Айпарадай. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырындағы Баян сұлу бір жерде:
Айпарадай ақ жүзім сіз көресіз, – десе, екінші бір жерде:
Айдай болған ақ жүзім көрмейсіз бе? – дейді. Жалпы түркі тілдерінде ай – әйел сұлулығының символы, әйел көркінің әдемілігін айға теңеу ежелден бар. Зерттеушілер орта ғасыр ескерткіштерінде ай сөзінің бір мағынасы «сұлу, әдемі, сұлу қыз» дегенді атайды. Тегі, бұл ай сөзінің ауыспалы мағынасы болар. Осыдан кейбір түркі тілдерінде, мысалы, қырғыз тілінде: «1. госпожа, 2. супруга» мағынасында айым сөзі пайда болғанға ұқсайды. «Жұбай» мағынасында айым сөзі қазақ тіліндегі жырларда да кездеседі.
«Алпамыс батыр» жырында:
Отаудағы айымдардың
Сөзден келер қайымдардың, – деген жолдар бар. Бірақ қазақ тілі үшін «жұбай», «әйел» мағынасындағы айым сөзі кәнігі емес. Өйткені өзге жырларда бұл сөз кездеспейді, ал «Алпамыс» жырында өзбек, қарақалпақ тілдеріне тән жеке сөздердің, тіпті грамматикалық тұлғалардың кездесетіні мәлім. Оның үстіне бұл сөз диуананың (диуана болып келген Алпамыстың) аузынан шыққан. Бірақ қайткенде де айым сөзінің «сұлу әйел», одан «сұлу жұбай», одан жалпы «жұбай» мағынасы бірқатар түркі тілдерінде бар екендігін аңғарамыз. Орта ғасыр ескерткіштерінде кездесетін ай йүз, ай йүзли, айтек (айтәк~айдай), толун айтек (толған айдай) сөздері әйелдің көркіне байланысты айтылған. Қазақ тілінде толған айдай жүзі > айдай ақ жүзі > айдай жүзі > ай жүзі деген сөздер сұлу қызды (әйелді) суреттейді.
Ал айпара не деген сөз? Түркі тілінде «ай сияқты жарқын» деген мәнде поэзияда қолданылатын айбар сөзі бар. Соған қарағанда, не қазақ тілінің өте ертеде өзінде болған, немесе өзге түркі тілдерінің поэтикалық дәстүрінен енген «айдай, айдай аппақ, ақ жүзді» деген мағынадағы айбар сөзі болғанға ұқсайды, кейін келе бұл сөздің орнын айдай, ай жүзді сөздері басып, айбар сөзі сирек қолданылатын, бейтаныс тұлғаға ауысып кеткен секілді. Соның нәтижесінде тіпті тұлғасы да айбара – айпара болып өзгертіліп айтылғаны байқалады. Ал айбар сөзінің этимологиясын (төркінін, құрамын) табу біздің бұл кітапшадағы міндетіміз емес, дегенмен бұл сөз айға барабар (парапар) тіркесінен ықшамдалып жасалуы мүмкін деп топшылауға болады. Барабар сөзі түркі тілдеріне парсы тілінен енген, мағынасы «тең, бірдей», сонда бұл – айға барабар > ай барабар > айбар болып әбден кірігіп біріккен сөздердің қатарына жататын тұлғалардың бірі. Түркі тілдерінде тұрақты тіркестер құрамындағы компоненттердің әр түрлі жалғаулар түсіріп айтылуы – бар құбылыс (айға барабар > ай барабар). Бірдей дыбысталатын буындардың біреуінің түсіріліп айтылуы қай тілге де жат тәсіл емес, сондықтан барабар сөзінің құрамындағы екі бар-дың біреуі түсіп қалуы ықтимал: ай барабар > айбара > айбар. Қазақ тілінде заман ~ замана деген сияқты сөз соңына а дауыстысын тіркеп айту дәстүрі айбар сөзін айбара дегенге айналдырған тәрізді. Түсініксіздеу тұлғаға -дай жұрнағы жалғанған сөздер қазақ тілінде молынан кездесетін құбылыс, осының нәтижесінде айбарадай ~ айпарадай сөзі пайда болған тәрізді, мұның қайткенде де мағынасы ашық: «ай сияқты жүз, айға тең ақ жүз, айға парапар ақ жүз».
Рабиға Сыздықтың "Сөздер сөйлейді" еңбегінен