ХV-XIX ғасырларда өмір сүрген қазақтың ақын-жырауларының өлең-толғауларында, бағзы заманнан келе жатқан мақал-мәтелдерде, сондай-ақ кейбір ежелден қалыптасқан сөз тіркестерінің құрамында бұл күнде аса көп қолданылмайтын, мағынасы күңгірт тартқан немесе мүлде түсініксіз біраз сөз кездеседі. Сонымен қатар, қазірде жиі айтылатын актив сөз болғанымен, ертеректе беретін мағынасы басқаша болған атаулар бар. Ендеше, ұмыт болған, мағынасы көмескіленген ескі сөздерді қайта жаңғырту үшін сөздер сөйлейді.
Берен. Қазақ тілінің түсіндірме сөздіктері бұл сөздің көп мағыналы екенін дұрыс танып келеді. Бірақ мағыналарының көпшілігі бұл күнде ұмыт бола бастаған. Мысалы, көп томдық түсіндірме сөздік берен сөзінің бір мәні «қымбат, асыл мата» десе, екі томдық түсіндірме сөздік «гүл салып тоқылған масаты, жібек мата» дейді. Ал өткен ғасырда сөздік құрастырған Н. И. Ильминский берен сөзінің екі мағынасын көрсетеді: бірі – «ең жақсы барқыт», екіншісі – ең мықты болат. Біздіңше, Ильминскийдің түсіндірмесі нақты. Қазақтар берен деп жалпы жақсы матаны емес, ең жақсы барқытты атаған. Мақта матаны көбінесе мата деп, барқытты – барқыт, мақпал деп, жібекті – шұға, шәйі, атлас, масаты деп атағаны белгілі. Сондықтан, өлең-жырларда кездесетін берен сөзінің бір мағынасын «ең жақсы барқыт» деп түсінге жөн сияқты. Мысалы, «Қобыландыда»:
Байдың қызы жамылар
Масаты мен беренді.
Бұл сөздің Ильминский көрсеткен екінші мағынасынан ауысып, берік металл шығыршықтардан жасалған сауытты да, асыл болаттан жасалған семсер немесе қылышты да (кейде тіпті кездік, пышақтарды да) берен деп атағаны көбінесе ескі өлең-жырларда жиі ұшырасады:
Қынабынан суырып,
Қолына алды беренді...
Керегенде ақ берен
Мұны да белге шалады.
Берен сөзінің «болаттай мықты, күшті адам, асыл адам» деген үшінші ауыспалы мағынасы өткенде де, қазірде де жиі қолданылады. Мысалы:
Бөкенбайдай жас берен
Жылқыны іздеп барағасын...
Сансызбай атты жас берен
Толғана мойнын бұрады...
Тал бойында бір берен
Таба алмайды жарасар.
Соңғы мысалдағы берен сөзін осы жырды бастырушылар «ақылды» деп түсіндіреді, дұрысында бұл да жоғарғы мысалдардағыдай «батыр, мықты адам» деген мағынада жұмсалған сөз. Бұл сияқты әр кітапта әр түрлі (бір-біріне жуық болғанмен) түсіндірілуі берен сөзінің өткендегі қолданысының (мағынасының) көмескілене түсінгендігінен. Сондықтан, батырлар жырлары мен лиро-эпостарда Махамбет, Дулат сияқты ақындарда жиі кездесетін берен сөзін контекске қарай бес түрлі мағынада түсіну керек: 1) ең мықты болат, берік металл, 2) сол болаттан, металдан жасалған қылыш, семсер, кездік, қанжар, пышақ, т.б., 3) сауыт, көбе, 4) батыр, күшті, мықты адам, асыл адам, 5) ең жақсы барқыт.
Р. Сыздықованың «Сөздер сөйлейді» атты еңбегінен.