Байсал табу
Байсал сөзі қазіргі әдеби тілімізде жеке көп қолданылмайды. Ол не байсалды деген туынды сөз түрінде, не байсал табу, бойы байсал тарту деген тіркес түрінде келеді. Байсалды сөзі "сабырлы", "ұстамды", "байыпты" деген сын есім мағынасында көбінесе адамға байланысты айтылады. Ал бұл сөздің қазақ тіліндегі ертеректегі мағынасы адамға қатысты "сабыр" дегеннен гөрі, жалпы мәндегі "тыным, тыныштық" екендігі байқалады. Байсал табу деген тіркестің "тынышталу", "тыным табу", "тыну" деген мағынасы осыған саяды. Қазақ тілінде ертеректе "көш байсалды болсын" деген тілек сөз болған. Мұнда байсалды сөзі осы күнгідей "сабырлы, ұстамды" деген мәнде емес, "тыныш" деген мағынада келген.
Байтөбеті маңқылдап,
Байсал тауып үрген жер...
Көштің байсал тапқаны -
Көкорайға қонғаны.
Даудың байсал тапқаны -
Төрешіге барғаны (С. Сейфуллин), - деген сөздерде байсал табу фразасы "тыным табу" (орналасу, шешілу) дегенді аңғартады.
Бұхар жыраудың: "Байсалды үйге түсіңіз" дегеніндегі байсал сөзі де "тыныш", "ұрыс-керіссіз" деген мәнде. Демек, байсалды, байсал табу сөздері бұрынырақ қазіргіден өзгешелеу мәнде қолданылған.
Барым
"Алпамыс" жырында:
Талқан қып алды шаһарымды,
Талауға салды барымды, - деген жол бар. Мұндағы барым сөзін әдеттегі "қолымдағы бар нәрсені" талап әкетті деп түсінеміз де, барым сөзінің түбірі "бар" сөзі болар деп ойлаймыз. Ал шындығында барым сөзі көне түркі тілдерінде "мал" және "мүлік" деген екі мағынаны білдірген. Сонда бұл сөздегі "-ым" қосымшасы тәуелдік жалғауы емес, – жұрнақ. Жоғарғы сөйлем қазіргі тілмен айтсақ, талауға салды малымды немесе талауға салды мүлкімді деп айтылар еді. Қазақ тілінде бар малы деген тіркес о баста барым-мал болуы да мүмкін, сонда бұл - "бүкіл", "барлық мал" деген мағынаны емес, жалпы мал-мүлік деген жинақтау ұғымдағы сөз болып шығады. Қазақ тіліндегі мал-мүлік ұғымындағы барым тұлғасы ұмыт бола түскендіктен, кейде қысқарып бар түрінде де қолданылғаны байқалады.
Рабиға Сыздықтың "Сөздер сөйлейді" еңбегінен