ХV-XIX ғасырларда өмір сүрген қазақтың ақын-жырауларының өлең-толғауларында, бағзы заманнан келе жатқан мақал-мәтелдерде, сондай-ақ кейбір ежелден қалыптасқан сөз тіркестерінің құрамында бұл күнде аса көп қолданылмайтын, мағынасы күңгірт тартқан немесе мүлде түсініксіз көптеген сөз бар. Сонымен қатар, қазірде жиі айтылатын актив сөз болғанымен, ертеректе беретін мағынасы басқаша болған атаулар да жоқ емес. Ендеше, ұмыт болған, мағынасы көмескіленген ескі сөздерді қайта жаңғырту үшін сөздер сөйлейді.
Быт-шыты шығу. Быт-шыты шықты, быт-шыт болды деген тіркестер тілімізде жиі қолданылады. Жалпы мағынасы да айқын – «күл талқан болды, парша-паршасы шықты» дегенді білдіреді, сондықтан бұның құрамындағы быты немене, шыты немене деп, жеке-жеке іздеп ойланып жатпаймыз. Тіпті әрі-беріден соң бұл екі сөз тырс-тырс, күрк-күрк дегендер сияқты еліктеуіш қос сөз болып көрінеді. Ал еліктеуіш сөздердің көпшілігінің дербес мағынасы болмайды, олар еліктеуден (естуден, көруден, сезуден т.т.) туған дыбыстар болып көрінетіні белгілі.
Мағыналы қос сөздердің әр сыңарының өз алдына лексикалық мазмұны (мағынасы) болатыны да белгілі. Быт-шыт(ы) қос сөзі көмекші етістіктерсіз жеке қолданылмағанымен, оның екі сыңары да мағыналы сөздер екені көрінеді. Быт(бут) сөзі монғол тілінде өзімен тіркескен етістікке «барынша, мүлде» деген сияқты мән беретін, орыс тілінің раз-/рас- приставкаларының қызметіне ұқсас келетін үстеу сөз екен. Мысалы, бут цохи(х) «талқанын шығару, әбден ойрандау», бут ниргэ(х) «күл-талқан ету» деген мағыналарда қолданылады. Тегі, қазақша күл-талқаны шығу, күл-паршасы шығу дегендердегі күл сыңары да осындай қызмет атқаратын сияқты: талқаны шығу дегеннің орнына күл-талқаны шығу десек «мүлде талқандалу, быт-шыт болу» деген қосымша мәнмен атаймыз. Айырмасы монғолдың бут(быт) сөзі етістіктің алдында тұрса, қазақша күл деген есіммен тіркесіп барып көмекші қабылдап, күрделі етістік жасайды. Қазақ тіліндегі қос сөздердің мағынасы күңгірт сыңарларының түп-төркінін, семантикасын зерделеген Әбілбек Нұрмағамбетов те бұл қос сөзді талдаған. Ол бут сөзі монғол тілінде «күл-талқаны шығу» дегенді білдіреді деп сәл жаңсақтау көрсеткен; өйткені бут тұлғасы, біріншіден етістік емес, үстеу іспетті сөз, ол бір нәрсені әбден талқандау, ойранын шығаруды білдіретін сөздердің алдында келіп, оны күшейту, әсірелеу (тым, аса, әбден, өте, мейілінше, барынша деген сияқты) мән беретіндігін жоғарыда айттық. Монғол тіліндегі «1) бөлшектеу, бұтарлау; 2) шашу, шаып тастау; 3) қуып жіберу» мағыналарын беретін бутарла(х), «ұсақтау», «айыру» мағынасындағы бутархайла(х) етістігі де, «ұсақталу, ұнтақталу, шашылу» деген мағынадағы жұмсалатын бутра(х) сөзі де біз талдап отырған бут сөзімен реңктес сөздер сияқты. Сірә, қазақ тіліндегі бұтарлау, бытырау, бытырату, бытыранды сияқты етістіктердің түбірінде быт/бут/бұт сөзінің семантикасы бар деуге болатын сияқты. Демек, быт/бут/бұт түркі-монғол тілдеріне ортақ бірлік. Ал шыт сыңарына келсек, оны зерттеуші Ә. Нұрмағамбетов түркі тілдердің сібірлік тобындағы хакас тобындағы чіт- «жоқ болу, жоғалу» мағынасында қолданылатын сөз деп анықтайды. Демек, шыту етістігінің түркі тілдерінде «жоқ болу, жоғалу» мағынасы бар болса, қазақ тіліндегі шытынау сияқты сөздердің де мағынасы жағынан алтай түркілері тіліндегі шіт-/шыт- сөздерімен түбірлес болуы мүмкін.
Қысқасы, бұл – этимологиялық ізденістердің нысанасы. Ал қазіргі бізге керегі быт-шыт болды дегендегі қос сөздің екі сыңары да түркі-монғол тілдерінде жеке лексикалық бірліктер екендігі көрсету болды. Сөйтіп быт-шыт қос сөзін күл талқан, күл парша сөздерінің тепе-тең баламасы болар деп топшылаймыз.
Р. Сыздықованың «Сөздер сөйлейді» атты еңбегінен.