ХV-XIX ғасырларда өмір сүрген қазақтың ақын-жырауларының өлең-толғауларында, бағзы заманнан келе жатқан мақал-мәтелдерде, сондай-ақ кейбір ежелден қалыптасқан сөз тіркестерінің құрамында бұл күнде аса көп қолданылмайтын, мағынасы күңгірт тартқан немесе мүлде түсініксіз көптеген сөз бар. Сонымен қатар, қазірде жиі айтылатын актив сөз болғанымен, ертеректе беретін мағынасы басқаша болған атаулар да жоқ емес. Ендеше, ұмыт болған, мағынасы көмескіленген ескі сөздерді қайта жаңғырту үшін сөздер сөйлейді.
Айласу. Шортанбай (ХІХ ғ.) ақында:
Ақын, шешен көрсем деп,
Айласпаңдар мендейге, –
деген жолдары бар. Мұндайға айласу етістігі жалпы қолданыста, яғни әдеби тілімізде жоқ мағынасы көпшілікке түсініксіз сөз. Оны диалектолог мамандар Қостанай облысысынң Жанкелді ауданында (үйлесу, ұқсау" деген мағынада жұмсалатын жергілікті сөз деп табады. Шортанбай – өмірінің саналаы жырларында Арқада, Қарағанды, Кереку өңірлерінде жасап өткен ақын. Демек, айласу сөзі тек Қостанайдың бірер ауданында емес, ілгеріректе бүкіл солтүстік, орталық Қазақстан өлкесі тұрғындарының тіліне тән болған сөз деп тануға болады. Айласу "ұқсау" деген мағынада бұрын жалпы қазақ тіліне тән сөз болуы мүмкін. Дегенмен сөз мағынасы мен түп-төркінін әлі де іздестіру қажет.
Р. Сыздықованың «Сөздер сөйлейді» атты еңбегінен.