ХV-XIX ғасырларда өмір сүрген қазақтың ақын-жырауларының өлең-толғауларында, бағзы заманнан келе жатқан мақал-мәтелдерде, сондай-ақ кейбір ежелден қалыптасқан сөз тіркестерінің құрамында бұл күнде аса көп қолданылмайтын, мағынасы күңгірт тартқан немесе мүлде түсініксіз біраз сөз кездеседі. Сонымен қатар, қазірде жиі айтылатын актив сөз болғанымен, ертеректе беретін мағынасы басқаша болған атаулар бар. Ендеше, ұмыт болған, мағынасы көмескіленген ескі сөздерді қайта жаңғырту үшін сөздер сөйлейді.
Айбар. Махамбет ақын Исатайдай қолбасшысының портретін бергенде:
Құландай ащы дауыстым,
Құлжадай айбар мүйіздім! —
дейді. Мұндағы айбар сөзі қазірде айбат, айбын, ызбар сөздеріне мағыналас деп танылады. Бәрінде де "қорқытатын, сұс көрсететін" деген мән бар. Тегі, бұл сөздер мәндес болғанымен, олардың поэтикалық образ жасаудағы салмақтылығы бірдей еместігі байқалады. Қырғыз тілінде айбар сөзі сұс көрсететін, таяныш-тірек ететін нәрсе мағынасында жұмсалады да, айбат сөзінен ("қаталдық, қорқынышты түр") бірсыпыра ажырап тұрады. Сірә, қазақ тілінде де бұл екі сөз таза синонимдер емес, яғни мағыналары бірдей емес.
Айбар бұл күнде сирек қолданылады. Ол көбінесе образ жасайтын элемент ретінде келеді: құлжаның қарағайдай мүйізі, дағарадай мүйізі демей, айбар мүйізі десе, соңғы тіркестің образдық бояуы әлдеқайда бөлек болып шығады. Айбар мүйіз жай ғана қорқытатын сұсты мүйіз емес, сүйсіндіре, имендірер пішіндегі мүйіз. Бұл тексте құлжа сөзінің өзі образ жасап тұр: құлжа — арқар, ол адамзат пен ит-құс, анау-мынау аң мекендей алмайтын қия-құз, тау-тас сияқты қиын-қысталаң ортада өмір сүре алатын әрі күшті, әрі еркін жануар. Сондықтан ол — күштіліктің, еркіндіктің символы. Сөйтіп, айбар — көбінесе поэтикалық образ жасауға қатысатын, сирек қолданылатын сөз.
Р. Сыздықованың «Сөздер сөйлейді» атты еңбегінен.
Ұқсас жазбалар:
Сөздер сөйлейді. «Майдан»
Сөздер сөйлейді. «Даңға шығу»