Бұршақ. «Қамбар батыр» жырында өзіне таласқан қалмақ ханы Мақтымды Қамбар жеңіП сұлатқан соң, қыз Лазымның (Назымның) көңілі орнына түседі, оны жыршы:
Мойнынан алған сықылды
Бұрынғы салған бұршағын, – деп суреттейді де, жырды бастырушылар мойнына бұршақ салу деген тіркесті былайша түсіндіреді: «Бұрынғы кезде басына қатты қайғы түскен адам тілек тілеп, мойнына тас байлайтын әдет болған: қайғысы жойылғанда мойнына салғанын алады екен» («Қамбар батыр», Алматы. 1957, 112-бет). Бұл жерде ескі наным-сенімге байланысты ритуалды дұрыс көрсеткен. Бірақ мұндағы бұршақ деп тұрғаны тас емес, бұл жері – қате. Шынында да, өте ертедегі діни наным-сенім бойынша тәңірден, әулие-әмбиеден бір нәрсені қатты тілегенде адамдар мойнына көбінесе шылбыр, арқан, жіп, белбеу сияқтыларды салатын болған. Оған «Қыз Жібек» жырындағы мына жолдар да дәлел бола алады. Сансызбай мен Қорен қалмақтың жекпе-жегінде Сансызбайдың мерт болмауын Жібек сұлу құдайынан тілеп:
Көксандалдың шылбырын,
Мойнына орап салады,
Бір құдайға зар етіп
Мінәжат қып тұрады.
«Қозы Көрпеш» жырында да:
Мойнына кісесін сап жалынды енді, – деген жолдарды оқимыз.
Ал бұршақ деген «көгеннің желісіне өткізілген, лақ, қозы байлайтын шағын бүлдірге жіп, бір жақ басы – түйіншек, екінші жақ басы – ескен жіптің тұйық ілмегі» (Қасиманов, 214). Демек, бұл жердегі бұршақ сөзінің аспаннан жауатын бұршаққа да, кішкене-кішкене құмалақтай (тастардай) нәрсеге де (мысалы, лобия бұршағы) еш қатысы жоқ. Сондықтан, бұршақ сөзінің орнына шылбыр, кісе сияқты өзге де «жіптердің» қолданыла алатынын жоғарғы мысалдар дәлелдейді.
Бұл сөз қазақ тіліндегідей мағынада қырғыз тілінде де қолданылады. Сонымен қатар мұнда бұршақ сөзінің екінші мағынасы және бары көрсетіледі. Ол жалпы мойынға ілінетін жіп (арқан), осыдан барып «тұтқында, қапаста болу» («неволя») мағынасы туған: бурчактан келу – освободиться из неволи (Юдахин, 162).
Рабиға Сыздықтың "Сөздер сөйлейді" еңбегінен