әрі әсем (алтын жалатқан) бас киім екенін жыршы шебер келтірген.
Сөз түбірін кесіп айту қиын, дегенмен түбірі моңғолдың "адамның төбесі" мағынасындағы зулай/дьулай сөзі болуы да мүмкін деген ойға келеміз. Дулыға сөзінің этимологиясын да әрі қарай іздестіре түсу қажет деп санаймын.
Р. Сыздықованың «Сөздер сөйлейді» атты еңбегінен алынған.